10:17 Тұлғалану толқындарында |
ПӘЛЕКЕТТІҢ БӘРІ ОСЫМЕН КЕТСІН Мәуләнаның мәснәуиінде мынадай ғибратты мол хикая айтылады. Күндердің бір күні Мұса пайғамбарға бір кісі келді де: - Айналайын Мұса, маған дұға жасашы, жан-жануарлардың тілін түсінейін. Соның арқасында бұдан да жақсы адам болайын, - дейді. Сонда Мұса пайғамбар: - Сабыр ет, бауырым! Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама! Қазіргі күнің сұрағаныңнан әлдеқайда қайырлы, - дейді. Бірақ әлгі кісінің тоқтар түрі жоқ, қайта-қайта өтініп: - Уа, Мұса, бір өтінішімді жерге тастама! Тым болмаса ауладағы итім мен қоразымның тілін түсінейін. Мұса пайғамбар бұл адам райынан қайтар деп қанша тырысса да, әлгі кісі қайтпады. Ақыры, қолын жайып дұға етеді. Ана адам риза болғаны соншалық – жүзі бал-бұл жанып үйіне келеді. Ертеңінде үйдің қызметшісі дастарқан жайып жатып бір түйір етті жерге түсіріп алады. Сол сәтте құрт аңдып жүрген қораз жүгіріп келіп, түйір етті іліп әкетеді. Оны байқаған ит: - Ей, қораз, осы әрекетің дұрыс па? Сен бидай да, арпа да жей аласың, керек болса жүгеріні де қылғытасың, маған да бір нәрсе қалдырсаңшы, - дейді. Түйір етті жұтып жіберген қораз итке мойнын бұрып. - Еее, дұрыс айтсың, сен уайымдама, ертең қожайынның есегі өледі, сонда жақсылап тоясың, - дейді қанатын қағып-қағып жіберіп. Ит пен қораздың әңгімесін естіген қожайын есегін дереу базарға апарып сатып жібереді де, «Енді көрейін, қораз бен ит не дер екен?» деп аулаға шығады. Сөйтсе, ит қоразға әкіреңдеп жүр дейді: - Қане, сенің «Есек өледі, қарның тояды» дегенің, алдаған екенсің ғой. Сонда қораз: - Есек өлуін өлді, бірақ басқа жерде өлді. Өйткені қожайын оны сатып жіберді. Бірақ еш уайымдама, ертең қожайынның аты өледі, сонда еттің көкесін көресің. Бұл сөзді естіген қожайыны дереу атты да сатып жібереді. Өзіне өзі көңілі тоқ, ақшасын санап келе жатып: - Ой, жарықтық, мына жан-жануарлардың тілін түсінгенім қандай жақсы. Соның арқасында шығынға батудан аман қалдым, - деп ойлайды. Ертеңінде тағы да «Енді бұлар не айтар екен?» деп қораз бен иттің әңгімесін тыңдайды. Ит тағы да қоразға күңкілдеп жүр екен: - Әй, қораз, сенің айтқаның болмады, тағы да өтірікші болдың. Сонда қораз: - Жоға, мен өтірік айтпадым. Негізі ат өлуі керек еді... бірақ қожайын оны да сатып жіберді. Бірақ сен уайымдама, ертең қожайынның қатты жақсы көретін малайы жан тапсырады. Қожайын қазан көтеріп, ас береді. Сонда сылқия тоямыз, - дейді. Оны естіген қожайын дереу малайын сатып жіберді. Қайтып келе жатып: «Мына хайуандардың тілін түсінгенім қандай жақсы болды. Соның арқасында талай шығыннан құтылдым» деп марқаяды. Ертесі күні әдеттегідей ит пен қораздың жанына барса, екеуісөйлесіп отыр екен. Ит әддетегідей ашулы: - Ей, өтірікші қораз! Қане, сенің малай өледі дегенің... Қанша күн мені өтірікке тойлырып келесің. Сенің бұл қылығың дұрыс па?! Сондақ ораз: - Мен өтірікші емеспін. Малай өлді, бірақ мұнда емес, басқа жерде. Себебі, қожайын оны сатып жіберді. Негізінде, қожайын дұрыс жасамады. Өйткені, енді кезек өзіне келді. Бірінші, бәле-жала есекке келе жатқан еді. Есек өлсе, бәле-жаланың бәрі сонымен кетер еді. Бірақ есек сатылған соң, бәле бағыты атқа бұрылды. Ат кеткен соң кезек малайға бағытталды. Келе жатқан бәле-жала тоқтасын ба, малайды сатқан соң енді қожайынның өзіне тіке келе жатыр. Ертең қожайын өледі, сол кезде жақсылап тоямыз, - дейді. Мұны естіген қожайын көз жасын көлдетеді. Басын тауға, тасқа соғып өкініштен өзегі өртенді. Бірақ бәрі кеш еді... Қиссадан түсінгеніміздей, кейде басымызға келетін қиыншылықтар одан да үлкен пәлекеттерге кәффарат үшін жіберіледі. Кез келген қиыншылық – тәубе етіп, жөнге келуіміз үшін Жаратқан тарапынан жіберілген белгі. Үлкен кісілердің қандай да бір көлденең келген ұнамсыз істі көргенде: «Пәле-жала, пәлекеттің бәрі осымен кетсін!» деген сөзінің астарында Мәулана түсіндірген терең хикмет жатыр. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |