06:32 Тұлғалану толқындарында |
БАСҚАЛАРДЫҢ ЭМОЦИЯСЫН БАҚЫЛАҢЫЗ Адамдардың көңіл-күйін түсіретін, оларды ыңғайсыз жағдайға қалдыратын, жағымсыз эмоциясын оятатын әрекеттерден аулақ болыңыз. Мысалы, жұмысын дұрыс атқара алмаған қызметшіні бүкіл ұжымның көзінше сөкпеңіз. Ұрпақ сүйе алмай жүрген жандардың жанында сәбидің тәттілігі жайлы айтып, балаңызды аймалап, сүймеңіз. Жасы келсе де әлі тұрмыс құра алмай жүрген танысыңызға көпшіліктің ортасында «Қашан тұрмысқа шығасың?» деп сұраушы болмаңыз. Мұндай сұрақ оны ыңғайсыз жағдайға қалдырып, көңіл-күйін түсіреді. Өкініштісі, біздің қоғамда осы қателік жиі ұшырасады. Мұндай сұрақтардан мезі болған көптеген қыз таныстары жиналған отырыстан қашады. Бұл сұрақты ең жақын деген адамға жанашырлықпен, мәселені шешуге көмектесу мақсатында сырласып сұрауына болады. Кәсібі кері кетіп, дағдарысқа ұшыраған адамның жанында кәсібіңіздің дамып жатқанын айтушы болмаңыз. Мүмкіндігінше айналаңыздағы адамадрдың қызғаныш сезімін қытықтайтын әрекеттерден аулақ болыңыз. Абайдың: «Өзіңде бармен көзге ұрып, Артылам деме өзгеден. Күндестігін қоздырып, Азапқа қалма езбеден», - дегенін әр кез есте ұстаған жөн! Жетістік пен қуанышыңызды кез келген адамға айтпаңыз. «Жүсіп» сүресінде Жақып пайғамбар балаларына: «Қалаға барғанда барлығың топ болып бір қақпадан кірмеңдер. Бөлініп, бөлініп, бөлек-бөлек қақпадан кіріңдер», - деп ескертеді. Жақып пайғамбар балалары бөтен қалаға топ болып бір қақпадан кірген жағдайда, жергілікті халықтың оларға назары ауып, қызғануы мүмкін екендігін ескертіп, қауіп-қатердің алдын алуға тырысқанын байқаймыз. Қазақта мынадай даналық сөз бар. Құс қанша биікке ұшса да, оның әуелі қанаты емес, мойны талады. Ал жылқы қанша ұзаққа шапса да, оның тұйғы емес, белі талады. Ал адам қанша жерден жігері мықты, жаны сірі болғанымен, көңілі бос, жүрегі нәзік келеді. Ендеше, адамның көңіліне тиюден абай болыңыз! баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) Ақсу қаласының Абай атындағы №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |