22:57
Абай әлемі

«ҚОР БОЛДЫ ЖАНЫМ...»

Абайдың 1889 жылы жазған өлеңі. Әрқайсысы 6 тармақты 4 шумақтан тұрады, көлемі 24 жол. Абайдың ең мол қалам тартқан тақырыбы – адам сезімі, махаббат болса, бұл өлеңінде сүйген жарына қолын жеткізе алмаған, махаббат азабын тартып, жүдеген жанның кейпі сомдалады. «Сен мені не етесің?» өлеңімен мазмұндастық, ой сабақтастығы сезіледі. Абай лирикасына тән ішкі динамика, ой тереңдігі, сезім мөлдірлігі мұнда да айқын көрінеді. Оқырман лирикалық қаһарманың жүрегін жаралап, жігерін жасытқан ыстық сағынышқа шүбәсіз иланады. Оның кейіпкері ғашығының бірауыз сөзіне зар болып, қаншалықты қамықса да егілмейді, үмітін үзбейді. Абай өлеңдерінен аракідік кездесіп қалатын тағдырға мойынұсынушылықтың, жақсы-жаман атаулыны тағдырдың ісі деп санаушылықтың да нышаны байқалады. Өлеңнің сыртқы пішінінде жаңалық бар. оның шумақ, буын, ұйқас өрнектері қазақ өлеңінің дәстүрлі үлгілерімен үйлеспейді. Шумақтардың алғашқы 4 жолы шалыс (-а, -б, -а, -б) ұйқасады да, негізгі ойдың түйіні өзара ұйқасқан соңғы 2 тармақта беріледі. Әр тармақтағы буын сандары да әр қилы: тармақ бойынша алғанда ол 5/7, 5/7, 6/6 түрінде аралас буын болып келеді. өлең алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғылының өлеңі» атты жинақта жарияланды. Ақын бұл өлеңіне ән шығарған. Әнді А.В.Затаевич 1930 жылы жазушы С.Мұқановтан Мәскеу қаласында жазып алып нотаға түсірген. Әннің бұл үлгісі Осман Қашағановтан жазып алынған түріне ұқсас.

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 8 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: