18:31 Жады-нама |
ЕСТЕ САҚТАУ ҚАБІЛЕТІМЕН ТАНЫЛҒАН ТҰЛҒАЛАР 52 картаны 30 секундта жаттаған Нелсон Деллис – есте сақтау жарысынан АҚШ-тың 2011, 2012, 2014, 2015 жылдардағы жеңімпазы. Бала кезінде зейіні өте нашар бопты. Содан өзін жаттықтырып, қазіргі деңгейге жеткен. «Бірнеше апта жаттықсаң, адам сенбейтін нәрселерді жасай бастайсың. Адамның миының мүмкіндіктері оған толығымен жетеді» дейді ол. Бастапқыда колодадағы 52 картаны жаттап алуға 20 минут уақыты кеткен. Ал қазір оған 30 секунд қана жұмсайды. Яғни, картаны таратып жатқанда-ақ жаттап алады. Деллистің жаттау әдісі мынадай: ойша қала тұрғызады. Ол қала оған әбден таныс болуы керек, мысалы, бала кезде өзі тұрған қала болуы мүмкін. Жаттау керек ақпаратқа бейне беріп, оны қаланың әр жеріне орналастырады. Сосын қаланы аралай отырып, қажетті ақпаратты айта береді.
Неміс тілін 1 сағат 15 минутта үйренген Испандық Рамон Кампайо – есте сақтау жарысының жеңімпазы. Жыл сайын жарыстарға қатысып отырады. Бір жолы жарыс Германияның Мюнхен қаласында өтеді. Осы шараға келе жатып, Рамон өзінің немісше сөйлей алмайтыны туралы мүлдем ойланбапты. Ұшаққа мінер алдында неміс тілін үйрететін кітап сатып алады. Сөйтіп бір сағаттан соң ұшақтан немісше сөйлеп түседі. Сонда неміс тілін үйренуге небары 1 сағат 15 минут кеткен екен. Жалпы өмірде оның жеткен жетістігі адам таңғаларлық. Жарты секундта 16 цифрды жаттап алған. Алты колода картаны бір қарап шығып, артынан бәрін араластырып, орын-орнымен қоя білген. Оған 23000 (!) сөзді кезек-кезегімен бір рет айтып шыққанда, қателеспей, бәрін қайталап шыққан.
Мың детальды есінде сақтаған Стивен Уилтширдің ұсақ бөлшектерге дейін есте сақтау қабілеті мықтылығы сондай – 2013 жылы Лондон қаласындағы ең биік ғимараттан (Шард ғимараты, 224 м) айналаға қарап, артынша соны суретке салып шыққан. Үйлердің кондиционеріне дейін дәлме-дәл салған екен. Дәл солай Нью-Йорк, шанхай, Токио, рим, Венеция секілді қалалардың үстінен тікұшақпен аралап, суретін салған. Римдегі Пантеонның бағаналарына дейін дәлме-дәл шыққан.
70000 цифрды жатқа білген Бар-жоғы 11 цифрдан тұратын телефон нөмерін жаттау қиын шығар, ә? Ал егер 67980 цифрды жатта десе ше қой, оны жаттау мүмкін емес дерсің. 2005 жылы қытайлық Чао Лу «Пи» санының (3,14...) соңынан келетін осынша цифрды жатқа айтып берген. Сондағы Чаоның жасы небәрі 24-те екен. Он жыл бойы оның рекордвн ешкім өзгерте алмапты. Содан 2015 жылы үнділік Раджвир Мина есімді азамат 70000 цифрды жатқа айтып, айды аспанға шығарыпты. 70000-ның қасында 11 цифр дым емес боп қалған шығар? Ғажап, иә? Бұл адамдардың көпшілігінің ешқандай таланты жоқ. Есте сақтау қабілеті бәріміздікіндей қарапайым. Алайда тұрақты жаттығу арқылы мидың мүмкіндіктерін ашқан. Шыныға берсең, бұлшық етің қатайып, ауыр салмақтарды көтеретінің секілді, жаттыға берсең, ми да таңғажайып нәтижелер көрсетеді. Өзің секілді адамдар жеткен нәтижеге сен де жете аласың. Оған сенімің мол болсын. Біздің қазақ халқында ұзақ жырларды таңға дейін тоқтамай жырлайтын адамдар өте көп болған. Оны естіген тыңдаушылардың өзі демде жаттап алған. Осылай ауыздан ауызға тараған халық ауыз әдебиеті осы күнімізге жеткен. Біреудің сұрағына өлеңмен шебер жауап берсе, ол бір кеште ауылдың бүкіл балаларының аузында жүрген. яғни, бұл қабілет біздің генімізде бар. Соны тек оята білсек, өмірде қажетімізге пайдалана білсек, нұр үстіне нұр болмақ. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |