10:56
Тұлғалану толқындарында

БІЛІМ АЛ, ӨЗІҢДІ ЖЕТІЛДІР

Жалғыз сүйеніш, жалғыз үміт – оқуда. Теңдікке жетсек те, жұрттығымызды сақтасақ та, дүниедегі сыбағалы орнымызды алсақ та, бір ғана оқудың арқасында аламыз. Жақсылыққа бастайтын жарық жұлдыз – оқу. Надан жұрттың күні – қараң, келешегі – тұман.

Міржақып Дулатұлы

Адам баласы дүниеге көзін ашқан сәттен бастап, өміріне керек қарапайым қажеттілікті үйренуге мұқтаж. Тамақ жеуді, еңбектеп жүруді, тіл қатып, сөйлеудің өзін белгілі бір уақыттан соң ғана үйрене алады. Адамды басқа жаратылыстардан ерекшелейтін тұсы да осы. Мысалы, жан-жануарлар дамымайды, кемелденбейді. Әрқайсының өмір сүруге қажет қабілет-қарымы болмысында, туабітті табиғатында бар. Оларда сана жоқ. Сондықтан олар арнайы оқып-тоқып, үйренбейді. Олардың деңгей-дәрежелері бірқалыпты, төмендемейді де, өспейді де. Періштелердің адам секілді нәпсілік қалауы жоқ. Ішпейді, жемейді. Үйленбейді, көбеймейді, шаршамайды. Демек, күреспейді, қиындықтармен алыспайды. Ал күрес болмаған жерде өсу де, даму да жоқ. Барша періштелердің адамды мойындап, оған бас игендігінің сыры осында жатыр. Адамды періштеден үстем еткен ең биік қасиеті – оған үйретілген есімдер. Яғни, білім!

Адам білмеген нәрсесінің дұшпаны, әсіресе, хабары жоқ нәрседен күдіктеніп, қорқады, шегіншектеп тартынады. Ал қып біліп, зерттеп, білмеген нәрсесінің табиғатын, қыр-сырын түсінген кезде өз-өзіне сенімділік, батылдық пайда болады. Көкірегі күдіктен сейіліп, қадамы нық, даусы жарқын шығады. Білімді адамның кез келген іс-әрекеті, адаммен сөйлесу мәдениеті, ұжымды басқару қабілеті, ұрпақ тәрбиелеу жұмысы, жасаған кәсібі де өзгеше болады. Құранда: «Білетіндер мен білмейтіндер бірдей ме?!» («Зумәр» сүресі, 9-аят) делінгені де міне сондықтан. Басқа бір аятта: «Алла араларыңдағы шынайы иман келтіргендер мен өздеріне ілім берілген білімділердің дәрежесін еселеген үстіне еселей түседі. Алла сендердің не істеп, не қойып жүргендеріңнен толық хабардар» («Мүжәдала» сүресі, 11-аят) деп, бұл дүниеде де, ақыретте де білімді адамдардың дәрежесі үстем болатындығы білдірілген. Имам Шафиғи: «Бір сағат білімнің дәмін татпаған кісі өмір бойы надандықтың қорлығына тап болады», - деген. Иә, білім алу тегін емес. Бірақ надандық одан да қымбатқа түседі.

Ендеше, ең бірінші дағды – үнемі оқу, ұдайы үйрену болмақ керек. Өзіңе инвестиция салуға аянба, білімге ақша үнемдеме. Сапалы семинар, пайдалы курстарға қатыс. Абай айтпақшы: «Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз». Білімге салған қаражатың, жұмсаған уақытың мен қажыр-қайратың саған өмір бойы пайдасын тигізетін болады. Бірақ алаяқтардың ұйымдастыратын сапасыз семинар, курстарынан сақ бол!

Біліммен дос болсаң, өзіңе деген сенімділік те, жетістік те көп кешікпей жаныңнан табылады. Олай болса, қандай жаста болсаң да, нендей жағдайда жүрсең де әрдайым оқы, үйрен, білім ал. Үйрену ешқашан кеш емес. Үйрену оңтайлы уақытты, ыңғайлы жағдайды күтпе!

Қазіргі уақыт жылдам жылжуда, тез құбылуда. Барлық нәрсенің моделі сәт санап өзгеруде. Кеше ғана үйреніп-білген ілімің бүгін жарамай қалатын дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Ендеше, оқуды, үйренуді тоқтатпа! Әр күнің жаңа нәрселерді үйренумен, білім көкжиегіңді кеңейтумен өтсін!

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 13 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: