11:05 Абай әлемі | |
ШОҚПАРДАЙ КЕКІЛІ БАР, ҚАМЫС ҚҰЛАҚ... Абайдың 1886 жылы жазған өлеңі. Әрқайсысы 4 тармақты 8 шумақтан тұрады. 1886 жылы тудырған өлеңдердің тақырыбы әр алуан екендігін көрсететін бір-екі өлең аттың сыны мен жазға арналған өлеңдер. Бұл шығармаларында Абайдың суретші-реалист ақын есебіндегі шеберлігі көрінеді. Аттың сыны – жаратылыстың жанды бір бейнесі болған бәйге атқа арналған өлең. Ғасырлар бойында мал өсірумен, көшпелі күйде тірлік еткен елдің ақыны аттың бағасын өзгеше түсінеді. Соның ішінде бәйге аттың орны мүлде бөлек. Ол қазақтың бағзы заманнан бергі ауызша әдебиетінде де сан алуан «қиял пырағы» болып жырланып келген. Абай өмір кешкен кезде де ат – ер қанаты жүйрік ат, әсіресе, қазақ білген жануардың ішіндегі адамға ең ыстығы, қадірлісі. Бірақ, осы аттың жайын сипаттағанда Абай тағы да реалист-суретші боп шығады. «Қақтаған ақ күмістей» деген өлеңінде онша орынды болмаса да, мұнда қолмен қойғандай, барлық сыны сырт сымбатынан көрінетін көліктің жайын Абай кекіл, құлағынан бастап түгел толық баяндап шығады. Бәйге аттың мүсінін сына санауда Абай үлкен білімділік, байқағыштық танытады. Ол әрі шебер ақын болудың үстіне, аса білгір саятшы, атсейіс сыншы боп шығады. Аттың бар мүсінін санап шығуда, әсем жырмен, үлкен шешендікпен шеберлеп сыпаттауда ақын қазақ тілінің осы жөніндегі мол байлығын да танытады. Өзге тілге аударуға аса қиын соғатын осы өлеңінде ақын сол тілдің бар мүмкіншілігін де өзгеше ұсталықпен пайдаланады. Жалғыз-ақ, атап айтатын бір жай, осы атты сынап отырушы адамның кейбір салт-саналық көзқарасы турасында болу керек. Ақын осы атты еңбекші көпшіліктің күнделік тіршілігіне қажет болған күш көлігі есебінде жырламайды. Және жорықта жансерігі ететін жауынгер көзімен де қарамайды. Өзі жүйрік, өзі берік, жуан, жуас, қолға түспес, жақсы атқа қарап отырған көз өзі де еңбекші адамның көзі емес. Атты, оның іс-әрекетінің үстінде көрсетпей, «белдеуде тыныш тұрса, байлап көрсек» деп, тек қана көлденең тұрғызып қойып, созерцание түрінде тыныш қана тамашалап отырған ақын көзін көреміз. Онан соңғы атап өтетін өлеңдік ерекшеліктің бірі – бұнда және де шындықтан тыс, қиялды теңеулер жоқ. Қонымсыз романтика, тұманды теңеулер сияқты сырт жатқан, жалған жамаулар жоқ. Өте нақтылы, шыншыл, дәлшіл үлгіні көрсететін, реалистік шеберлікпен толық шыққан көркем шығарма болады. Мамзмұнында ат жайын аса білгірлікпен дәл айтуды мақсат етіп алған шығарма өлеңдік құрылыста, сөздік байлықта, ақындық орамды шешендікте де біртегіс, тұтас келісімді танытады. Өлең 11 буынды қара өлең үлгісінде жазылған. Алғаш рет Қазан қаласында басылған «Князь бен Зағифа» атты жинақта (1897) жарияланды. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |