10:29 Рухани-танымдық сүрлеулер |
ҚАЗАҚТЫҢ ЫРЫМ мен ТЫЙЫМ ТЫЛСЫМДАРЫНЫҢ ӨМІРДЕ ӨЗ ОРЫНДАРЫ БАР Топтанып өмір сүретін құмырсқалардың илеуін бұзуға болмайды. Мүмкіндігіне қарай оларды қорғай білген жөн. * * * Бей-берекет төгілген ақтан келер зиян – сауын малының желіні ісіп кетеді. * * * Малдың төс сүйегінің сүріншегін алып тастамаса, сол үйдің балаларының мінген аттары сүріншек болар. * * * Нәрестенің желкесінен сүйген дұрыс аналмаған. Желке шұқырынан сүйілген бала өскенде кесірлі, жалқау болады екен. * * * Жасөспірім жігіт ожаумен су ішкен жағдайда болашақ келіншегінің мұрыны кепшіктей болар деген болжам бар. * * * Балық қылқанына қақалып, тамағына тұрып қалып, обалына қалып жүрмеуді көздеп, балықшылар әулеті қонағына балық аспайды. Қонағына балық қойғанның өзінде, «жеңіз» деп мезірет жасамайды. * * * Адыраспанның бәле-жаладан сақтауға септігі тиер деген сеніммен, қызыл лентамен орап, босағаның жоғары жағына іліп қояды. Баланың бесігін және сырқат адамды аластайды. * * * Алапес ауруына шалдығып қалмайын деген ырыммен балық жегеннен кейін балықшылар ағарған – айран, сүтті аузына алмайды. * * * Қазақта болған жамандықты мойнына белбеуін салып, екі қолын көкке көтеріп, тізерлеп отырып естіртетін көне ырым-дәстүр бар. * * * Өреден жас құрт алып жесе, жаңбыр жауады екен деген бар. * * * Жамандық біткеннің жолын кесу үшін жолына ақсарбас айтып, мойнына бұршағын салып тілейтін ырым болған. * * * Қызға қойдың кәрі жілігін ұсыну сөкеттеу болады. Себебі кәрі жілік мұжыған қыз күйеу көрмей, оң жақта отырып қалуы мүмкін. * * * Аң аулауға шыққанда бірінші соғылған аңды аңға алғаш рет шыққан адамның қанжығасына байлап алып қайтатын ырым бар. * * * Аяқ басқалы отырған жаңа жылды қалай қарсы алған болсаң, жыл бойы сол өз істегеніңнің нәтижесін көресің деген де ырым бар. Сондықтан да келер жылдан ол жақсылық күтіп, әркім өзінің өмірінің шатты өтуіне талпыныс жасап, ізгі ниетпен жақсы істер істеп, мойында қарыз-құрыз қалдырмауға әрекеттенгені жөн болады. * * * Қазақта жас кісі қайтыс болғанда қаралы ту қызыл, кәрі өлсе, ақ, орта жастағы кісінің қаралы туы – бір жағы ақ, бір жағы қызыл болады. Қаралы туды өліктің артын күтудің үлкен бір серті есебінде тіккен. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |