14:31 Тұлғалану толқындарында |
ТАҒДЫРДЫҢ ТАБИҒИ АҒЫСЫНА ҚАРСЫ КЕЛМЕ! Өмір тыныс алу мен дем шығарудан тұрады. Тыныс алмасаң, тұншығып өлесің. Алған деміңді сыртқа шығармасаң да сол. Адам басындағы тағдыр қиыншылық пен қуаныштан, түрлі оқиғадан құралады. Тыныс алып, дем шығарғаның секілді өмірдегі қиыншылықтарды қабылдай біл. Қабылдай алсаң, босатуың оңай. Ал «Неге менің басыма келді. Мен бұған лайық емес едім» деп сынақты қабылдай алмай, қарсылық танытсаң, қатты қиналасың, мүжілесің. Бірақ соңында еріксіз көнесің. Расында, қиыншылық дегеніміз – өмірде өзің қаламаған оқиғаларға қарсылығың және содан туындаған жағымсыз эмоцияң. Тап болған қиыншылығың уақыт өте ұмытылады. Олай болса, бұл қиындық өткінші. Десе де басқа түскен ауырпалықтың емі – тағдырға иман. Әлемде ешбір кездейсоқ нәрсе болмайды. Сондықтан тағырдың табиғи ағысына қарсы жүзбе! Жаратқан ие саған нәсіп қылған сансыз жақсылығын қуанышпен қабылдағаның секілді қиыншылығын да қабылда! Мына өмірде күндіз жарық болғаны секілді қараңғы түн де бар. Жаймашуақ жаз болғаны тәрізді қақаған суық қыс та бар. Қуаныш болғаны сияқты қиындық та бар. Тіпті Алланың осы кереғар заңдылығы болмағанда, қуаныштың да, жарық пен жылудың да қадірін білмес едік. Бұл – әділдік. Бұл – өмір заңдылығы. Әр оқиға – сабақ. Әр қиыншылықтың берері бар. Бірде Мәуләна хазіреті үйіне келсе, баласы болмашы оқиғаға күйзеліп, мұңға батып отыр екен. Ғұлама ұлының мұңлы жүзіне бір қарайды да, далаға шығып кетіп, қорада ілулі тұрған қасқырдың терісін жамылып, өзі бөрі болып ырылдап үйге кіреді. Әкесінің бұл қылығына ұлының ішек-сілесі қатып әбден күледі. Сонда Мәуләна: «Балам, қасқыр терісінің арғы жағында мен тұрғанымды сен анық білгендіктен қорыққан жоқсың. Өмірде басыңа түскен қиыншылықтар да дәл солай. Сені қайғыртқан оқиғалар артында Раббыңның хикметі тұрғанын, иләһи сыр жатқанын біл! Сонда сен қайғырып, мұңға батпайсың», - деген екен. Ендеше, оқиғалардың астарына үңіліп, сабақ ал да, өміріңі жалғастыр. Басыңды көтеріп, тек алға жылжы! Өмірдің өзгертуге болатын тұсын өзгерт! Ал өзгерте алмайтын оқиға үшін еш қайғырма! Тек құдіретті бір Аллаға тиесілі істерді бақылауыңа алып, уысыңнан шығармауға тырыспа! Тағдырға риза болу дегеніміз осы. Ризашылық мақамы дегеніміз – тек ізгілер ғана жететін рухани дәреже. Бұл жайлы Құранда «Ей, көңілі иманмен тыныштыққа бөленіп, жүрегі жай тапқан адам, Алладан сен разы, ол сенен разы болған күйде Раббыңа қайт» («Фажр» сүресі, 28-аят) делінген. Алла тағала мына өмірде саған сан алуан мүмкіншіліктер берді. Алдыңа қиыншылықтарды да шығарды. Сенің осынау мүмкіншіліктер мен қиыншылықтар сәтіндегі таңдауың мен іс-әрекетіңді Алла тағала алдын-ала білгендіктен, соны тағдыр етіп жазған. Тағдыр дегеніміз міне осы. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |