18:53
Тіл тарихы

ИМПЕРИЯ және ТІЛ

«Өзгелерді билеп-төстеу – римдіктердің міндеті!»

Осы бір өлең жолы ресми Римнің басқаларды жаулап алуға қатысты ұстанымын айқын көрсетеді. Император Августтың бастамасымен Вергилий жазған «Энеида» римдіктердің ұлттық эпосына айналды. Жоғарыдағы өлең жолы осы эпостың орта тұсында жазылған. Бұл өлеңді кейінгі заманның империалистері де қолданды. Бұл эпостың 1930 жылдары фашистер кезінде Италияда шыққан кітаптың мұқабасына жоғарыдағы өлең жолын қойыпты.

Империя орнатушы Муссолини баскесерлерді құрметтеді. Тарихтағы Наполеон сияқты ірі басқыншылардың өзі римдіктермен салыстырғанда түк емес. Римдіктің шабуылы әдетте корсикалықтың шабуылындай тез әрі естен тандырарлықтай болған жоқ, бірақ анағұрлым сарабдал еді. Римдіктердің табысты болуының бір себебі – өз тілін таратуы. Алғашқыда Рим Италия түбегінің орталық бөлігінде орналасқан көптеген қала-мемлекеттердің бірі болатын. Аңыз бойынша Рим қаласының іргетасы б.з.д. 753 жылы қаланған, қазіргі тарихшылар мен археологтер «бұл шындықтан қашық емес» дейді. Алғашқы бірнеше ғасырда ол елдің жері қазіргі Рим қаласының аумағы ғана болған. Латын тілінде тек Римде сөйлеген, әйтсе де көршілес шағын елдер латын тіліне ұқсас тілдерде сөйлеуі мүмкін.

Римдіктер о бастан өзгелердің жерін тартып алып,  көрші елдерді өздеріне бағындыруға тырысты. Сөйтіп, олардың ықпал жүргізу өрісі ғасырлар өткен сайын кеңейе берді. Біздің заманымызға дейінгі IV ғасырда Рим Италия мен Сицилияның ешкім дауласа алмайтын қожайындары болып алды. Олар елдің шекарасын жүйелі түрде шығысқа, одан кейін батысқа қарай кеңейтті. Біздің жыл санауымыздың 100 жылдары римдіктер Еуропаны, Рейн өзенінің батысынан (Шотландия мен Ирландиядан өзгесін) Дунай өзенінің оңтүстігіне дейінгі аралықты, Солтүстік Африканы түгел, оның ішінде Мысырды, сондай-ақ бүгінгі күнгі Палестина, Сирия, Түркия, Грекия, Албания жерлерін жаулап алды. Сөйтіп, бұл импеиряның қоластына бастапқыда Жерорта теңізі төңірегіндегі және одан тыс жатқан елдердің бәрі кірді. Бұл алып аймақты римдіктер 300 жыл бойы тырп еткізбей билеп тұрды, ал V ғасырда империяның батыс бөлігі ыдырады.

Латын тіліндегі мәтіндер б.з.д. 600 жылдар төңірегіндегі бірнеше жазба жәдігерде кездесті. Италияда сол кездің өзінде осы тілдің және басқа да тілдердің жазуы болды. Римдіктер жазу идеясын өздерінің солтүстіктегі көршілері, сол кезде Орталық Италияда үстемдік құрып тұрған этрускілерден алса керек. Этрускілер грек алфавитін дамытып, латын алфавитін жасап шығарды. Оны енді дүниежүзінің көптеген халқы өз тілінің қажеттігі үшін қолдануда. Латын жазуын қазір барлық жерден кездестіруге болады.

Біздің заманымызға дейінгі 300 жылдандан бізге жеткен жазба жәдігерлер өте аз, олардың өзі – қысқа мәтіндер, ал ұзақ мәтіндер сақталып қалмаған. Римдіктер көп жазуға мұқтаж емес фермерлер мен жауынгерлер болған. Бірақ ІІІ ғасырдың соңынан бастап Рим экономикасы қатты дамып, ел байып кетті, Жерорта теңізі жағалауындағы грек қалаларымен сауда жасасты. Сол кезде латын тілінде көркем әдеби шығармалар пайда болды.

Басқа салалардағы сияқты бұл салада да римдіктер о бастан гректерден үлгі алды. Бірақ көп ұзамай, рим әдебиетінің өзі қатты дамып кетті. Біздің заманымызға дейінгі І ғасырда және біздің заманымыздың І ғасырында рим әдебиеті шарықтау шыңына жетті. Цицерон және Цезарь сынды прозашылар, Вергилий мен Гораций секілді ақындар әлі күнге дейін оқылып жатқан шығармалар жазды. Олар екі мың жылдан астам уақыт бойы еуропалық шығармашылық өкілдеріне үлгі болып келе жатқан әдеби тіл мен әдеби жанр жасады.

Бірақ грек жазы мен әдебиеті және Римдегі жағдай арасында үлкен айырмашылық бар. Біріншіден, Рим жазушыларының бәрі о бастан біркелкі, бірдей тілді қолданды. Диалектілік айырмашылықтар болған жоқ, өйткені жазба мәтіндердің бәрі тек Римде сөйленетін тілді үлгі тұтты. Рим саяси және ой жұмысының орталығы болды, ал өзгелері тек шалғайдағы елді мекендер рөлін атқарды.

Екіншіден, Рим жаулаушыларының бәрі Римде тұрды, олардың дені жоғарғы тап өкілдері болатын. Цицерон мен Цезарь екеуі де үкімет басшылары болды, Саллюсь пен Тацит – жоғары дәрежелі шенеуніктер, ал философ Сенека император Неронның ұстазы және қамқоршысы еді. Вергилий мен Горацийдің билікке қатысы болмаса да, оларға император Августың өзі демеушілік жасап отырды. Рим әдебиетін биліктің белортасында жүрген адамдар жасады.

Бұлардың жақсы жаза және сөйлей білгені үшін осындай дәрежеге жеткенін айту керек. Римде халық алдында сөйлей білуге ерекше мән берілді. Жоғарғы тап өкілдерінің балалары жұрт алдында сөйлеуді үйренуге көп уақыт жұмсайтын. Римде шешен сөйлеуді, риториканы үйренуді білім алу деп түсінетін. Оқушылар тіл байыту үшін көп кітап оқыған. Тілге айрықша назар аударылды, тіпті тіл барша халықтың құштарлығына айналды деп айтуға болады, содан дұрыс сөйлеу нормасы жақсы қалыптасты. (жалғасы бар)     

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 180 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: