18:48 Тұлғалану толқындарында |
ӘУЕЛІ МИЫҢДЫ «ҚОҚЫСТАН» ТАЗАРТ! Жетістікке жетуді мақсат еткен кез келген адам – уақытының әрбір минутын жақсы амалдармен толтырып, күндік жоспар жасауға тырысады. Көп адам күндік жоспарын дұрыс түзе алмай, оны әртүрлі керекті-керексіз іспен үйіп-төгіп толтырып тастағандықтан, үнемі асығыс-үсігіс, стрессте жүреді. Тіпті жоспарлап алып, орындамаған істері үшін өзін кінәлі санайды. Өзіне деген сенімін жоғалтады. Нәтижесінде, жоспар бұзылғандықтан, армандары айда, өздері сайда қалады. Бәрін тастап, жоспарсыз бейқам өмірге көшеді. Мұндай жеңіліс уақытты басқару жолын білмегендіктен, жоспар жасаудың тиімді тәсілдері мен тетіктерін меңгермегендіктен туындайды. Әсілінде, жоспармен атқарылған бір сағаттық жұмыс бір апта бойы жоспарсыз жасалған жұмыстан артық өнім береді. Ісі дұрыс реттелген адамның көңілі тоқ жүреді. Өзін бақытты сезінеді. Бұл жайлы Виктор Франкл былай дейді: «Дұрыс жоспарданып, реттелген өмірдің екінші көрінісі – бақыт». Жоспар жасап, іске кіріспес бұрын миымызды керексіз «қоқыстан» тазалап, өзіңе қажет істерді анықтап алудың маңызы зор. «Ананы сатып алу керек, мынаны жасау қажет» секілді құмырсқадай құжынаған, шиеленіп шатасып қалған жіп секілді сан қилы ойлар, түрлі міндет миымызды торлап алады. Жұмыстың көптігінен қорқып, істі неден бастарын білмей, абдырап қалған адамның күйін кешесіз. Мидағы шашылып жатқан тізім адамды стресске итермелейді. «Ананы жасау керек еді, мынаны істеу керек еді» деген санадағы шашыраңқы ойлар жан дүниемізді мазалап, ұйқымызды қашырады. Өйткені адамның миы орындалмаған істі үнемі еске түсіріп, орындалуы керектігі жайлы үздіксіз дабыл беріп тұрады. Нәтижесінде, ағза сыр береді. Әсілінде, өмірімізді жоспарлау дегеніміз – үйіп-төгіп, керекті-керексіз істерді жасауға ұмтылу емес. өмірді қатаң қағидаларға, күрделі сызбаларға негіздеп, алда атқарылуға тиіс жүздеген жұмысты миға толтырып тастау адамды күнделікті өмірдің қарапайым қуанышынан қағады, ләззат алуына кедергі келтіреді. Мұндай қайшылық күндік кестенің бұзылуына, жоспардың мақсатына жетпей жарты жолда тоқтап қалуына әкеліп соғады. Жоспарлаудың нәтижелі болуы миды керексіз «қоқыстан» арылтып, өзіңе қажетті, ішкі құндылықтарыңмен қабысқан маңызды жұмыстарды атқара білуде жатыр. Ол үшін мидағы «Істеуім керек» деген ой-жоспардың әрқайсысын бөлек-бөлек кішкентай қағазға жазып, тақтаға іліп тастаңыз. Мысалы, «машина сатып алу», «айпад сатып алу», «ағылшын тілін үйрену», «суда жүзуден сабақ алу», «үй салу», «жаңа кеңсеге көшу», «шетелге демалысқа бару», «балаларды дәрігерге қарату», «денсаулықты тексерту», т.б. Сөйтіп, мидағы «қоқыс» қағазға түскенде барлық ой-жсопар көзге көрінетін, қолға ұсталатын материалдық затқа айналады. Сосын олардың ішінен шынымен өзіңе өте қажет істерді бөліп алып, тақтаға жеке қатарға қайтадан жапсырып шығыңыз. Ал керек емес деп шешкен істеріңізді бөлек қатарға жапсырыңыз. Керексіздерді анықтау үшін өзіңізге сұрақ қойыңыз. Мысалы, «көлік маған не үшін қажет?» деген сұрағыңызға «анда-санда ауылға барғанда», «достарыммен кездесуге» деген жауап болды делік. Ендеше, көлік алуды міндеттеп тұрған осы себептерді зерттеп көрелік. Ауылға жылына екі-ақ рет барады екенсіз. Оның үстіне жол тақтайдай тегіс. Сонда екі-ақ рет міну үшін сонша ақша жұмсап, көлік алу тиімді ме? Ал екінші себеп – «достарыңмен кездесуге» қымбат көлік мініп бару не үшін қажет? Мақтан үшін. Өзіңді олардың алдында төмен санамас үшін. Демек, «көлік алу» жай ғана эмоциялық күйден, нәпсілік қалаудан, басқалардың пікіріне тәуелділіктен туындаған ой болып шықты. Көліктің саған аса қажеттігі жоқ екен. Сондықтан оны «керек еместер» тізіміне кіргізесіз де, миыңыздан өшіріп тастайсыз. Миыңыз бір қоқыстан тазарды. Бұл жай ғана мысал. Осылай өзіңізге анық қажет істерді нақтылап алғаннан кейін, тақтаға негізгі сегіз бағыт: интеллектуалдық даму, хобби, жеке кәсіп, отбасы, денсаулық, рухани даму, әлеуметтік қарым-қатынас, қоғамдық жұмыс тақырыптарын жазыңыз. Сосын әр бағыттың астына оған қажет істеріңізді бір-бірлеп қайтадан іліп шығыңыз. Одан кейінгі қадам уақыттың ыңғайына қарай әрқайсысын жеке-жеке жоспарлаңыз. Өзіңіз жұмыс істейтін жерді артық заттардан тазартып, тәртіпке келтіріңіз. Біздің санамыз, көңіл-күйіміз өмір сүріп жатқан кеңістікпен тікелей байланысты. Артық кәкір-шүкір заттардан құтылып, ретке келтіргенде, санамыз да автоматты түрде тазарып, ретке келе бастайды. Киім тұратын гардеробыңызды көп қолданбайтын киімдерден босатып, ретке келтіріңіз. Көлігіңізді тазалығына мән беріңіз. Өмір сүріп жатқан кеңістікпен жиі қарым-қатынасқа түсетін сыртқы әлемдегі хаос санадағы хаосқа себеп болады. Смартфоныңыздағы қажет емес бағдарлама, суреттерді өшіріңіз. Ең көп қолданатын бағдарламаларды алғашқы бетке орналастырыңыз. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |