13:43
Тұлғалану толқындарында

ҮНЕМДЕУДЕ ОРТА ЖОЛ

Әрбір жақсы нәрсенің өлшеуі бар, өлшеуінен асса, жарамайды... Ішпек, жемек, кимек, күлмек, көңіл көтермек, құшпақ, сүймек, мал жимақ, мансап іздемек, айлалы болмақ, алданбастық – бұл нәрселердің бәрінің өлшеуі бар. Өлшеуінен асырса, боғы шығады.

Абай

Қаржы үнемдеу осы екен деп қымбат уақытыңды арзанға айырбастап алудан абай бол. Мәселен, базардан сапалы әрі ең арзан қызанақ аламын деп бүкіл базардағы қызанақтың бағасын сұрап, бірнеше сағат шарлап шығып, мың теңге үнемдегеніңмен, оның есесіне, қымбат уақытыңды жоғалтып алғаныңды білгейсің. Есептеп қарасаң, сенің бір сағатыңның құны «мың теңге» деген сөз. Іздеуге кеткен бір сағат пен энергияны одан да пайдалы іске жұмсауға әбден болар еді. Ендеше, ақша үнемдеген кезде уақытыңды бағалауды да ұмытпа!

Сонымен қатар ақша үнемдеймін деп жомарттық мінезге көлеңке түсіріп алмау жағын да ескер! Сатышу да пайда тапсын, 5-10 теңге қымбат алғаныңмен, біреуге пайдаң тиіп жатқанын ұмытпа! Үнемдеуде тым шектен шыққан адамның мінез-құлқында ақау байқалып тұрады. Бес-он теңге үнемдей алмай қалса, ашуға беріліп, айналасының апшысын қуырып бітеді. Бара-бара, «шық бермес Шығайбай» деген жаманға атқа қалып жатады.

Әбір нәрсенің ортасын білген кісінің екі дүниеде де жүзі жарық болады. Кейде адамдар арзан такси ұстаймын деп сағаттап тұрады. Мұндай кезде де жомарттау болған жақсы. «Ол да отбасын асырау үшін жүрген адам, сондықтан бес-он теңге болса да, оған пайда түссін» деген ойда болған пенде әуелі уақытын үнемдейді әрі сауап алады. Көңілі көтеріңкі жүреді. «Тағы да арзан алуға болмас па еді, қымбат төлеп қойған жоқпын ба?» деген секілді өкініштен құтылады. Бұл мәселеде ұстанымның осындай болғаны абзал. Адамдарға пайда тигізу әрі уақытыңды үнемдеу. Басын бес-он теңге үнемдеу ісінен босату арқылы басқа маңызды істерді ойлауға әрі атқаруға көбірек мүмкіншілік табады. Бұл тұрғыда сана кедейлігінен сақтану керек. Санасы кедей адам күллі дүниені қолына ұстаса да, өзін баймын деп есептемейді.

Үнемдеудегі негізгі мақсат – басқаларға алақан жаймау. Табысын оңды-солды шашып, керексіз жерге жұмсаған адам нағыз қажеттілік туған кезде қарызданып-қауғаланып беркесі қашары анық.

Мұның алдын алудың жолы – табыстың бір бөлігін ай сайын жинап отыру. Қордағы ақшаны «жоқ» деп есептеп, қажеттіліктерді «көрпеңе қарай көсіліп», қолдағы қалған қаржыңа қарай реттеген дұрыс. Осылай жасағанда белгілі бір уақыттан кейін қорда артық ақша пайда болады. Ақша тиыннан жиналады деген осы.

Бірақ қаржылық сауатқа қатысты жазылған кейбір кітаптарда тапқан табыстың 10%-ын депозитке жинау арқылы баюға болатындығы айтылады. Алайда бұл тәсілде белгілі бір мөлшерде өсім бар болғандықтан ислам қаржы талаптарына қайшы екенін білгеніміз жөн. Екіншіден, өсімнен көретін пайдаңды бір жылда инфляция жеп қояды.

Сондай-ақ өсіп келе жатқан баланың жан-жақты жетілуіне, түрлі спорт үйірмесіне, қосымша сабақтарға қатысып, білімі мен өнерін жетілдіруге ақша үнемдеу – үлкен қателік. Себебі балаға инвестиция жас кезінде салынуы керек. Бала өсіп кеткеннен кейін жиналған ақшаның түкке де пайдасы жоқ. Білімсіз, өнерсіз ұрпақтың мына заманда өз орнын табуы екіталай. Абайдың: «Құдайдан қорық, пендеден ұял: балаң бала болсын десең оқыт, мал аяма!» - дегені бекер емес.

«Айлықтан ақша жинап, кәсіп бастаймын» деу – көп қиялдың бірі. Әрине, аса көп мөлшерде айлық болса, онда әңгіме басқа. Бірақ шайлыққа әрең жететін айлықты үнемдеп, қаржы жинап кәсіп бастаймын дегеннен гөрі, біліміңді жетілдіруге, өзіңе аямай инвестиция салған әлдеқайда нәтижелі. Кәсіп бастау үшін ақшадан бұрын білім мен тәжірибе керек. Егер заманауи сауданы меңгерген тәжірибелі мықты маман болсаң, кез келген қалталы азаматқа барып, өз идеяңды айтып, жоба ұсына аласың. Серіктесіп бизнес жасауға әбден болады.

Жеке кәсібіңді бастамас бұрын, ірі компанияларда жұмыс істеп, тәжірибе жинап алғанның пайдасы зор. Кәсіптің қыр-сырын меңгеріп, тәжірибе жинау үшін қаржылай тәуекелге түспейсің. Білімді, білікті, еңбекқор маманды кез келген компания дұрыс бағалайды.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының Абай атындағы №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 99 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: