09:14 Абай әлемі | |
«МЕН ЖАЗБАЙМЫН ӨЛЕҢДІ ЕРМЕК ҮШІН...» Абайдың 1889 жылы жазған өлеңі. Әрқайсысы 6 тармақты 5 шумақтан тұрады, көлемі 30 жол. Абайдың поэзия, оның мәні жөніндегі ой-пікірлерінің тың түйіні, бұған дейінгі жазылған «Базарға қарап тұрсам, әркім барар», «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол» сияқты шығармаларындағы эстетикалық көзқарасының кемелді көрінісі. Бұл шығармаларында Абай ақындықтың ауыр міндетін, ақын атанудың алғышарттарын аңғартқан еді. Сөздің патшасын, сындарлысын дарияның тереңіне сүңғгіп, ақық-маржан іздеушідей түн қатып толғататын, тұңғиық ойға шоматын даналардың ғана таба алатынын айтқан. Яғни ақын ақыл сөзін қаындарға арнаған-ды. «Сөзді ұғар осы күнде кісі бар ма?» леп, парасатты оқырманы жоқтығына налыған болатын. Ал бұл өлеңінде Абай әрі оқырман-тыңдаушыларына, әрі ақындарға қарап сөйлейді. Сын мен пікірін нақтылай айтуға ойысқан. М.Әуезовтің айтуынша, бұл өлең Абайдың «тек бір өз басының ақындық жолындағы ізденуі ғана емес. Мұны ақындық жайында өзгеше мәні бар өлең деп ұғынуымыз керек». Оны ақын өз айналасындағы «өлеңі бар, өнерлі інілерінің» кейбір шығармаларын оқығаннан кейін, соларға жөн-жоба көрсетіп, сын ескертпелер жасау ниетімен тудырған. «Сөз айттым «әзірет Әлі, айдаһарсыз» дегенде көп ақындардың, оның ішінде Көкбай Жаңатайұлының пайғамбарларды, дін таратушы қаһармандарды мадақтайтын қиссалар жазуға тым әуестігін, «Бізде жоқ» алтын иек, сарыала қыз» дегенде жеке ақындардың жылтырақ сөздерге әуестігін, Әріп Тәңірбергеновтің «Зияда-Шамұрат» дастанында қызды «иегі алтын, көзі гауһар» деп, әлем-жәлем етіп суреттегенін, «Кәрілікті жамандап өлім тілеп» дегенде Шәкерім Құдайбердиевтің заңды түрде келетін кәрілікті даттағанын қағытып мысқылдаған. Ақын өлең сөзді кімге арнауды, кімге айтуды ескертеді: тасырға айтпай, «көңіл көзі ашық, көкірегі сезімді», сергек те талаптыларға айтуды қалайды. Оның өсиеті – күле тыңдаған парықсыздарға сөзіңді қор қылма! «Қызшыл», «қызықшыл» әуейілерге жолама! Арсыздық пен ақылсыздықтан, шарусыздық пен маскүнемдіктен аулақ бол! Мұның үстіне Абай бұрынғы «сөз түзелді, тыңдаушы, сенде түзел» деп жалпылай айтқан ақылын аша түскен. Түзелу үшін не істеу керектігін көрсеткен. Оқырмандарына өлең-жырды жұртқа ақыл айтып, кеңес берудің, үлгі-өнеге көрсетудің, қырсық, қиянатқа қарсы күресудің құралы деп ұқтырған. Жақсы сөзді жастай тыңдап жаттық, әсері қызыл сөзге құлай қалма, сөздің сыртына сенбе, ішіне үңіл, мазмұнын біл, оның тереңін ізде, сөздің қадір-қасиетін сонда ұғасың деп кеңес береді. Өлең алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғылының өлеңі» атты жинақта жарияланды. Ұйқасы –б, -а, -а, -в, -а, -г, -а болып келеді. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 0 | |
