18:05 Тұлғалану толқындарында |
ТӘУБЕ ТЕХНИКАСЫ Бір кісі Хасан Басри атты ғұламаға келіп, кедейлікке тап болғанын айтқанда, «Жаратқан иеңнен жасаған күнәларың үшін шынайы кешірім сұра», - деп жол көрсетеді. Тағы бір адам келіп ұрпақ сүйе алмай жүргенін жеткізгенде, «Шынайы тәубе етіп, Алладан кешірім сұра», - дейді. Енді бірі келіп, еккен егіні, бау-бақшасы қуаңшылыққа тап болып, берекеден айырылғанына шағымданғанда тағы да: «Аллаға мінәжат қыл, тәубе ет», - дейді. Мұны көрген адамдар әлгі ғұламаға «Әртүрлі қиыншылықпен келген адамның бәріне бір ғана ақыл айттыңыз. Мұның сыры не?» деп сұрағанда, ғұлама: «Өз ойымнан еш нәрсе айтқан жоқпын, «Нұх» сүресіндегі аятты келтірдім», - депті. Оның бір психолог танысы бар. сол кісі өзіне проблемаларын шешу үшін жәрдем сұрап келген адамдардың бәріне осы тәубе техникасын жасатады екен. Белгілі уақыт ішкен-жегеніне мән беріп, қателіктері мен күнәлары үшін шынайы кешірім сұрап, мінәжат еткен кісілердің проблемалары оп-оңай шешілгендігін айтады. Ұрпақ сүйе алмай жүргендері сәбилі болып, ажырасудың аз алдында тұрған отбасылар да шаңырақтарын сақтап қалған. Егер тәубе етіп, кешірім сұрап мінәжат еткеннен кейін де проблемалар шешілмей жатса, оның да бір хикметі бар екенін түсініп, Алламен байланысыңызды одан әрі жақсартып, тақуалыққа бет бұрыңыз. Аллаға шынайы бет бұрғанда мына дүниедегі көңіліңізді құлазытып, бас ауруына айналған ұрпағыңыздың болмауы секілді проблемалар сіз үшін мәселе болудан қалып, ұрпақсыз да ғибратты ғұмыр кешуге болатындығын түсінесіз. Кешірім сұрап, тәубе ету үшін ең әуелі шынайы ниет керек. Жасаған қателік, кемшіліктеріңе жүректе шынайы өкініш болуы керек. Кез келген тілде, қалаған сөзбен жалбарынып, дұға етуге болады. Бастысы, жүректің түкпірінен, шын көңілден шықса болғаны. Күнәңіз басқа адамадрға қатысты болса, олардан кешірім сұрап, ризашылығын алуыңыз, ақысы болса, қайтарып беруіңіз керек. Кешірім тілеп, тәубе етуді ғұмырлық дағды ретінде қалыптастырып, үзбей жасаған жақсы. Пайғамбарымыздан жеткен кешірім сұрап, тәубе ету дұғаларының ішінен бір-екеуін өздеріңізге ұсынып отырмыз. «Уа, Алла тағалам, Сен менің ұлы Раббымсың. Сен мені жараттың. Мен бір өзіңнің құлыңмын. Шамамның жеткенінше өзіңе берген уәдем мен сертімде тұруға тырысамын. Істеген жаманшылықтарымнан бір өзіңе сиынамын. Маған берген нығмет-жақсылықтарыңа қарыздармын. Жасаған барша күнәмді мойындаймын. Мені кешіре гөр. Күнәларымды Өзіңнен басқа ешкім кешіре алмақ емес». «Уа, Аллам, менің барша қателігімді, білімсіздігімді, барша ісімдегі шектен шыққан кездерімді кешіре гөр. Жаратқан ием, менің біліп-білмей, шындап және әзілдеп жасаған қателіктерімді кешіре гөр. Алла тағалам, бұрынғы және кейінгі, жасырын-жария жасаған барлық күнәларымды кешіре гөр. Менен де жақсы білетін басқа күнәларымды кешіре гөр. Сенің құдіретің барлық нәрсеге толық жетеді». баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
|
| Всего комментариев: 0 | |
