11:18 Тұлғалану толқындарында |
ӘДІЛЕТ, ШАПҚАТ КІМДЕ БАР... Шайтан әрдайым Құдаймен алысып келеді, сондағы ұрыс майданы – адамның жүрегі. Ф.Достоевский Абай айтқан «нұрлы ақылды» шәкәрім «сау ақыл» дейді. Яғни рхани дерттен сау ақыл. Абай қырық бесінші қарасөзінде. «адамшылықтың алды – махаббат, ғадаләт сезім. Бұлардың керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ. Ол – жаратқан тәңірінің ісі. Айғыр биеге ие болмақта да махаббат пен сезім бар. Бұл ғадаләт, махаббат сезім кімде көбірек болса, ол кісі – ғалым, сол – ғақил», - дейді. Рас, ақыл дұрыс істі көріп тұрса да, махаббат пен әділдіктен мақұрым кірленген жүректің ықпалымен жамандыққа бет бұрып жататын кездері аз емес. «Жүрегі қарайып кетіпті» дейтініміз сондықтан. Адам баласының дұрыс шешім қабылдауына, әділетті пікір білдіруіне, қандай да бір істі тура бағалауына кейде жүректегі махаббат сезімі бөгет болып жатады. Абай махаббаттың жанына әділдікті қатар қойып айтатыны бекер емес. Өзіңе, ата-ана, туған-туысқа, яки қандай да бір жақын адамыңа деген іштегі жақсы көру сезімі көбіне әділдіктен ауытқуға себеп. Мысалы, ана туған баласының қателігін шаң жуытпай ақтап, келінін кінәлі етуі немесе шешенің қандай қателік жасаса да қызын жақтап, күйеу баласын даттап шығуы – осы әділдіктен ауытқу. Туысқандық махаббаттың әділетті сөзге, қара қылды қақ жарған төрелікке көлеңке түсіруі болмақ. Қазақтың: «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», - деп мақалдатқаны сондықтан. Құранның «Ниса» сүресінің 135-аятында: «Уа, иман келтіргендер! Алла разылығы үшін куәлікке жүргенде, тіпті өздеріңнің, ата-аналарыңның және туған-туыстарыңның зиянына болса да, қара қылды қақ жарған әділ болыңдар (біреуге жақтасып немесе қарсы куәлік еткендеріңде) мейлі бай, мейлі кедей болсын (туралықтан таймаңдар). (Өйткені) Алла байға да, кедейге де сендерден әлдеқайда жақын (яғни екеуінің де жай-күйін сендерден анағұрлым жақсы біледі). Сондықтан да нәпсіге еріп, әділдіктен ауытқып кетпеңдер. Егер куәлікке тартылғандарыңда тілдеріңді шайнап, міңгірлеп, дұрыс куәлік етпесеңдер немесе куәлікке жүріп (шындықты айтудан) бастарыңды ала қашатын болсаңдар, біліп қойыңдар., Алла сендердің не істеп, не қойып жүргендеріңнен толық хабардар» делінеді. Жақын адамыңның зиянына болса да әділдіктен айнымауға шақыратын бұл аят қазіргі таңда Гарвард университеті құқық факультетінің кіре берісіндегі қабырғада жазулы тұр. Абай: «Қайрат пен ақыл жол табар Қашқанға да, қуғанға. Әділет, шапқат кімде бар, Сол жарасар туғанға.
Бастапқы екеу соңғысыз Біте қалса қазаққа, Алдың – жалын, артың – мұз, Бара едің қай жаққа?» - деп ақыл мен қайраттың әділет, шапқатсыз (мейірім) қасірет екенін айтқан. Сондай-ақ адамның дұрыс шешім қабылдауына, әділетті баға беруіне іштегі реніш пен дұшпандық сезімі де бөгет болып жатады. Айталық, сізді ренжіткен кісінің оған дейін жасаған жақсылықтарын, дұрыс істерін бағаламай сыңар езулеп, тек теріс пікір білдіру әділдікке жатпайды. Тағы бір мысал, сіздің өтінішіңізді бір бастық бар делік. Бір күні оның орны басқа біреуге керек болғандықтан, әділетсіз түрде қызметінен шеттетілді. Осыған қарамастан, оған деген іштегі өкпе-реніш кесірінен «қызметінен босатылыпты» деген жаңалықты естігенде «сауап болыпты, өзіне де сол керек еді» деп қуанышпен қабылдадыңыз. Көрдіңіз бе, сіздің қуанышыңыз бұрынғы өкпе-реніш салдарынан туындап отыр. Сондықтан әділетсіздікті қолдап отырсыз. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |