22:50 Рухани-танымдық сүрлеулер |
Халқымыздың бұрыннан келе жатқан тәрбиелік сөздерінің біразы мынандай: Білімге көңіл бөлсең, қор болмайсың. * * * Қалтаңыз бен әмияныңызда керексіз мыжылған заттардың болмауын қадағалаған жөн болады. Олардан арылған дұрыс. * * * Ішімдікке, шылым шегуге тыйым екенін де еш ұмытпа! * * * Мүсәпірге садақа беруден кедейленбейсің, сондай-ақ, жетімге қолқайыр берсең, ал байлығыңнан шүлен үлестірсең қайырымына кенелесің. Сағынған адамыңа сәлемдеме жіберсең жеңілденесің. * * * «Той – Құдайдың қазынасы» деп бекер айтпаған. Тойға сый-сияпат жасасаң, кезі келгенде қайтатын өз мүлкіңе санай беруіңе болады. * * * Диқаншылықтың атадан қалыптасқан салтында айналадағы бақша өнімдерін екпейтін малшы қауымға тоғыз тарту рәсімі бар. Әр қапқа не қоржынға тоғыздан іріктеліп, көз тартар қауын-қарбыдардан салып, үйлеріне жеткізеді. Тоғыз тартылған үй иесі, диқаншылығына береке тілеп, жоралғысын жасайды. Мұндай алыс-берістен достық нығаяды. * * * Сыртқаттанған адамның көңілін сұрау, қалжыраған қарттардың қал-жағдайын, жетімнің жай-күйін, саудың амандығын біліп тұру адамгершіліктің биік шыңы екені ойда болғаны жөн. * * * Отау құрған жастарды шақырып, отыңмен таныстыру, жас босанған анаға қалжа жегізу парызың екенін ұмытпа. * * * Түскен олжадан тәбәрік берсең, берекең артар, қонақтан бұйымтай білсең, орында, ризалығын алып қайтар. * * * Болашаққа сеніммен қара, өткенге – салауат ет, қолыңдағыға береке тіле. Ала жіпті аттама. * * * Жасы кішілерге үлкендерді сыйлап, алдарынан кесіп өтпей, сәлем беріп жүру парыз есебінде саналуы тиіс. * * * Жасы үлкен ақсақалды кісілерден қарғыс емес, алғыс алуға бейімделу керек. Олардың ақ батасын алған жастардың болашақтары жарқын боларына сенімің болсын. * * * Тірі адамның үстінен бүтін киімін дар еткізіп жыртып, айыра салып шешу – нағыз масқара іс. Оның кесапаттыққа апарарын білетін бол. * * * Жылқының тектілігінен болар, тұлпардың басын бабаларымыз тудай қастерлеген. Кесірге ұшырамас үшін аттың басына қамшы тигізбеген. Құлынды тепсең, құрығың құтаймайды деген де бар. Сондай-ақ, бие туғанда құлынды алтын басты деп, оның серігі – шуын аяқ асты етпей, итке жегізбей, жерге көміп тастайтын ырым бар. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |