10:54
Абай әлемі

ІШІМ ӨЛГЕН, СЫРТЫМ САУ...

Абайдың 1889 жылы жазған өлеңі. Барлығы 28 жол. Жаны жалған адамның екі жүзді аярлығын  көріп, налыған шақтағы ақын көңіл күйінің бір алуан торығу кезін білдіретін лирикалық туынды. Ақын суреттеуінде құбылмалы мінез-құлықты адамдар басына іс түскенде баспақшыл, қаншама мүләйімсіп, мүсәпірсіп көрінесе де, өз қолына билік тиген кезде соншалықты озбыр да ожар. Өз үйінде отырып дауласқанда өзендей күркірейді, ал ісі түскен кісі алдында шау тартып, момақан бола қалады. Ұрлық пенен қулыққа келгенде байлаған бауын кесіп шығатын әккі. Бірақ, оларға қаншама жылпос, опасыз болсаң да, қайта кірер есікті қатты жаппа, байқа деген автордың ескертуі бар.

Өлең 7 буынды жыр үлгісінде жазылған. 1-шумағы шұбыртпалы ұйқас түрінде келеді де, кейінгі жұп жолдардың 2-тармақтары туындының ақырына дейін солармен жарыса ұйқасып, ырғақ екпіні қайталанып отырады. Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұлының өлеңі» атты жинақта жарияланды. Өлеңнің басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі. Мүрсейіт қолжазбаларында, 1945, 1954 жылғы жинақтарда 7-жол «Кісі алдына барғанда», 1909, 1957, 1977 жылғы жинақтарда «Кісі алдына кірбеңдеп», 1933, 1939 жылғы жинақтарда «Кісі алдына келгенде» болып берілген. Сондай-ақ, өлеңнің соңғы жолы Мүрсейіт қолжазбаларында «Керек жері бір бар-ау» делінген, ал кейінгі басылымдарда 1909 жылғы жинақ негізінде «Керек күні бір бар-ау» деп алынған. Өлең башқұрт, қарақалпақ, қырғыз, орыс, өзбек, татар, тәжік, түрікмен, ұйғыр т.б. тілдеріне аударылған.

Абай «Ішім өлген, сыртым сау» өлеңіне ән шығарған. Бұл ән қайғы-шерге толы, драмалық-психологиялық шығарма. Баян екпінмен, мұңмен орындалатын бұл ән мазмұныа сай ән характерін бірден білдіртеді. Дәстүрлі қазақ поэзиясында кеңінен өріс жайған, әсіресе, жыр жанрында 7 буынды өлең өрнегі негізінде шығарылған. Өлең тармақтарының буын саны бірдей бола тұра, қара өлеңге тән әуендік сазбен әндетіп айтуды қажет етеді. Әуен иірімінің кейбір интонациялары белгілі халық әні – «Бір бала» үндестігімен жақын. Әнді алғаш ХХ ғасырдың 20-жылдары басқа атпен А.В.Затаевич О.Қашағановтың айтуы бойынша нотаға түсіріп, 1925 жылы «Қазақтың 1000 әні» еңбегіне енгізген. «Айттым сәлем, қаламқас» атты Абай әндері жинағының (1984) құрамында «Татьяна сөзі» деген атпен берілген. Абай дәстүрлі жыр кестесі негізінде қара өлеңге тән әуен-ырғақ пен мелодиялық форманы синтездеп, өзінің жаңашыл шығармашылық дарынын таныта білген. Өте сирек орындалатын әндер тобына жатады.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 14 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: