08:49
Тұлғалану толқындарында

РЕАКТИВ ЕМЕС, ПРОАКТИВ БОЛ!

Қандай болсаң, солай көрін немесе

қалай көрінсең, сондай бол!

Мәулана

Проактив дегеніміз – сыртқы ықпалдың әсеріне елігіп кетпей, адам өзінің ішкі құндылықтарын берік сақтап өмір сүру әдебі. Мысалы, балапан уақыты толып, жұмыртқа жарып шыққанда ғана әрі қарай өмір сүре алады. Егер уақыты толмай жұмыртқа сыртқы ықпалдың әсерінен жарылса, балапанның тіршілігі сол мезетте тоқтайды. Ықпалды күш сыртта емес, іште болғанда ғана адам өзінің дербес өмірін сүре алады.

Жан-дүниесі бай, ішкі құндылығы берік жандар өздерін өзгелерден биік көрсетуге ұмтылмайды. Өзгенің сөзінен де, өзінен де қорықпайды. Ешкімнің пікіріне тәуелді емес. Өйткені олар өздеріне сенімді. Олардың арқасүйер тірегі – ішкі берік құндылықтары. Сондықтан олар ешкімге еш нәрсені дәлелдеуді қажет етпейді. Олар не жасаса да, біреумен бәсекелесіп, ат оздыру, мықтылығын дәлелдеу үшін емес, өзі үшін һәм іштегі берік құндылықтары негізінде жасайды. Олар алдына қойған мақсатына жетпесе де, жасалып жатқан істен, яғни процестің өзінен ләззат алады. Нәтижеден бұрын амалдан бақыт табады.

Мұндай адамды байлық та, кедейлік те өзгерте алмайды. Олар байлық пен биліктің буына мастанбайды. Қарапайымдылығынан жаңылып, адамдығынан адаспайды. Кедейлікке ұшыраса, өмірден түңіліп кетпейді. Қатардағы қара жұмысты істеуге арланбайды. Өйткені олардың мінезі сыртқы ықпалдарға тәуелді емес, өзіндік ішкі берік құндылықтарға қаланған.

Ішкі құндылық дегеніміз – адамның адамгершілік өзегі. Ал адамгершіліктің өлшемі – Жаратқанның қалауына сай ғұмыр кешу. Ынта-ықыласыңды бір Алланың ризашылығына қарай реттеу. Әрдайым Алланың назарында екеніңді сезіну. Яғни ықылас мақамы.

Пенде ішкі құндылықтары мықты болмаса, өмірдің қалтарыс-бұлтарысында жол таппай адасып қалады. Ішкі құндылықтарына берік сүйенген адам ғана қоршаған ортаның үдемелі өзгерістеріне төтеп бере алады.

Ішкі құндылығы мықты адам өз ісін сапалы, тиянақты жасайды. Мұндай адамға ауа райының қолайсыздығы немесе ақысының аздығы секілді сыртқы факторлар әсер етпейді. Нендей жағдай болса да, істі сапалы атқарады. Немесе сапасыз жасаудан бірден бас тартады. Өйткені оның ауа райы өз ішінде. Сыртқы құбылмалы санаға тәуелді емес.

Яғни өмір сүру әдебі ішкі құндылығына айналған адам қай жерде, қандай қоғамда болсын өз орнын тауып, өмір сүреді. Мейлі, ол өз үйінде болсын, я болмаса, ешкім жоқ айдалада жүрсін, ішкі тәртібінен айнымайды. Жалғандықты көрсе, рухы мазасызданады.

Өкінішке орай, қазіргі күні көше, қоғамдық орындар, табиғат аясы қоқысқа толып қалуы адамдардың ішкі құндылығының жоқтығынан. Жоғарыдағы әрекет бұқараның ең қарапайым тазалық құндылығын бойына дұрыс сіңіре алмағандығынан туындап отыр. Олар үйін, киімін, ауласын, көлігін таза ұстауы мүмкін. Бұның өзі ішкі құндылықтан емес, «ұят болмасын», «адамдар не дейді?» деген пенделік алаңдаушылықтан ғана туған құбылыс. Осы алаңдаушылықты тудырып тұрған сыртқы себептер бой көрсетпеген сәтте, тазалық жоғалатындығы сондықтан.

Бір жақын танысы болды. Қашан барса, үйі шашылып жататын. Бұл жағдай үйдің ескі әрі тар болғандығынан шығар деп ақтауға тырысып, кең үйге көшсе, мұнтаздай таза ұстайтын болар деп үміттенетін. Кейіннен әлгі танысы кең әрі жаңа үй салып алды. Бірақ ол ол жерден тазалықты көре алмады. Көп өтпей жаңа үйінің де шашылып жатқанына куә болды. Ал, керісінше, басқа бір танысының ескі үйіне қашан барса, тап-таза, әр нәрсе орнында тұрғанын көріп сүйсінетін. Демек, кімнің бойында тазалық құндылығы болса, үйдің үлкен-кіші, ескі-жаңасына қарамастан тазалықты сақтайды. Жұмыс үстелін, аяқ киімін, көлігін, тіпті телефонын таза ұстай алмаған адам өмірдің басқа салаларында таза болады дегенге сену қиын. Өзінің үстелін, киім шкафын реттей алмаған адам өз кәсібін ретке келтіре алады деу – аңғалдық. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 2 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: