22:26 Абай әлемі | |
«ҚИЫСТЫРЫП МАҚТАЙСЫЗ...» Абайдың 1889 жылы жазған өлеңі. Әрқайсысы 4 тармақтан тұратын 12 шумақ. Махаббат жырларын мейлінше мол да, шабыттана жазған ақын бұл өлеңінде тағы бір соны қырын танытып, шығармасын өңге туындыларына ұқсатпай, басқаша етіп өрнектеген. Бұл бір-бірін ұнатқан жастардың әшейіндегі жайма-шуақ, құмарлығын білдірген сүйіспеншілік хаты емес. «Айттым сәлем, қалам қас...» туындысындағы сияқты именшек қыз үшінші біреу арқылы хат жолдап, жан сырын ашады. «Бізде ерік жоқ өзің біл, әлде неге бастайсыз» деп, бар үмітін, арман-тілегін, болашағының тізгінін жігітке ұсынатынын білдіре отырып, тастап кетпейсің бе, тілегімді бересің бе деген сияқты қаупін де жасырмайды. Өлеңнің әр тармағынан жолы жіңішке қыз байғұстың кіріптар қалпы, әдет дәстүріне айналған басыбайлылық райы аңғарылады. Бірақ сонысына қарамай мұнда ақынның «Қор болды жаным...», «Сен мені не етесің?..» сияқты өлеңдеріндегі ғазелге тән мұң-шер атымен жоқ. Қайта «Сіз – жалын шоқ, біз – бір май», «Сіз – бір сұңқар шаһабаз», «Біз – қырғауыл, сіз – тұйғын» деген секілді көңіл көтеретін ойнақы теңеулер жиі кездеседі. Бұлар ақын өмір сүрген заманның жастары. Олардың өмірге құштарлығы, бір-біріне деген ғашықтық сезімдері атой салып-ақ тұр. Ынтықтық пен нәзіктік егіз өрілген. Сол пәк, таза сезімді ақын сырлы да сұлу тілмен барынша айшықты жеткізеді. Және соның барлығы а халықтың күнделікті тіршілігінде пайдаланып жүрген үйреншікті табиғи ұғымдар. Өлең 7 буынды қара өлең ұйқасымен жазылған. Тілі өрнекті, ойнақы. Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Абай Құнанбайұғылының өлеңі» деген жинақта жарияланды. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 0 | |
