10:48 Абай айнасы - рухани кемелдену | |
АДАМ ӨМІРІНІҢ МАҚСАТЫ Әлбетте, дені сау, салауатты өмір кешіп, бұл өмірдің рақатын табу үшін әркім ең әуелі өмірдің түпкі мақсатын, яғни не үшін өмір сүретінін, анықтап алуы керек. Адамның барлық іс-әрекетінің сипаты, яғни оның көретін қайғысы да, рақаты да осыған көп байланысты болады. Абайдың рухани мұрасы адам өмірінің осы негізгі мақсатын көрсетіп қана қоймайды, сонымен бірге сол мақсатқа жету жолын, ол жолмен адаспай жүру үшін бүкіл болмыс негіздерін, яғни Жаратушы, жан иелері, қоршаған табиғат, дұрыс іс-әрекет жөнінде білім береді. Сонымен адам өмірінің негізгі мақсаты не? Бұл – әркімнің алдында тұрған негізгі сұрақ. Бұл сұраққа жауапты ұлы адамдардан бастап қарапайым адамдарға дейін бәрі іздейді. Шәкәрім Құдайбердіұлының әйгілі бес сұрағының ішінде де «Адамға тіршіліктің ең керегі не үшін?» деген сұрақ бар. Ол өзінің «Үш анық» шығармасында адам өмірінің түпкі мақсатын білу қажет екенін айта келіп, бүкіл адамзат тіршілігінің нәтижесі де осы сұрақ жауабын дұрыс табуға байланысты екенін білдіреді. Әрине, бұны түсінудің өзі қиын да емес. Қандай іс болса да адам баласы әуелі ол істің не үшін керегі барын білуі керек емес пе? Онда бүкіл өмірдің не үшін керегі барын білудің маңызы да ешқандай күмән тудырмаса керек. Бұл – жетілу жолындағы бірінші қадам. Адамға өмірдің не үшін керегі барын білген соң, енді оны іске асыру міндеті тұрады. Бұл – екінші қадам. Бірінші қадам – рухани білім алу, ал екінші қадам – ол білімді іске асыру. Бірінші қадам болмаса, екінші қадамның болмайтыны да белгілі. Сол сияқты, өмір негізгі мақсатқа бағытталмаса, бүкіл тіршіліктің мәні жойылады. Бұл – дұрыс жолдан бұрыс жолға ауысып, тіршіліктің шырғалаңына түсіп, өмірді босқа өткізу деген сөз. Бұл – бүкіл адамзат қасіретінің басты себебі. «Ей, бейбақ! Сен бұл жолмен Меккеге ешқашан да жете алмайсың, себебі бұл жол Түркістанға апарады», - деп сықақтап айтылатын сопылардың қанатты сөзі бар. Сол сияқты, алға дұрыс мақсат қоймаса адам адасып, оның барлық іс-әрекеті пайдасыз, өмірі мәнсіз болады. Осылардың барлығы қарапайым түсініктер болса да, іс жүзінде Шәкәрім атамыз қойған өмірдің негізгі сұрағына баршаға ортақ тұрақты жауап табу қиын. Оның да себебі бар. Ол өмірдегі негізгі мақсатты тауып, басқа қосалқы мақсаттарды сол негізгі мақсатқа бағындырудың қиындығында жатыр. Яғни өмірде негізгі мақсат және қосалқы мақсаттар бар. Дұрыс өмір сүру үшін қосалқы мақсаттарды негізгі мақсатқа бағындыра білу керек. Өмірді түсініп-сезіну деңгейі адамның жетілуіне байланысты әр түрлі болады. Олар – сезім мүшелері, ақыл-ес, сана һәм жоғары жетілгендер үшін рух арқылы сезіну деңгейлері. Сондықтан әркімнің ақыл-есіне және оған әсер ететін сыртқы себептер – қоршаған орта, саясат және сол сияқты қоғам өмірінің басқадай жағдайларына байланысты адамдардың түрлі мақсаттары болатыны белгілі. Бұл туралы Абайдың «Әркімнің мақсаты өз керегінде» дейтіні бар емес пе?! Ойшыл өмір базарында әркімнің мақсаты әр түрлі екенін былай деп білдіреді: Базарға, қарап тұрсам, әркім барар, Іздегені не болса, сол табылар. Біреу астық алады, біреу – маржан, Әркімге бірдей нәрсе бермес базар. Әркімнің өзі іздеген нәрсесі бар, Сомалап ақшасына сонан алар. Біреу ұқпас бұл сөзді, біреу ұғар. Бағасын пайым қылмай аң-таң қалар. Сөзді ұғар осы күнде кісі бар ма? Демеймін жалпақ жұртқа бірдей жағар. Жазған соң жерде қалмас тесік моншақ, Біреуден біреу алып, елге тарар. Бір кісі емес жазғаным, жалпақ жұрт қой, Шамданбай-ақ, шырақтар, ұқсаң жарар. «Ит маржанды не қылсын» деген сөз бар, Сәулесі бар жігіттер бір ойланар. («Базарға, қарап тұрсам, әркім барар», 1886) Ойшылдың осы өлеңінен көп нәрсені ұғуға болады. Біріншіден, бұл өмір әркімнің өз керегін іздеген базар тәрізді, сол өмір базарында әркім өзінің керегін іздейді. Біреу қарын қамын ойлап астық алса, біреу одан да жоғары мақсат іздеп маржан алады. Өмір базары әркімге бірдей нәрсе бермейді – әркімнің өзі іздеген нәрсесі бар. Оны өзінің қабілетіне, яғни қалтасындағы ақшасына, байланысты алады. Сатып алушы қалтасындағы ақшасы жетпей масқара болатыны тәрізді, өмір базарында да өзінің жетілу дәрежесі сай келмесе адам көздеген мақсатына жете алмай зардап шегуі мүмкін. Осылай әркімнің өзі жеткен дәрежені білуінің маңызын түсінеміз. Әрине, бұл сөздер жалпақ жұртқа бірдей жағуы мүмкін емес, сондықтан Абайдың терең ойларын дұрыс түсінбей, оған қарсы қаруласқан адамдар да болған. Ондай көріністерді бүгінгі күндерде де жиі көреміз. Себебі, терең сөзді ұғар кісі әрқашан да аз. Ақын осыны болжап айтып отыр. Сонымен бірге, ойшыл өлеңін біреуден біреу алып елге тарап, жерде қалмасына үміт артады. Біз де бұл жазғандарды әркім дұрыс түсініп қабыл алмаса да, жалпы жұртқа пайдасы болар деген үміттеміз. Бұл туралы ақын бір кісі емес, жалпақ жұртқа жазылғандықтан, кейбіреулерге бұл сөз ұнамаса да, шамданбай-ақ, дұрыс ұғуды сұрап, өлең соңында сөзін сәулесі бар жігіттерге арнайды. Данышпан өмір мақсатының қилы-қилы терең сырларын осылай түсіндіріп береді. (жалғасы бар) М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| |
|
Всего комментариев: 2 | |||
| |||