23:38
Абай әлемі

«МӘЗ БОЛАДЫ БОЛЫСЫҢ...»

Абайдың 1889 жылы жазған өлеңі. Әрқайсысы 4 тармақты 12 шумақтан тұрады. Мазмұны, мәні жағынан ақынның «Болыс болдым мінекей...» шығармасымен үндес, сарындас. Өлеңде болыс болған қазақтың мінез-құлқы үшінші жақтан суреттеледі. Ақын болыстың қолымен жасаған нақты ісін ғана емес, сонымен қатар оның көп сырын бүгіп, бүркеп жатқан ішін де ашып көрсете отырып, адам мінезін ашудың ұтқыр да ұтымды тәсілін шебер пайдаланады. Ұлық арқаға қақса, мәз болып, иығына шекпен жапса, шат болып, әр жерде жоқты-барды шатып, күпініп, қампайып, шалқып жүрген болыс әлдебір қуанышы үшін үй-ішін, ауыл-аймағын түгел әурелеп, әбігерге түсіреді. Ол ісі оңға басса, күлмеңдеп, елең қағып, көзін аспанға еліртіп әуреленіп-ақ қалады, қасқайып, мақтанға салынады, бас пайдасы, құлқын қамы үшін біреулерді қақпанға түсіруді ойлайды, оның жөні келіп ел ішінен бір дәмдіні татып, өңеші майлана қалса, қолын шапалақтап жас баладай қуанады. Болыстың ісі әлгіндей болып суреттелгенде, оның қуанышының түрі мынадай түрде айшықталады. Ақын болыстың ісі мен ішін бірде жарыстырып, бірде даралап әрі саралап көрсетіп алған соң, оны өз тарапынан бағалауға ауысады. Болыстың жаман қылықтарын оқырмандарының көз алдына көлденең тартады да, ақын ойлы жанға болыстан да, оның ықпалынына да алыс болуға кеңес береді. «Миың болса, жолама, Бос желігіп шапқанға» дей келіп, жамандықтан қашқанның жаман болмайтынына мегзейді. Өлеңнің соңында өзіне-өзі мәз болып, өз буына өзі піскен надан болыстың өзге түгіл, өзінің табан жолына да жарығын түсіре алмайтын қараңғылығына, оның ісінің де, өзінің де баянсыз, опасыздығына білім нұры, ғылым жарығы қарама-қарсы қойылады.

Өлең шалыс ұйқасты үлгіде жазылған. Алғаш 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны ибраһим Құнанбайұғылының өлеңі» атты жинақта жарияланды.

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 13 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: