10:59 Рухани-танымдық сүрлеулер |
ҚАЗАҚТЫҢ ЫРЫМ мен ТЫЙЫМ ТЫЛСЫМДАРЫНЫҢ ӨМІРДЕ ӨЗ ОРЫНДАРЫ БАР Табалдырықты аттай сала, аяқ киімімізді шешіп, сырт киімімізді іліп, қолды жуып отырғанымыз дұрыс боларын ойдан шығармау керек. * * * Жекжат-жұраттар мен құда, достардан сыйлыққа ит пен пышақ алмайды. Амасқан болса, жауығысуы мүмкін. Ең ақыры мысық алсаң да, алған жандының аман-сау өзіңде қалып, кездейсоқ өлімге ұшырап қалмауы үшін, ырым жасап, азғантай болса да ақша берген жөн. * * * Жұлдызды қолмен нұсқап көрсеткен, қазақ ұғымында дұрыс саналмаған. Нұсқаған адамның қолын сүйел қаптайтын көрінеді. * * * Қазақ әйеліне жайшылықта «қайғылы күн шақыру нышаны» деп, қара орамал салуына болмайды. Қара орамал: әйел жесір қалған жағдайда және баласы өлгенде ғана «баласыз әйелдің күні қараң» деген нышанды білдіретін болғандықтан салынған. * * * Аңшы атқан олжасының басы мен сауырын міндетті түрде өзі алып, қалған бөліктерін бөліп беретін дәстүр бар. * * * Мүшел жасқа толған адамның жолында кесір кездеспеуін көздеп, қимас заттарын не киімдерін достарына, ағайындарына, мұқтаж жандарға таратып, Құран оқытып қою ырымы бар. * * * Келіндер ата-қайнағаларымен қол алысып амандаспайды. * * * Келіннің күн шыққанша ұйықтап жатуы үлкен күнә саналады. Келін қалайда да енесінен бұрын тұруы тиіс. * * * От – үйдің иманы, сондықтан от таза қолмен жағылуы керек. Беті-қол жумай от жағуға болмайды. * * * Дән сеуіп жатқан егіншіге: «Бір дәнің мың дән берсін!» - деп, сәлемдесу салты бар. * * * Тісі қағылмаған басты тартуға болмайды. Ол біріншіден тазалыққа қайшы келері өзінен-өзі түсінікті. * * * Тісі қағылмаған малдың басы, әдетте, ренжіп жүрген адам үйіне келгенде, өзінің ренжігенін, әлі де тісін басып, өз қыжылын білдіргендігінің елгісі ретінде тартылған. * * * Сыйлы қонақтың алдына қоятын қойдың басын бөлек қазанға салып қайнатып, пісірген дұрыс саналған. * * * Екі қойдың басын бір қазанға салып қайнатуға болмайды. Себебі ел билегендер арасында ұрыс-керіс болып, жаманшылыққа бастайды. * * * Құран, намаз оқылып жатқанда сөйлеуші болма, тұрып кету тұрмақ, қозғалушы болма! баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |