20:14
Тұлғалану толқындарында

МАХАББАТ пен ҒАДАУАТ МАЙДАНДАСҚАН...

Жүректің ақыл суаты,

Махаббат қылса тәңірі үшін.

Абай

Абай адам болу үшін қажетті бес асыл істің қатарына «рақымды», яғни мейірімді болуды атайды. Бұл бекер емес. Себебі рақым, мейірім – күллі жаратылыстың мәйегі. Кез келген жақсы ниеттің бастауында махаббат, мейірбандық жатыр. Мына әлемнен «махаббат» бір сәт үзілер болса, күллі ғалам әп-сәтте қараңғылыққа қамалып, хаосқа айналар еді.

Мейірім, рақым, жанашырлық, қамқорлық деген ұғымдар атауымен жоқ бір әлемді елестетіп көріңізші. Ешкімнің ешкімге жаны ашымайды. Көмек қолын созбайды. Ана туған баласына қарамайды. Жан-жануар жатырынан шыққан өз төліне шабуыл жасайды. Қара бастың қамы мен қатыгездіктен құралған мұндай әлем тіршілігін жалғастыра ма? әрине, жоқ.

Пайғамбар бір хадисінде: «Алла тағала рақым мен мейірімді жүз бөлік жасады. Оның біреуін ғана жер бетіне жіберді. Сол арқылы бүкіл жаратылыс бір-біріне мейірім көрсетеді. Жан-жануар тұяғымен төлін басып кетуден сақтанады. Аң-құс та сол рақым арқылы мейірім көрсетеді. Алла тағала рақымның қалған тоқсан тоғызы арқылы қиямет күні құлдарына мейірім көрсетеді», - дейді. Рас. Құс екеш құсты да балапанын қорғау үшін аң-құстың аузына итерген осы мейірім құдіреті.

Ғаламнан Алланың рақым-махаббаты байланысын үзсе, аспаннан жауған жаңбыр тамшылап емес, көл болып құйылар еді. Күн шуағын төгіп жылытудың орнына жер бетін қуырып жіберер еді. Жер бесікке ұқсап тербетілмей, басқаша қозғалып, өзгеше айналар еді.

Демек, мына ғаламды ұстап тұрған – Рахман Алланың рақым сипаты. Сол сипаттан көбірек нәсібі барлар мейірімді болмақ. Жүрек таза болғанда мейірім ұялайды. Ендеше, қатыгездік күннен-күнге артып бара жатқан қазіргі әлемде жүрегіңізді зікір, пікір, қайырымдылық арқылы жұмсартуға, мейірімге толтыруға мән беріңіз.

Алла елшісі сахабаларынан: «Бүгін кімнің аузы берік?» - деп еді, Әбу Бәкір «Мен» деді. Ал «Бүгін мұқтажды кім ішкізіп-жегізді?» - деп еді, Әбу Бәкір «Мен» деді. «Бүгін кім науқас адамның көңілін сұрап, зиярат жасады?» - дегенде, тағы да Әбу Бәкір «Мен» деп жауап берді. Алла елшісі: «Мұндай жақсы қасиеттер кімде болса, ол адам сөзсіз жұмаққа кіреді», - деп сүйіншіледі.

Мұса пайғамбар бірде. «Уа, Аллам, мен сені қайдан табамын?» - дегенде, Хақ тағала: «Мені көңілі сынық адамдардың жанынан ізде», - деп жауап берді.

Алла елшісі: «Жүрегіңді жұмсартқың келсе, мұқтаждарды ішкізіп-жегіз, жетімнің басынан сипа!» - деген. Ішкізіп-жегізу, бас сипау бір мезеттік іс емес. Оны жанашырлықпен, мейіріммен жасаңыз. Мұқтаж адам мен жетімнің ұдайы көңілін аулаңыз. Асықпай әңгімесін тыңдаңыз. Бірге отырып, тамақ ішіңіз. Сыртқа шығып, серуендеңіз. Бірге ойнаңыз. Тіпті ел қатарлы оқып, білім алуына жағдай жасаңыз. Жұмысқа тұруына көмектесіңіз. Сонда жүрегіңіз жұмсарып, махаббатқа толады. Абай айтпақшы: «Мазлұмға жаның ашып, ішің күйсің. Харекет қыл, пайдасы көпке тисін. Көптің қамын әуелі Тәңірі ойлаған. Мен сүйгенді сүйді деп Иең сүйсін». Жүрекке мейірім ұялағанда Жаратқан үшін күллі жаратылысты жақсы көріп, жанашыр боласыз.

Пайғамбарымыз: «Көп күлкі жүректі өлтіріп, қарайтады», - деп ескерткен. Сондықтан арзан күлкі, қысыр әңгімеден сақ болыңыз.

Жүректі жұмсартып, мейірімге толтыру үшін Алланың «әл-Уәдуд» (жақсы көруші), «ар-Рахман», «ар-Рахим» (аса рақымды), «әл-Халим» (аса жұмсақ) деген есімдерін зікір ретінде көбірек айтыңыз.

Сондай-ақ ғаламдағы Алланың шексіз рақымының көріністерін терең толғанып, тамашалаңыз. Мейірбан жандармен жолдас болыңыз.

Жүрегі мейірімге толы жан өзгеге қылдай қиянат жасамайды. Жеңіл желеумен ажырасып, әйелі мен баласын орта жолда тастамайды. Мейірбан адамнан ұры-қары, лаңкес-содыр шықпайды.

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 6 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: