10:41
Абай әлемі

«СЕНБЕ ЖҰРТҚА, ТҰРСА ДА ҚАНША МАҚТАП...»

Абайдың 1896 жылы жазған өлеңі. Әрқайсысы 4 тармақты 3 шумақтан тұрады. Өлең сол дәуірдің жалпы жұртына емес, көкірегі ояу, көзі ашық ойлы жанға арналған. Өзгені қанша мақтағанмен, ішіне қулық сақтап, сол өзі өлердей мақтап тұрған кісісін әбден әуре етіп, көз ала бере жалт беріп, тайып шыға келетін алдампаз туралы тақырыпты ақын әр жылдарда әр тұрғыда көтеріп отырған. Бұл өлең – ақынның осы саладағы ерекше туындысы: оның негізгі мазмұны алдампаз бен алдамшы уақыт жағдайында туып өскен ақжүрек азаматқа арналған. Ақын ұсынып отырған ғақылға сайсақ, кісіні биік мұратқа бастайтын, сол мұратқа жеткізетін ұлы күш оның өз бойында, сондықтан да адам жұрттың мақтау сөзіне ермей, өзіне, өзінің адал еңбегі мен ақылына сенуі керек. Мұрат биігіне адамды оның еңбегі мен ақылы ғана екі жақтап алып шығады. Сенгіштік, құмарпаздық, уайымшылдық, қызықшылдық – бұлардың қай-қайсысы да кісі серік қылатын қасиет емес. Шын асыл жүректің түбінде жатады сол асылды таңдаған адам жүрегінің түбіне терең бойлап, іздегенін тек содан ғана табады. Өлең мазмұнын ашып тұрған өзекті ой ақынның шығармашылық өнері жүйесінде әлеуметтік-эстетикалық категория биігіне дейін көтерілген еңбек, ақыл, жүрек секілді ұғымдармен ұштасады. Өлеңнің мағыналық-құрылымдық жүйесінде де ерекше поэтикалық сипат бар. Әр шумақ екі түрлі күрделі ойдан түзілген. Әрбір алғашқы екі тармақта ақын адамды әлдебір жағымсыз істен сақтандырып, оны істеуге тыйым салып отырғандай болса, әрбір соңғы екі тармақта белгілі бір істі істеуге, орындауға шақырады. Өлеңнің мағыналық-құрылымдық жүйесіндегі мұндай ерекшелік – Абайдың шығармашылық өнеріндегі басты поэтикалық өрнектердің бірі.

Өлең 11 буынды қара өлең үлгісімен жазылған. Алғаш 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғылының өлеңі» атты жинақта жарияланды.  

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 18 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: