22:59
Абай әлемі

«ОРЫНСЫЗДЫ АЙТПАҒАН...»

Абайдың 1895 жылы жазған өлеңі. Көлемі 26 жол. Халқына зор пайдасын тигізеді деп үміт артқан баласы әбдірахманға арнаған. Сүйікті перзентінің адамшыл, көпшіл ерен қасиеттерін сыншыл көзбен әділ көрсеткен. Кім еді Әбдірахман? Қандай қасиеттері, кісілігі бар еді? Әке – балаға сыншы. Сұлу кескінді, әдемі бала әкенің көз алдында өсті. Әке тәрбиеледі, өзі өсірді. Қас-қабағына қарап, мол мерейден мүлт жіберген жоқ. Қыран бүркіттей қияға салды, биікке ұшырды, тарлан тәрбие, шалқар шабыс берді. Бойында адамға біткен асылдық бар еді. Орынсыз, артық, бос сөз сөйлемейтін, парасат, пайымы бөлек, өзі қатарлы жігіт желеңге ұқсай бермейтін. Тазалықты, адалдықты, туралықты ту етті. Сол жолға тайсалмай түскен, одан шегініп, ұнжырғасы түсіп, қиындық басқа келгенде аяқ тартпақ емес. Кісіге, жетім-жесірге, ғарып-қасірге жасаған жақсылығы да өзіне жарасымды, лайық, келісім тауып тұрды. Алыс-жақыннан аянған, алған жері жоқ. Кәпірлердің ортасында жүрсе де, бойын таза ұстапты, пенделік былықшылыққа жоламапты, арам-харам дегеннен ауыз да тимепті. Не деген тектілік бұл! Әбдірахманның өмір бойы іздегені, арман-мұраты ғылым, білім еді. Ол түрленіп, төре болуды ойлаған жоқ, әкім болуды аңсаған жоқ. Әр істе, әр жағдайда шындықты, адалдықты, махаббатты мойынға ілді. Махаббатты жоғары санады, оны жүз мың теңгеге айырбастаған жоқ. Оның жүрегі сондай үлкен еді. Өмірді, адамдарды тебірене сүйді. Ағайын-туған, жақынын жатша сыйлайтын, жақсы көретін. Көңіліне жақпаған істі, ұнатпағанын үндемей-ақ білдіруші еді. Адам жанын жақсы түсінетін. Достары көп еді. Олардан ештеңе аяған емес, қолы ашық болатын. Аз өмірінде өтірік, жалған сөйлеген емес. Қара қылды қақ жарған турашылдығы, шешендігі қандай дерсіз. Шіркін, асыл қасиеттерін айтып тауысу мүмкін бе! Өлеңде Әбдірахманның осы қасиеттері жырланған.

Өлең 7 буынды эпостық жырлар үлгісінде ауыспалы ұйқаспен жазылған. Алғаш рет ақын шығармаларының 1939 жылғы толық жинағында жарияланған.  

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 15 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: