12:42
Жады-нама

МИДЫҢ ЖЫЛДАМДЫҒЫ

 Нейрондар ешқайда асыққан емес, сонда да өте жылдам жұмыс істейді. Артық ақпаратты беріп жіберу деген атымен жоқ. Миллард нейронның бәрі сен үшін жұмыс істейді. Олар бір-біріне кедергі жасамай, жылдам, дәлме-дәл жұмыс істегені соншалық – оның бірін де байқамайсың.

Адамға бес сезім мүшесі арқылы секундына 400 миллиард бит ақпарат келеді. Ми оның бәрін өңдеп үлгермейді. Бірақ сен маңызды деп санаған ақпараттарды тез өңдейді. Секундына милиардтаған сигналды қабылдап үлгереді. Мысалы, қазір не істеп отырсың? Иә, осы жолдарды оқып отырсың. Жай оқымай, жылдам оқисың. Өйткені мектептен бастап, минутына кемінде 300 сөз оқып үйренгенсің. Енді осы процесске жақын қарайықшы. Негізінде, ақ парақта қара бояумен түрлі белгілер ғана тұр. Әріп танымайтын біреу үшін бұл жай ана белгілер болуы мүмкін. Ол сенің қасыңда отырып, оны тек сурет деп ойлайды. Ал сен белгілерді оқып, мазмұнын айтып бергенінде, таңғалады. Сен үшін бұл түрлі ақпаратты қамтыған мәтін.

Тереңіне бойлап қарасаң, қара белгілер деген – жай ғана әріптер. Оны ми қосып сөз қылады. Сөзді біріктіріп, сөйлем құрайды. Оның мағынасын тауып, түсінеді. Бұл процесс кезінде нейрондар бір-бірімен байланысып, қажетті ақпаратты табады. Осының бәрі қас-қағым сәтте жүзеге асады.

 

МИ ӨЗГЕРСЕ, АДАМ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРЕДІ?

Адамның миы икемді. Оны резеңкедей соза алмайсың, бірақ қалаған жағыңа икемдей аласың. Және бұл тек жас кезде ғана болмайды. Қарт адамның миы да икемділікке ие. Икемді дегенде ми деген дамиды, өзгереді, жаңа нейрондық байланыстар құрады. Жаңа нейрондық байланыстар құра отырып, жаңа бағдарлама жасайды. Оның нәтижесінде сен жаңа білім аласың, жаңа қабілетті меңгересің. Адамның миы әрдайым дамуға бейім.

Адам деген әдеттердің жиынтығынан тұрады. Әдет деген біздің қайталай берген әрекеттерімізден туады. Әдет әбден сіңіп, мінезге айналады. Мінезіміз – біздің өміріміз. Әдетті түбірімен жойып тастау мүмкін емес. оны тек өзгерте аламыз. Жаман әдетті жақсы әдетке өзгертуге болады. Жақсы әдетті нөлден қалыптастыруға болады.

Мысалы, таңертең жүгіру деген әдетті қалыптастырғың келеді. Бірақ таңда оянсаң да, артынша жастықты құшақтап, ұйықтап кетесің. Мұндайда не істеу керек? Біріншіден, тура төсегінің жанына жүгіретін киім мен аяқ киімді әкеп қой. Жүгіргенде қандай музыка тыңдайтыныңа дейін дайын болсын. Бірінші күні тым ұзаққа жүгірме. Сосын артынша душ қабылдап, рахаттан. Осылай бірнеше күн жаса. Әдет деген жастарда 21 күнде, үлкендерде 21-45 күн ішінде қалыптасады. Келесі күні таңда оянғанда, көзің алдымен кроссовканы көреді. Бірден сенің басыңда жүгіріп келгеннен кейін душ қабылдаған кездегі рахат сезім еске түседі. Артынша бойда күш пайда болып, жүгіруге кірісіп кетесің.

Немесе тырнақ кеміру деген жаман әдетті алайық. Оның түбінде тырнақтың қышуы деген жасырын нәрсе жатыр. Қашан оны тістелегенде, қышуы кеткендей сезім болады. Келесі жолы тырнақ қышып, біртүрлі сезініп, тістелегің келгенде, қолына эспандер алып, қысып отыр. Осылай істей берсең, тырнақтың қышуы қайтады. Әрі тырнақ тістелеу әдетінен құтыласың.

 

МИ мен АДАМ АҒЗАСЫНЫҢ АРАСЫНДА ҚАНДАЙ БАЙЛАНЫС БАР?

Ғалымдардың айтуынша, адам миының ең белсенді жұмыс істейтін кезеңі – сәби бір жасқа толғанға дейін. Сәби әлемді танысам, көрсем, білсем, дәмін татсам деп бір тынбайды. Көзімен, құлағымен, тілімен, мұрнымен, қолымен шексіз ақпараттарды миға жеткізеді. Сосын үш жасқа дейін де ерекше даму жүзеге асады. Жапондық ғалымның «Үш жастан соң ғой тым кеш» («После трех лет уже поздно») деген бала тәрбиесіне қатысты кітабын оқуға кеңес береміз. Бала деген жеті жасқа дейін де әлемді тануға құмар. Ары қарай оның қызығушылығы бәсеңдей бастайды. Жиырма жастан кейін, нейрофизиологтардың айтуынша, адамның миы қартаю процесіне кіріседі. Қартаю кезеңінде нейрондарда ақпараттың берілу жылдамдығы ғана азаяды. Ал жаңадан жасушалар пайда бола береді. Сондықтан жүз жастағы адамдар да жаңа нәрсені үйрене алады.

Қарт адамдардың ұмытшақ болатыны: жаңа ақпаратты жадында ұстай алмайтыны бар. Неге десеңіз, адам миының тек 10%-ын ғана қолданып, қалған бөлігін оятуға, жұмыс істеуге тырыспайды. Қолданылмаған жасушалар жыл сайын істен шығып отырады. Ал мидың барлық бөлігін белсенді түрде іске қосу үшін неше түрлі әдістер бар. Алысқа бармай-ақ, күн сайын кітап оқу, есепті ойша шығару, өлең жаттау, жаңа жерлерге бару сияқты бәріміздің қолымыздан келетін нәрселер бар. Осының өзі миды әрдайым жұмыс істетіп, жаңа жасушалардың пайда болуына, жаңа нейрондық байланыстардың қалыптасуына көмектеседі. 

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 127 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: