13:41
Рухани-танымдық сүрлеулер

ҚАРСЫ АЛАТЫН КҮЛІМДЕП, ТОЙЛАРДЫҢ ҚАЗАҚТАРДА ТҮРІ КӨП

Тұсау кесер тойы

Тұсауы кесілмеген сәбидің сүріншек болатынын біліп, тұсау кесер ырымын жасаған.

Көпшілік адамның жүріс мәнері тұсауын кескен кісінің қимыл-қозғалысына ұқсас болары өмірлік тәжірибеде дәлелденген. Аяғын апыл-тапыл басқан сәбидің тұсауы кесіледі. «Тұсау» ретінде шөпті, ала жіпті немесе тоқ ішектің бірі таңдап алынады. Бұл – бала өмірге аяғын нық басып енсін деген ниет. Көпшілік жағдайда тұсауесуге ала жіп алынады. Ала жіп пайдаланудың өзіндік мәні бар. Есілген жіптің бір қабаты ақ, екіншісі – қара болады. Жіптің қос қабаты ажырамастай астасып, тығыз өріледі. Бұл тоқтаусыз ауысып келіп отыратын күн мен түннің белгісі. Сондай-ақ жалпы өмір мен тіршіліктің тұспалды бейнесі саналады. Сондықтан да қазақ халқы ала жіпке киелі деп қарап, айрықша мән берген. Тұсаукесу құрметіне елге сыйлы, сабырлы, байыпты адамдар ие болады.

Тұсау кесіліп, аяғынан алғаннан кейін:

Қаз-қаз, бөпем, қаз, бөпем,

Қадам бассаң, мәз болам,

Күрмеуің сенің шешілді,

Тұсауың жаңа кесілді,

Тақымыңды жаз, бөпем,

Аяғыңды соз, бөпем!

Адымыңа қарайық,

Басқаныңды санайық,

Қаз баса ғой, қарағым,

Құтты болсын қадамың,

Елгезек бол, ерінбе,

Ілгері бас, шегінбе,

Қаз басып, балам, жүре ғой,

Балтырыңды түре ғой,

Озып, бәйге ала ғой. –

деп жетелеп, сүйемелдей отырып бетін анасына немесе әжесіне бағыттайды. Жаңа аяқтанып тәлтіректеген ботадай жығыла-сүріне жасаған сәбидің алғашқы қадамына сүйсінген әлеумет бүлдіршінге қошеметті де ұмытпайды. Осыдан соң қрпағына ақ үміт, игі тілекпен сенім артып, жақсылық атаулыны жар сала тілейтін ата-ананың қуанышын бөлісіп, үлкен қария бата береді.

Берілер батаның нұсқасы ретінде төмендегі үлгіні берейік:

Балғыным тәтті бүлдіршін,

Қызыр бабаң бір жүрсін!

Шат күлкімен өмір сүр,

Алла демеп әрқашан,

Көкірегіңде Күн күлсін!

Тұсауың бүгін кесілді,

Ата-анаңа қуаныш,

Қадамың желдей есілсін!

Күн сайын бойың ширасын,

Керек етер кезінде,

Жиендік жасап, қағып түс,

Нағашыларыңның қимасын,

Сүрінбей жүр, шалыспа,

Қатарыңнан қалыспа!

Қайда-дағы алда бол,

Озып шығып жарыста,

Періштелер қорғаушы,

Табыла берсін жаныңнан,

Шаттықта болсын ата-анаң,

Тілеулес аңсап сағынған,

Сұлуларға арман бол,

Еліңе қорған бол!

Аярға алданба,

Байлыққа жалданба,

Сөзің көшелі,

Ісің еселі болсын!

Уа, Жаратқан Ием!

Балама мол бақытқа кенелген,

Қызықты ұзақ ғұмыр бер!

Еліне болсын елеулі ер!

Ел үмітін ақтасын,

Көбейте гөр дос-жақтасын!

Дәулет бер, даңқ әпер!

Тұғырлы тұнық бақ әкел!

Әумин!

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының Абай атындағы №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

Просмотров: 109 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: