18:23
Абай әлемі

«СЕН МЕНІ НЕ ЕТЕСІҢ?..»

Абайдың 1889 жылы жазған өлеңі. Әрқайсысы 7 жолдан соң бір қайрылып отыратын 14 тармақты 6 шумақтан тұрады. Ақын ел арасындағы айтыс-тартыс сәл бәсеңдеп, ағайынның өсек-аяңы мен әлеуметтік-рулық дау-шарынан аз да болса белі босаған сәтте қолына қаламын алып, бір ауық өмір жолын, жастық шағын, сүйініші де, күйініші де көп, махаббатқа толы өткен күндерді ой елегінен өткізіп, сол ыстық суығы тайталас келіп, жүрегін тебіретнкен сезімдерін, лүпіл қаққан көңіл-күйін жыр жолдарына түсірген. Бұл Абайдың өлеңді өндіре жазған, әсіресе махаббат жырларын шабыттан толғаған кезеңі. Тап осы 1889 жылдың өзінде ақын қаламынан «Ғашықтық құмарлық пен – ол екі жол...», «Сен мені не етесің?...», «Айттым сәлем, қалам қас...», «Қиыстырып мақтайсыз...», «Білектей арқасында өрген бұрым...», «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да...», «Қор болды жаным...» сияқты сүйіскен жастардың әнұраны, жар деп соққан жүректің жан айқайы дерлік, сезімге, сырға, үміт пен өкінішке толы тамаша жырлар жазды. Өлең осы топтағы шоқтығы биік, атйар ойы да, көркемдік құрылымы да өзгеше, соны дүние. Бұл сүйген жарынан қапылыста адасып қалып, ішқұса болған жанның қиналған, күйзелген сәттегі сан саққа жүгіріп, мың құбылған көңіл-күйі. Ол серттен тайған сүйіктісін опасыз деп қанша кінәласа да, жамандыққа, біржолата қол үзуге қимайды. Қанша қасірет шексе де «мен өлейін, сен сау-ақ бол» деп, шын сүйген асықтың айнымайтынын, шегінісіп қайтпайтынын білдіреді. «Сені көрсем, ләм-мим деп бір сөз айтар халім жоқ» деп, бәрін махаббатына жеңдіріп, алдағы күнге үміт артады. Бұл сүйіктісінен айрылып қалса да, оны көңілінен өшіре алмайтын, қалаулысын өмір бақи сүйіп өтетін, антына берік адамның сөзі, жан қалауы.

Өлең мазмұны ғана емес, түр жағынан да өзгеше, қазақ поэзиясында бұрын-соңды кездеспеген, әзірге табыла қоймаған жаңа үлгіде жазылған. Бұл Абай әкелген жаңа поэзияның соны ұйқасы. Одан Шығыс классиктері – Науаи, Сағди, Фзули, Хафиз үлгісі ғана емес, Еуропа, орыс поэзиясының, әсіресе М.Ю.Лермонтов лирикасының әсері айқын байқалады. Бұл өлеңнің құрылымдық түрін Абайдан соңғы қазақ ақындары да онша үлгі етіп, жалғастырып әкете алған жоқ.

Өлеңді Абайдың көңіл-күйі лирикасының қатарына жатқызсақ та, «Айттым сәлем, қалам қас...» пен «Қиыстырып мақтасыз...» деп аталатын шығармаларынан өзгеше, бұл ғашық жанның ғазелмен айтатын мұң-зары, эпистолярлық туындылардың қазақ топырағындағы озық үлгісі. Ақын өзінің құбылмалы, қобалжулы көңіл-күйін, айтпақ ойын дәл жеткізетін соны да шебер түр тапқан. Әр сөзіне ерекше мағына, салмақ салған Абай оны 14 жол сайын бір қайырып, керемет келісіммен үйлестірген. Ақын бұл өлеңінде тұңғыш рет әр жолдың буын, ырғақ өлшемдерін де өзгерткен: кейбір жолдар 4-5 сөзден құралса, белгілі бір заңдылықпен, 4-, 6-жолдарда бір сөзден-ақ келіп отырады.

Қазақ поэзиясында осындай жаңа түрді туғызған Абай сол тосын түрді қалың көпшіліктің қабылдау, халық ұғымына үйреншікті дүние етіп қалыптастыру жағын да ойластырылған сияқты. Осы мақсатпен оған әдемі ән шығарып таратқан. Бұл туындының әні де Абай заманында айтылып жүрген ән-күй әуендерінен өзгеше. Ән қазақ музыкасына лайықталған арнайы речитатитвтік өрнекпен шығарылған. Өйткені бұл өлеңнің әр сөзі, мазмұны, жалпы оқиғасы мен сарыны тек речитативтік музыканы ғана талап етеді. Өлеңнің өне бойындағы үй ішілік қақтығыс, екі адам арасындағы өкініш-өкпеге толы мұң-зар, шығарманың құрылымдық түрі ауызекі әңгіме қалпын, ерекше екпінділікті аңғартады. Сөйтіп өлеңнің сөзі мен музыкасы ғажайып үйлесіммен бірін-бірі толықтырып, қас шебердің қолынан шыққан әсем де келісімді, көз де, көңіл де тоймайтын асыл дүниеге айналған.

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 7 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: