ИМАНДЫЛЫҚ ЖҰМАСЫ
«Өлі разы болмай, тірі байымайды» дейді дана халқымыз. Кез келген өмірдің басталуымен бірге жарығының сөнетін қимас сәті бар. Ол – жалғанның айнымас қағидаты, пәниден бақиға деген көпір. 13 сәуірде яки жұма күні ауыл тұрғындары Бесқарағай ауылының күншығыс жағында орын тепкен аруақтар мекені қабірстанды тазалауға арналған «имандылық жұмасы» ұйымдастырылды. Ауыл имамы Оспанов Жамбыл ақсақал мұрындық болған осынау шараға бірқыдыру бесқарағайлықтар бір адамдай ат салысты. Зираттың айналасы басы артық кірпіш қалдықтарынан, кір-қоқыстан тазартылуымен ғана шектелмей, зират ішінде ұзақ уақыт бойы жиналып қалған қоқыстар да имамның қырағылығымен ретке келтірілді. Екі сағатқа созылған тазалау жұмыстары нәтижесінде бір жүк көлігіне бара-бар қоқыс ауылдан тыс жерге тасымалданды. Шараның соңында ақсақал имам имандылық жұмасына қатысқандарға аят-дұға оқып, аруақтар алдында парызды өтеді.
Просмотров:
1249
|
Добавил:
shakhibbeker
|
Дата:
15/04/2012
|