21:40 Рухани-танымдық сүрлеулер |
ТӨРТ ТҮЛІКТІҢ ТҰҚЫМДЫҚ ЖҮЙЕСІНЕН ӨРБИТІН АТАУЛАРЫН БІЛІП, ЖАДЫҢА САҚТАҒАННАН ЕШ ҰТЫЛМАЙСЫҢ Жылқы атаулары Жылқының пірі – Қамбар ата (Жылқышы ата). Шаруаның бір пірі – Жылқышы ата, үйірленген жылқыны шұрқыратып, арқансыз ақ әкеліп өзің мата – дейтұғын жылқының жалпы атауы – Қылқұйрық. Жылқы түлегінің атасы – жүні тықырлау құла сары болып келетін, жалы келте, құйрығы қаралау, сымпиған, тұмсығы құлан иек, құлакер деп сипатталатын жабайы жылқы – Керқұлан. Жылқының арғы атасы – керік, бергі атасы – құлан. Бізге ол Пржевальский жылқысы деген атымен таныс. Сонымен қатар, қазір тұқымы жойылып кеткен жабайы, Тарпаң деген де жылқы болған. Малыңның тіні жылқы болсын, көшсең жылқы, майданда серік, ішсең сусын, жесең тамақ деген бабалардан қалған сөз бекер айтылмаған. Судың өзін тағыдан бетер талғайтын, тұнықтан сүзіп ішпей шөлі қанбайтын текті жануар жылқыны қазақ ең қалаулы мал санайды. Жылқы өте мінезді мал. Жылқы жайында Досбол биден мынандай нақыл қалған: Жылқының үсті – жел, сүті – ем, Мінсең – тұлпар, ұшсаң – сұңқар. Жүрісі – бұлбұл, қылы – шылбыр. Еті – бал, қазы-қарта, жал. Терісі – киім, тұяғы – бұйым. Қазақ үшін жылқы малы тектіліктің бірден-бір нышаны болып саналады. Оны төресіндей көреді. Енді сол жылқының атауларына тоқталсақ: Үлкен құлынды биені – боз бие, құлынсызын – қысырақ деп атайды. Айғыр сәуірден бастап, шілдеге дейін аралықта шағылыста болады. Бие – 12 айдан соң құлындайды. Құлын – алты айға дейінгі жылқы төлі. Жабағы – алты ай мен бір жас аралығындағы төл. Тай – еркек, ұрғашысы бірдей, бір жастан асып, екі жасқа келмеген жылқы. Бір жастағы тайдың жалы мен құйрығын сәуір айында күзейді. Арда – екі жасқа дейін енесін емген тай. Құнан – екі жас пен төрт жас аралығындағы еркек жылқы. Үшінші көктемнен бастап тек жалын ғана күзейді. Құнанша – құнан жасындағы кішірек еркек мал. Дөнен – төрт жасар еркек жылқы. Құнажын – екі, үш жас аралығындағы тоқтап кеткен, құлындамаған жылқы. Дөнежін – төрт жасар ұрғашы жылқы. Сойтал – төрт жасқа шығар, байталдан бір жас үлкен дөнежін жылқы. Қысырақ – қысыр қалған, жас байтал немесе бие. Бесті – бес жасар еркек жылқы. Қулық – тұмса құлындаған жас бие. Бие – құлындаған аналық жылқы. Қасаба – көп жасаған жасамыс, мама бие. Мама бие – сүтті, сарықарын, өрбіген ұрпағвы көп, сақа кексе бие. Саба бие – қарны «жер сызған», сары қарын үлкен бие. Ту бие – бір не бірнеше жыл қысыр қалған семіз бие. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |