23:05 Рухани-танымдық сүрлеулер |
ӨНЕР – ЖАНҒА АЗЫҚ Өнер – Алланың сыйы. Ол – өмірдің айнасы, ұлттың рухани келбеті. Ол – керемет құдірет, талант! Дүниенің барлық кілті өнерде. Өнер – қасиеттілік, қадір тұтар киелі дүние. Өнер қонған адам дұрыс қабылдап, оны көтере алса – бақытты. Шыңға да шығады, биікке де самғайды. Іздене білсе шарықтайды, талмайды. Жүрек қылын шертер, әуезді әндерді шырқар, құдіретті күйді төгер мамандық иелері – өнерлілер, шындала білсе аршындап өрге жүзер. Өнер – тытрғызбас қарап, қызмет етер өмірге жарап: мінсең ат, ұшсаң – қанат, кисең – жанат, ішсең – тамақ. Мұра мүлік тозады. Ал мұралы өнер тозбайды, қайта озады. Қыран қалықтаса да, самғамай қоймас, шынайы өнерге адам тоймас десек, оған өмірден көріп жүргеніміз дәлел бола алады. «Ойпаң жерге су жиналады, өнерлінің қасына ел жиналады» дегендей, байлығы – он саусағы, абыройы – өнері қаншама құрмет пен сыйдың иелерін мақтан еткен жөн.
ӘН ДЕГЕН НЕ? Ән – таңғажайып жағымды үн, сазды ырғақ, жүрек қылын шертер әуез, сазы бар музыкалық шығарма. Ән – сезімнің күші, қуаты, көңіл ырғағы, әуезді нақысы, ажар берер суаты, жүректің мұңы, шері, қасіреті, оның жылуы, өзгеге елеусіз лүпілі, тебіреністі толқыны. Ән – әсем үн шындығы арқылы, сұлулық кестесін тоқи отырып, қиялыңа қанат бітіріп, жан-жүрегіңді толқытып, жаныңды тебірентіп, тербеп, тыныштыққа шақыратын, жадыраған көңіл болса, одан сайын нұрландыра түсетін ұлы рух, құдіретті рухани күш, құдірет. Ән – ерекше өрнекті құбылыс, нәзік саз, адамға қуаныш пен шаттық сыйлар көкпеңбек нағыз көктем, самалды салқын жаз. Ән – шулаған адамды сабырға шақырардай, қайғырған адамның жүрек жарасын емдейтіндей, кірлеген жүрегін тазартатындай, барқыттай жұмсақ, жанға жайлы кереметтей тәтті үмітті ұялатар сенімді серік, ғажайып тылсым, баға жетпес дәрумен. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
|
| Всего комментариев: 0 | |
