09:54 Тұлғалану толқындарында |
ДАУЛАСУДАН АУЛАҚ БОЛ! Өлетұғын тай үшін, Көшетұғын сай үшін, Желке терің құрысып, Әркімменен ұрыспа. Асан қайғы Өмірде сені дауласуға итермелейтін түрлі мінез бен көңіл-күйге ие адамдар ұшырасады. Осындай сәттерде дауласудан аулақ болыңыз. Даудан айналып өтуді алдын-ала ойластырыңыз. Себебі тартыс сәтінде ешкімге еш нәрсені дәлелдеу мүмкін емес. Сан алуан фактіні келтіру арқылы өзіңіздің дұрыстығыңызды дәлелдеп, айқын жеңіске жетсеңіз де, оны қарсыласыңыздың мойындауы екіталай. Тартысу кезінде адам жеңіліп қалмау үшін барын салады. Нәпсісі, іштегі эгосы қорғанысқа толықтай өткендіктен, ақиқатты мойындамайтын, дұрысты көрмейтін, шындықты қабылдамайтын психологиялық күйге ұшырайды. Тартысу дауласуға ұласқанда дауыс көтеріп, айқайласуға, тіпті төбелеске ұласып кетуі ықтимал. Тартыс ерегеске айналған жағдайда дауласушылар ақиқаттан алыстап, теріс жаққа қарай тереңдей түседі. Нәтижесінде, өз ісін дұрыс деп дәлелдеу үшін басқа да дәйек іздейді. Тартысу арқылы жеткен жеңіс – нәтиже тұрғысынан жеңіліс деген сөз. Өйткені қарсыластың қателігін бетіне бастыңыз. Намысына тидіңіз. Сізге деген өшпенділігін ояттыңыз. Ақиқаттан алыстаттыңыз. Арадағы қарым-қатынасқа сызат түсті. Жеңілген адам бұдан былайғы уақытта сізбен кездескенде өзін ыңғайсыз сезінетін болады. Ал екеуара дауды басқа адамдар байқаған болса, жеңілген тараптың психологиялық көңіл-күйі тіптен ауырлай түседі. Ал сіз болсаңыз «жеңдім» деп нәпсіңіз семіріп, масаттанасыз. Біліп қойыңыз, айтысып-тартысудың жеңімпазы тек шайтан ғана. Алла елшісі бір хадисінде: «Өзінікі дұрыс бола тұра, дауласып, тартысуды тәрк еткен адамға жұмақтан бір сарай берілетіндігіне кепілдік етемін», - деген. Әл-Ауғази: «Алла қай елге жаманшылық қаласа, олардың арасына дау-дамай мен жанжал жібереді» деген. Бенджамин Франклин былай дейді: «Дауласып, айтысып жеңіске жетуің мүмкін. Бірақ бұл жеңістің ешбір пайдасы жоқ. Өйткені ол «сен жеңді екен» деп, сені жақсы көріп кетпейді». Ендеше, жұртпен дұрыс қарым-қатынас орнатып, достық байланыста болуды ниет еткен кез келген адам үшін тартысып, дауласу тиімді емес. Мақсат біреуге дұрыс нәрсені түсіндіру болса, онда тартыспай-ақ, адамның ар-намыс эгосына тимейтін, нәпсісін қытықтамайтын тәсіл мен жолды таңдаған дұрыс. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |