22:55
Тұлғалану толқындарында

ДИПЛОМАТИЯ

2010 жыл. Діни басқармада аппарат басшысы қызметінде жүрген кезі. Елімізде теріс ағым өкілдерінің бұрыс уағызын тыңдаудың салдарынан дінге бет бұрған кейбір жанның көкірегінде күдік жүрді. Музыка арам ба, адал ма? «Дін мен діл» атты кітабында музыканың дұрысы мен бұрысын ажыратып, хадистерден дәйектеп жазған болатын. Алайда бұл пәтуаны олар іздеп тауып, оқымағаны анық. Ендеше, музыканың да естісі барын дәлелдеу қажет болды. Не істемек керек? Діни өлеңдер мүшәйрасын ұйымдастыратын болды. Үздік деп танылған өлеңдерге арнайы әуен жаздыртып, марапаттау кешінде оларды өнер жұлдыздарына орындалатын болды. Жүлде қоры да қомақты. Әрине, оның бәрі дінге жанашыр кәсіпкерлер демеушілігімен болып жатты. Мүшәйра да, марапаттау кеші де ойдағыдан да жақсы деңгейде өтті. Қоржынға түскен үздік өлеңдерді жинақтап «Аллаға мадақ» деген атпен арнайы жинақ етіп шығарды. Елімізде тұңғыш рет өткізілген осынау мүшәйрадан есінде мына бір оқиға қалып қойды. Мүшәйра аяқталуға таяп қалған болатын, бөлменің есігін жұлқып ашып, ьанымал ақын ағасы ішке енді де:

- Қайрат деген сенсің бе?

- Иә, - дейді еш нәрсені түсінбеген қалпы.

- Менің өлеңімде әкеңнің құны бар ма?! Неге өлеңімді қазылар алқасына өткізбей тастадың?!

- Аға, мүшәйраны ұйымдастырып отырған Діни басқарма болғандықтан, өлең мазмұны шариғатқа томпақ келмеуі керек. Жұрт түсінбей қалады да, ақырында бізге ренжиді.

- Қане, шариғатқа теріс келетіндей мен не жазыппын?! Қай жері?!

- Аға, мына жолдарыңызға қараңызшы: «Құдайдан басқа тәңір жоқ, Болса, енесін үрайын!»

- Айналайын-ау, мұның қай жері шариғатқа қайшы, а? Бұл деген тұнып тұрған поэзия ғой. Маған дереу Әбсаттар қажыгың телефонын бер, - дейді реніші басыла қоймаған ақын ағасы күркіреп. Не керек, әлгі кісі емханада жатқан Әбсаттар қажының палатасынан бір-ақ шығады. Іле-шала Әбсаттар қажы оған телефон шалып, істің мән-жайын білгеннен кейін: «Мұны ың-шыңсыз, айқай-шусыз басқаша шешу керек», - деді. «Бұл кісі қалай шешер екен?» - деді де қойды. Сөйтсе, Әбсаттар қажы әлгі ақын кісіні арнайы шақырып алып: «Пәленшеке, сіз елге танымал, мүйізіңіз қарағайдай, атағыңыздан ат үркетін мықты ақынсыз. Ал мына мүшәйра енді-енді қалыптасып келе жатқан жас ақындарға арналған. Сіз сонда бала-шағаның қатарына қосылып, бас бәйгені жеңіп алдым десеңіз, жұрт күлмей ме? Сізге мүшәйраның марапаттау кешінде төрде сыйлы қонақ болып отырғаныңыз жарасады емес пе?» - депті. Әлгі ақын ағалары да бірден уәжге тоқтап, ертесі өзінің том-том өлеңдер жинағын Әбсаттар қажыға тарту етеді. Міне, осылайша Әбсаттар қажы ашулы ақынның өкпе-ренішін сыйластыққа айналдырып жіберді. Даудың алдын алып, мәселені майдан қыл суырғандай мәмілегерлік жолмен шешті. Бұл оған өмірлік сабақ болды.

Даудың алдын алу үшін жіберген қателігіңді мойындай біл! Дауды болдырмау үшін көрпені өзіңе тарта бермей, басты мақсатың орындалса, қалғанынан бас тартуға, ымыраға келуге дайын бол!

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 17 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: