12:22 Абай айнасы - рухани кемелдену | |||
ӘЛЕМ БОЛМЫСЫНЫҢ НЕГІЗДЕРІ ХАҚЫНДА Зерделесек, Абай ілімі бүкіл Абсолютті қамтитын болғандықтан, ол қазіргі қалыптасқан діни ұғымнан әлдеқайда кең жатыр. Бұның өзі Абай ілімі дін емес екенін және оны діни шеңберде қарастыруға болмайтынын көрсетеді. Бұл туралы Мұхтар Әуезовтің де жазып кеткені белгілі. Абай абсолюттік толық білім көзін ашып береді. Ойшыл мұрасын жүйелеу арқылы бұларды анық көруге болады. Ол білімнің құрамына мыналар жатады: Жаратушы, жан иелері, табиғат және олардың өзара қатынасын білдіретін жан иелерінің іс-әрекеттері, Жаратушы мен табиғаттың арасындағы қатынасты білдіретін уақыт. Сонда бұлар бүкіл болмысты қамтып, оның бес негізін береді. Абай бұл туралы өзінің отыз сегізінші қара сөзінде былай дейді: «Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпенен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады. Сонан соң ғана Алла тағаланы танымақтық өзін танымақтық, дүниені танымақтық, өз адамдығын бұзбай ғана жәліб мәнфағат[i] дәфғы мұзарратларны[ii] айырмақлық секілді ғылым-білімді үйренсе, білсе деп үміт қылмаққа болады. Болмаса жоқ, ең болмаса шала». Егер педагогиканы адам өмірінің мақсатына жету үшін балаға әуелі білім беру, сонан кейін сол білімді баланың бойына сіңіру арқылы іске асыру деп түсінетін болсақ, онда Абай осы сөздерінде педагогиканың негізін беріп отыр. Ең әуелі рухани білімді қабылдау үшін белгілі бір дәрежеге жету керек. Ол – ғылым, білімді махаббатпен көксерлік дәреже. Бұл – адам дәрежесі. Бала тәрбиесінің табысты болуы осыған байланысты. Егер бұл болмаса бәрі бос, ең болмаса оның нәтижесі шала. Абай осылай білімді қабылдау шартын береді. Сонан кейін қандай білім беру керек екенін айтып отыр. Осылай Абай мұрасын жүйелеу арқылы адам өмірінің негізгі мақсатына жету үшін рухани білімді және ол білімді пайдалану арқылы мақсатқа жету жолдарын да көре аламыз. Сопылар рухани жолдың білім алу бөлігін «шариғат» деп, ал оны іске асыру тәжірибесін «тарихат» деп атайтыны белгілі. Өмір мақсатына жету үшін Абай болмыстың мынадай негіздері туралы білім керек дейді. Біріншісі, Алла тағаланы танымақтық, бұл – Алла тағаланың жасампаз, жаратушылығын тану. Екінші, өзін танымақтық, бұл – адамның өз болмысын, яғни жан иелерін тану. Үшінші, дүниені танымақтық, бұл – қоршаған ортаны, бүкіл табиғатты тану. Төртінші, өз адамдығын бұзбайтын пайдалы және залалды істерді айыра білу, бұл – іс-әрекеттің мән-мәнісін, оны қалай және не үшін жасауды тану. Бесінші, уақыт. Уақыт туралы дәл осы арада айтылмаса да, оны ойшылдың отыз жетінші қара сөзі мен көптеген өлеңдерінен табамыз. Осы тұста «Бұл философиялық жүйе емес, тек қана ғылымды классификациялауға орай айтылған пікір немесе фәни өмірдің ғылым салалары» деген ойдың тууы да мүмкін. Бұған қарсы айтар дәлеліміз, біріншіден, қазақ даласында, Абай дәуіріндегі көшпелі елдің тұрмыс жағдайында ондай ғылым түрі туралы сөз қозғаудың өзі артық болар еді. Бұның өзі Абайдың «ғылым» деген сөзі қазіргі замандағы түсініктегі ғылым салаларын білдірмей, Алла тағала турлы ғылымды білдіріп тұрғанын көрсетеді. Сонымен бірге, Абай қара сөздерін көбіне діни адамдарға және медресе шәкірттеріне арнап жазған деген сөз бар, сондықтан ол ғылым ұғымын бүгінгі түсініктен мүлде бөлек қолданады. Оны өзінің осы ойын әрі қарай жалғастырған отыз сегізінші сөзінен де білуге болады: «Ғылым – Алланың бір сипаты, ол хақиқат, оған ғашықтық өзі де хақлық һәм адамдық дүр. Болмаса мал таппақ, мақтан таппақ, ғиззат-хұрмет[iii] таппақ секілді нәрселердің махаббатымен ғылым-білімнің хақиқаты табылмайды». Ойшылдың осы сөздерінен «ғылым» деп Алланың сипатын, яғни Абсолюттік ақиқаттың сипатын айтып отырғаны көрінеді. Абсолютті түсінуді жеңілдету үшін ол Оның сипатын бөліктерге, яғни рухани ғылым түрлеріне бөліп отыр. Бұлары Абсолюттің негіздері десек те болады. Осыларға ой жүгіртіп, бұл өмірде сезіну арқылы біз Алланы тани аламыз. «Болмаса жоқ, ең болмаса шала» деп Абай да осыны айтып отырса керек. Ал мал табу, мақтан табу, ғиззат-құрмет табу секілді материалдық өмірдің қызығына ұмтылу арқылы табылған ғылым-білімнің хақиқаты жоқ, яғни ол рухани емес дегенді білдіріп отыр. Бұл арадағы «ғылым» деген сөздің мағынасы руханилықта жатқаны осылай дәлелденсе керек. Екіншіден, болмыс көріністерін осылай жүйелеп, бөліктерге бөлу ислам дүниетанымында да бар. Исламда жүйенің бұл салалары діни ғылым ретінде талданады. Сонымен бірге, осындай әдісті Абайдың ғана емес, суфизм классигі әл-Газали шығармаларынан да көреміз. Абсолютті түрлі діндерге бөлуді қолдамайтын исламның жоғары деңгейінде тұрған сопылар және басқа да рухани жетілудің жоғары сатысында тұрған ғұламалар ойы да бұл концепциямен жақсы үндеседі. Себебі олар жетілудің жоғары деңгейінде болмыс көріністері материалдық көзқарас шеңберінен шығып, Абсолют деңгейінде бірігетінін мойындайды. Жиырмасыншы ғасырдағы ірі сопылардың бірі Хазрат Инайят Хан да осындай тұжырымды құптайды. Сонымен Абай мұрасынан бүкіл болмыстың мақсатын білеміз. Әлемдегі жан иелері өздерінің іс-әрекеттерінде табиғатты құрал етіп, уақыттың басқаруымен түпкі мақсатқа жетеді. Сөйтіп жан иелері қоршаған табиғатты пайдаланып, іс-әрекет арқылы Аллаға сүйіспеншілікке жету үшін Онымен қарым-қатынас жасайды. Ал іс-әрекет уақыт ықпалымен іске асады. Болмыстың осы бес негізінің іс-әрекеттен басқа төртеуі тұрақты. Іс-әрекет тұрақты емес, ол әсер ететін себепке байланысты өзгеріп отырады. Жаратушы, жан иелері, табиғат, мәңгілік уақыт және іс-әрекет туралы білімдер осылайша бүкіл болмысты қамтиды. Жәлел-ад-дин Руми бүкіл әлемді мекендеген жан иелері жетілу сатысының түрлі деңгейлерінде тұратынын жазады. Абай да сол дәстүрді пайдаланып, отыз сегізінші қара сөзінде адамның жанын хайуанаттардың жанынан артық етіп жаратқан деп, бұл әлемде адамзат орнының ерекше екенін көрсетеді. Адамдардың хайуанаттардан негізгі айырмашылығы – олардың ойлау қабілеттілігінде. Адамдар өмір мақсаты туралы ойлап, сол мақсатқа жету жолында әрекет жасай алады. Ал хайуанаттар тек табиғат берген инстинкт бойынша әрекет етеді. Сондықтан оларда адамға берілгендей еркіндік жоқ. Адамдардың хайуанаттардан негізгі айырмашылығы – оларға берілген еркіндік. Абай соған байланысты олардан сұраудың да мол екенін айтады. Ол сұрау себеп-салдар заңдылығы бойынша орындалады. Адамдар өз әрекеттері үшін себеп-салдар заңдылығы бойынша өмірдің жақсылығын не болмаса жамандығын көріп, өз әрекеттері үшін жауап беріп отырады. Адамдар хайуанаттардан өздерінің артықшылық мәнін түсіне отырып, берілген еркіндікті дұрыс пайдаланып, өмір мақсатына жетуге ұмтылуы керек. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| |||
|
Всего комментариев: 1 | ||
| ||