22:42 Абай әлемі | |
«ҚУАТЫ ОТТАЙ БҰРҚЫРАП...» Абайдың 1898 жылы жазған өлеңі. Әрқайсысы 6 тармақты 3 шумақтан тұрады. Туындыда ақын өзінің бүкіл поэтикалық мұрасына арқау етіп өрген өлең сөз өнерін қастерлеу, халық санасын оятудағы сөздің құдіретін дәріптеу тақырыбын қозғайды. Қалың бұқараны қараңғылық қапасынан алып шықсам деген арманның жетегіне ерген гуманист – абай сөзді соған жетудің қуатты қаруы деп білген. Осы тұрғыдан алғанда өлең Абайдың «Сегіз аяқ», «Білімдіден шыққан сөз» сияқты шығармаларымен идеялас, үндес, тұғырлас. Ақын мұнда «уәзінге өлшеп тізілген», айналасы теп-тегіс жұмыр келген сымбатты өлеңнің бойында оттай алаулаған қуаттың бұғып жатқанын, әттең, осынау құдіретті сөздің надан адамға қадірі әлі де жетпей отырғанын өкіне, ашына айтады. Ақын суреттеуіндегі өлең көк бұлттан үзіліп түскен найзағайдай өткір. Сондай-ақ, өлеңде тіліп түсер тілді қару етіп, жұртты ояту жолында айқасқан батыр ойдың бейнесі бар. Әйтсе де ақынның негізгі айтар ойы бұл емес. Абайдың бұл өлеңде алға қойған нысанасы – заман келбетін көрсету, надандық құрсауындағы ел тіршілігінен хабар беру. Қанша шайқасса да өзінің дәрменсіз екенін өкіне мойындаушылық сезіледі. «Бойда қайрат, ойда көз, Болмаған соң айтпа сөз» деген идея мұнда да негізгі мәселе ретінде көрінеді. «Оянбай, қайран жұрт, Ұялмай қал жым-жырт» дейді ақын. Өлеңдегі әр шумақтың алғашқы 4 жолы 7,8 буынды, шалыс ұйқасты өлең үлгісінде, бұдан кейінгі қос жол 6 буыннан құралып, өзара ұйқасады. Лағаш рет Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғылының өлеңі» атты жинақта жарияланды. Мүрсейіт қолжазбаларында да бар. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 0 | |
