20:38 Рухани-танымдық сүрлеулер |
ҚАРСЫ АЛАТЫН КҮЛІМДЕП, ТОЙЛАРДЫҢ ҚАЗАҚТАРДА ТҮРІ КӨП Шілдехана тойы Баланың өмірге келуі отбасы үшін теңдессіз шаттық, мол қуаныш, зор бақыт. Сондықтан да бала алғаш дүниеге келгенде тойланатын тойды, қазақтар шілдехана тойы, кей жерлерде шілделік деп атаған. Бұл той – тойлардың бастауы. Дүниеге келген баланы жын-шайтан иектемесін деген мақсатты көздеп, сондай-ақ нәрестенің құлағына сіңісті болуы үшін түнімен ән шырқалып, жыр айтылып, күмбірлеген күй тарту да бір толастамаған. Жаңа туған нәрестенің құлағына бірінші күні ән естілсе, болашақ өмірінің жақсы жоралғысы болған. Шырқалған әндердің құдіреттілігімен, өмірге жаңа келген нәрестенің құлағына, сазды әуен сіңе беретін көрінеді. Қазақ дәстүрінде жарық дүниеге келген нәрестеге шілдехана жасамау – үлкен айып, қасірет. Ол деген, қолында ас-суы бола тұрып жасамау – айып болса, жағдайы келмеу – қасірет деген сөз. Ескеретін бір жағдай: қырқынан шыққанға дейін жас нәрестенің сүйегі мен еті бірікпейді. Тап сол мерзімде балаға ауырлық әкелуден қауіптеніп, шілдехана өткен күннен басқа күндерде, бала қырқынан шыққанға дейін, бөгде адамға баланы қолға алып, жүзіне көз салып қарауына рұқсат етпеуді және де келіннің көзге көріне бермеуін дұрыс санаған. Мұны білгендер жас босанған бөпелі үйге, «келінге көз тиеді, балаға сұқ өтеді» деп, мүмкіндігінше кіре бермеген. Шілдехана бар жақсылықтың бастауы, бар игі тілектің анасы, қуаныштың төресі деп, шын көңілден нәрестенің болашағының жарқын болуын тілей отырып, жасы үлкен қария, не елге елеулі ақсақал бата береді. Шілдеханада юерілер ақ батаның нұсқасы төмендегідей болса дейміз: Сәлем, сәби бүлдіршін! Қызыр Баба бір жүрсін! Шат күлкімен өмір сүр, Жүрегіңде күн күлсін! Алла демеп, күлдірсін! Бауың берік мықталсын. Қиындықтар кездессе, Періштелер құтқарсын! Ата-анаңның сәбиім, Қуанышты гүлі бол! Сайраған бұлбұл тілі бол! Жүрекке төгер шапағын, Жарқыраған күні бол! Күш-қуат беріп, Жасаған! Ибалы болып, өскейсің. Игілікті әдеппен, Ізгілік үшін тер төккін! Шақалақ бүгін сәбиім: Кенде болма табыстан. Еліңе адал еңбек ет, Нәтиже көрсет, Намыстан! Үдесінен шық сенімнің, Ұзағынан болсын өмірің! Ешқашан сағың сынбасын! Періштелер қорғасын» Алла Тағала қолдасын! Әумин! Шілдехананы – дүниеге адам келді деп хабарлаудың құрметті салтанаты ретінде қабылдаған дұрыс болатын шығар. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) Ақсу қаласының Абай атындағы №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |