20:11
Аққулы (Лебяжі) ауданына – 80 жыл!

Әйтей / Ауылдық елді мекен, Жамбыл ауылдық округінің бөлімшесі. Ауылдық округ орталығы Жмбыл елді мекенінен 10 км қашықтықта орналасқан. Тұрғындардың саны 489 адам (1999) болған. Елді мекен тұрғындардың көбі – қазақтар – 425 адам. Елді мекен Кеңес өкіметінің негізін қалаған В.И.Ленин (1870-1924) құрметіне аталған – Ленин – Лена өзеніндегі саяси әрекеттерге байланысты таңдап алынған жалған есімі. 2006 жылы Ленин ауылына Әйтей батыр есімі берілді.

Әмірке базы / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Жамбыл ауылдық округінің мал жайылатын жері. Ауылдық округ орталығы Жамбыл ауылынан 12 км қашықтықта орналасқан. Тұрғындардың саны 17 адам (1970 жылы) болған. Әмірке базы – «Әміркенің базы (мал қорасы)» деген мағынада айтылады.

Бабай / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Жамбыл ауылдық округінің мал жайлатын жері. Ауылдық округ орталығы Жамбыл елді мекенінен 10 км қашықтықта орналасқан. Тұрғындардың саны 4 адам (1970 жылы) болған. Бабай «қадірлі ата-баба, қария» деген мағынада айтылады.

Байқадам / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Қызылағаш ауылдық округі «Бесқарағай» асыл тұқымды қой зауытыынң мал жайылатын жері. Ауылдық округ орталығы Бесқарағай елді мекенінен 3 км қашықтықта орналасқан. Тұрғындардың саны 60 адам (1970 жылы) болған. Елді мекен анропонимнен туындаған, атауын Байқадам қонысынан алған.

Баймұрат / Бұрынғы елді мекен, Жамбыл ауылдық округі құрамына кіреді. Елді мекен ХХ ғасырдың 70-жылдарына дейін болған. Топоним – ер адамның есімі, патроним, Бәсентиін-Сағынай руынан шыққан «Баймұрат тоғайы» атауынан алған және облыс картасында көрініс тапты.

Барқы / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Майқарағай ауылдық округінің мал жайылатын жері. Тұрғындардың саны 9 адам (1970 жылы) болған. Барқы – геноним, Уақ тайпасы ішіндегі Жансары руының тармағы. Мерғалым ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 6 км жерде орналасқан.

Батпақөткел / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Қызылағаш ауылдық округі «Бесқарағай» асыл тұқымды қой зауытының мал жайылатын жері. Ауылдық округ орталығы Бесқарағай елді мекенінен 28 км қашықтықта орналасқан. Тұрғындардың саны 11 адам (1970) болған. Батпақөткел – «батпақты өткел (өту)» мағынада айтылады.

Бәйімбет / Қоныс. Бәйімбет – антропоним, ер адам есімі, Бәсентиін руының бір тармағы атымен аталған. Шақа ауылдық округіне қарайды. Бұл жерде тарих ғылымдарының докторы, профессор, КСРО ҒА ЖМХ академигі, Абай атындағы ҚазҰПУ-нің ректоры Тоқмұхамед Сәлменұлы Садықов дүниеге келді.

Белгібай / Бұрынғы ауылдық елді мекен. Елді мекен ХХ ғасырдың 70-жылдарында жойылып кеткен. Өз атауын Белгібай орманшы адам атына байланысты алған.

Бесқарағай / Қызылағаш ауылдық округінің орталығы. Бесқарағайдың тарихи аталуы – «Шұңқыр су», сондай-ақ бертінге дейін «Көк үй» деген қосарлы атпен аталып келді.

Бесқұдық / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Ямышево ауылдық округінің мал жайылатын жері. Ауылдық орталығы Ямышево елді мекенінен 28 км қашықтықта оналасқан. Тұрғындардың саны 7 адам (1970 жылы) болған. Бесқұдық – сөзбе-сөз «Бес құдық», яғни «бір-біріне жақын орналасқан бес құдық» дегенді білдіреді.

Бруцеллез / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Майқарағай ауылдық округінің орталығы Майқарағай елді мекенінен 16 км қашықтықта орналасқан. Елді мекен бруцеллез ауруымен ауырған үй жануарларын ұстаған жердің атауымен аталған. Бруцеллез – бруцелл деп аталатын таяқшалар тәріздес бактериялар қоздыратын адам және үй жануарларында кездесетін ауру.

Восточный ауылдық округі / Округке Восточный, Тақыр, Тереңкөл ауылдары кіреді. 1999 жылғы есеп бойынша халқының саны 1175 адам болды. округтің орталығы – Восточный ауылы. 1954-1962 ж.ж. Павлодар ауданының, 1962-1963 ж.ж. Цюрупа, 1963-1965 ж.ж. Шарбақты ауданының құрамында болып, 1965 жылы қайтадан құрылған Лебяжі ауданының құрамына берілді. 1954 жылы тың игеруге байланысты ұйымдасқан жаңа кеңшардың Балатақыр көлінің етегінде Павлодар ауданының шығысында жатуы себепті Восточный аталған. 1957 жылы кеңшар құрамына Калинин атындағы ұжымшар, 1962 жылы Цюрупа ауданының Тельман атындағы ұжымшары қосылып, ірілендірілді. Шаруашылық ет-сүт өндәруге бағыт ұстады. 1975 жылы кеңшар Баймолдин атындағы болып өзгертілді. Осындағы орта мектеп те Әбілқайыр Баймолдин есімімен аталады. Тұрғын халқының 62,2 пайызы (2002) қазақтар. Кеңшар тарағаннан соң ауылдық округ Восточный атауын сақтап қалды. Тақыр – Ұлы Отан соғысының ардагері Әбілқайыр Баймолдиннің туған жері. Мұнда 30-жылдары Қазақ АКСР-нің 15 жылдығы атындағы ұжымшар ұйымдасты. Кейін, 1951 жылы, ол Тельман атындағы ұжымшар болып қайта құрылды. 1975 жылдан кеңшардың бөлімшесі болып, 432 тұрғыны болды. 2001-2002 оқу жылында Тақыр орталау мектебінде 87 оқушы білім алды. Тереңкөл – ауылдық округ құрамындағы тарихи жер. Ол ХІХ ғасырдың орта кезінде құрылған. Семей облысы Павлодар уезінің құрамындағы Тереңкөл болысының орталығы болды. Тереңкөл болысы 1928 жылы таратылып, Бесқарағай ауданының құрамына берілді. 1933 жылы Цюрупа, 1940 жылы Лебяжі аудандарының аумағына жатқызылды. Кеңшар ұйымдасқанға дейін К.Маркс атындағы ұжымшардың орталығы болып келді. Ауылды кілең қазақтар мекендедйі. 1961 жылы қазақ бастауыш мектебі ашылды. Восточный мен Тереңкөлдің арасы 24 километрді құрайды.

Веселый / Шақа ауылдық округінің бұрынғы ауылдық елді мекені. Қарағай орман арасындағы шалғынды, күн сәулесі мол түсетін жерде орналасқандықтан пайда болған атау.

Восьмой март / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Шақа ауылдық округі «Бесқарағай» орман шаруашылығының жазғы тұрағы. Ауылдық округ орталығы Шақа елді мекенінен 44 км қашықтықта орналасқан. Тұрғындардың саны 8 адам (1970 жылы) болған. Елді мекен 8 наурыз (1911 жылдан аталып келеді) – Халықаралық әйелдер күні, әйелдердің экономикалық, әлеуметтік және саяси теңқұқылығы үшін күресуде халықаралық келісім күні мерекесі құрметіне байланысты аталған.

Дәмелі гүрті / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Қызыләскер ауылдық округінің мал жайылатын жері. Ауылдық округ орталығы Қарақала (Черное) елді мекенінен шығысқа қарай 12 км қашықтықта орналасқан. Тұрғындардың саны 12 адам (1970 жылы) болған. Дәмелі – әйел адамның есімі, гүрті – «қой отары». Дәмелі гүрті – «Дәмелінің қой отары жайылатын (қоныс)» деген мағынада айтылады.

Донала / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Майқарағай ауылдық округінің мал жайылатын жері. Ауылдық округ орталығы Майқарағай елді мекенінен 50 км қашықтықта орналасқан. Тұрғындардың саны 6 адам (1970 жылы) болған. Донала атауын донала өсімдігінен алған (фитоним).

Дубровка / Бұрынғы ауылдық елді мекен, Ямышево ауылдық округінің бөлімшесі. Дубровка елді мекенін 1907 жылы қоныс аударушы шаруалар орманды жерде – емен тоғайында алған. 1926 жылғы бүкілодақтық халық санағы бойынша Семей губерниясы Павлодар уезі Крестьянский болысындағы Дубровский ауылдық кеңесінің Дубровка елді мекенінде 76 шаруашылық болған және 429 адам өмір сүрген (соның ішінде 221 ер және 208 әйел адамдар). (жалғасы бар)

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 419 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: