10:12 Рухани-танымдық сүрлеулер |
ҚАЗАҚТЫҢ ЫРЫМ мен ТЫЙЫМ ТЫЛСЫМДАРЫНЫҢ ӨМІРДЕ ӨЗ ОРЫНДАРЫ БАР Киім киерде әуелі оң қолдан бастап киіп, содан кейін ғана сол қолды кию керек. Ал шешкенде керісінше, сол қолдан бастап шешеді. * * * Таңертең төсектен оң аяғыңмен тұрсаң, күнің тиімді өтпек. * * * Ұйықтағанда аяқты есікке беріп жату дұрыс саналмаған. * * * Тұзды төгіп алу – бақытсыздық әкеледі деген ырым бар. * * * Оң қабақ тартса – қуаныш, сол қабақ тартса – өкініш нышаны. * * * Оң құлақ шуласа – жақсы, сол құлақ шуласа жаман хабар. * * * Күн мен түннің, жарық пен қараңғыға алмасар бейуақ шақтың ауырлығын ескеріп, қоқыс төгуге, ауырған адамның көңілін сұрауға, балтамен отын жаруға, ағаш аралауға, өткір жүзді құралдарды пайдалануға болмайды деген ырымдар бар. * * * Өлікке көңіл айтуға келген адамның сүйегі шығарылған шаңырақта ғана болып, басқа танысының, жолдасының не жақынының үйіне бас сұғып кіруіне тыйым салынған. * * * Үкінің үлпілдеген жүнін қазақтар үкі дейді. Оны қадірлеп, «тіл-көзден сақтайды» деп нәрестенің бесігіне, қалыңдықтың орамалы мен сәукелесіне, домбыраға, жалпы үй төріне, бәйге аттарына да тағып қояды. * * * Үкінің өзі қасиетті құс болғандықтан, ұзатылар қыздың жасауына қосылатын басты кәденің бірі де – үлпілдеген үкі. * * * Жас баланың шүйде-желкесіне шоқ шаш – тұлым қою қазақ ырымында дұрыс саналмаған. Ондай шаш ата-анасынан ерте айырылып, жетім қалған, туған-туысы жоқ балаларға «осы бала тұлдыр жетім» дегенді білдірер белгі ретінде қойылған. Мұндай баланы көргендер жетім екенін біліп, қамқорлық көрсететін болған. * * * Сәби дүние есігін ашқаннан бастап, төбесіндегі орайын қосып қарын шашын алмай қойылатын бір шоқ ұзын шаш – айдар. «Айдарлы бала айбарлы келеді, оған көз тимейді» деп есептеген. Айдар шаш сүндетке отырғызылғанда ғана алынатын болған. * * * Жас балаға көз тимесін деген ырыммен киімінің астарына түйреуіш қадап қоятын да ырым бар. * * * Мал құмырсқадай көп болсын деген ырымды ұстап, малдардың құлақтарына кесіп ен салғанда, құлақтан кесіліп алынған қанды бөліктерге ақ құйып, құмырсқалардың илеуіне апарып тастайды. Тасталған құлақтардың қанды бөліктерін құмырсқалар кешке дейін жым-жылас, қанталапай еткен болса, мал да сондай көп болмақ. * * * Бота-тайлақ ойнақтаса – молшылық еніп, тоқшылық болар, Кәрі түйе ойнақтаса – жұт келіп, жоқшылық болар. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |