12:03
Абай әлемі

«ТАЙҒА МІНДІК...»

Абайдың 1890 жылы жазған өлеңі. Әрқайсысы 9 тармақты 5 шумақтан тұрады. Мазмұнына, тақырып тегіне, сын-сырына қарағанда «Сап, сап көңілім» атты өлеңмен бңр бітімдес, екеуі де бір мезгілдің туындысы. Ой түсе бастаған сыншыл, әр талапты ақынның жастық толғауын танытады. Енді азаматтық санада өзіне жаң өр, өріс белгілеп отырған ойшыл жас бұл кезге шейін басынан өткен балалық пен бозбалалық, жігіттік шақтарын сынай шолып өтеді. Бір өзі емес, қазақтың жасының бәріне де ой сала, шіміркене жырлайды. Өлеңінде келтірген дәл деректі балалық суреттері, бозбалалық алданыш, жұбанышы, болымсыз тәрбие, шала сауаттылық, арзан әуейілік және солардың нәрсіз нәтижесіндей дайынсыз күйде үйлі-баранды өмір бастау – осының бәрін де ақын салқын оймен қатаң сынай келіп, оқу-тәрбиенің өзінше өрісін мақсат еткен бағыт байқатады.

«Қайын бардық,

Қатын алдық,

Енді тиді аз ғана.

Шаруа атандық,

Енді ойландық,

Қала берді бозбала.

Бұрынғы қайда?

Ойбайла –

Не пайда?»

деген соңғы жолдарында өткен өмір жолына өкіне қараған ширығуды танытады. Бұл өкініші – өзін-өзі қамшылап, намысты талапқа бет қойған, ізденген жігердің өкініші. Ақын тіл, теңеуде, өмірлік нақтылы деректерін тізіп теруде ақындық тың жаңа үлгіде жолын іздей бастаған өнерпаз сезіледі, шумақ, ырғақ, ұйқас құбылыстарымен де өлеңге жаңаша соны түрлер енгізуді мақсат еткен талабын көрсетеді. Өлең 5 буынды жыр үлгісінде жазылған. Туындының 1-,2-,4-,5-жолдары –а,-а,-а түрінде келеді де, 3-,6-жолдары –б,-б пішінде айқасып ұйқасады. Бұл ақынның қазақ өлең құрылысына енгізген жаңалықтарының бірі болып саналады. Өлеңнің түпнұсқасы Мүрсейіт қолжазбаларынан (1907,1910) алынып, алғаш рет С.Нұржановтың құрастыруымен 1916 жылы Орынборда жарық көрген «Абай термесі» атты жинақта жарияланды.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 20 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: