00:00 Абай әлемі | |
«ТАЛАПТЫҢ МІНІП ТҰЛПАРЫН...» («Онегиннің Татьянаға жауабы») Абайдың 1895 жылы жазған өлеңі. Әрқайсысы 4 тармақты 5 шумақтан тұрады. Өлең ақынның сүйікті ұлы Әбдірахман өліміне арнап шығарған жан тебіреністі жырларының бірі. Ақын өнегелі іспен өнер өріне құлаш ұрған жанның өжеттікпен алған биігін мақтан тұту арқылы сүйікті ұлының жарқын бейнесін жасайды. Петербургте білім алған баласының халық игілігі үшін қызмет ете алмағандығына құса болады. Дүние жалғанның опасыздығынан, құр сүлбесін сүйретіп шығып, өлексе өмір сүруге де болатындығын көкіректің пәлсапалық күңіренісімен дәлелдеді. Жалпы адамгершілік жолындағы небір қиян асулардың оңай еместігін және оған жалындаған жігер, топшысы берік төзім, ерінбей істер еңбек қажет екенін өлең жолдары арқылы өзгелерге өнеге ретінде ұсынады. «Талаптың мініп тұлпарын, Тас қияға өрледің, Бір ғылым еді іңкәрің, Әр қиынға сермедің...» - деген жолдардан Әбіштің бойындағы өжеттік көрінсе, екінші жағынан білімге, ғылымға деген құштарлық айқын аңғарылады. Өлең тұжырымынан қанша жерден қайғырғанмен тағдыр жазмышына еш қауқар жасай алмайтынын түсінген өкініш сезіледі. Өлең 6-8 буынды шалыс ұйқас үлгісімен жазылған. Алғаш ақынның 1933 жылы жарық көрген толық жинағында жарияланды. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |