12:08
Рухани-танымдық сүрлеулер

ЕТ ЖАЙҒАП, КӘДЕ СҮЙЕКТІ БІЛУ ДЕ ӨНЕР

Басты қонаққа басиесі тұрғанда, әйел баласы әкеліп қоймайды. Ер адамның ұсынғаны жөн саналады. Жалпы басты бас болатын адам жеуі керек. Қасыңда ел басқарған, жұрт көрген, басқадан ақылы асқан адам отырғанда бас жеу – қорқаулықтың, не еш тәрбие көрмеген – көрлаттықтың ісі болып саналады. Дүниеде көп жасағандар да, көп жасайтындар да баршылық. Бастың қадірін көп жасағанға беріп қадірін кетіруге болмайды деген бұрынғылар. Сол бұрынғы өткендерден қалған қағида: Бастың иесі елге ие болатын бастық. Бастық жығылып бара жатқанға сүйеу, панасызға медеу, әлсізге демеу болатын адам деп білгендіктен басты да бастық ұстауы тиіс.

Бас келген соң бата сұралып, дәмге ауыз салынады.

Осы жерде тартылар бастың бір құлағын кесіп алып қалып, апаруда не сыр болуы заңды сияқты. Оның сыры, бұрынғылардың түсінігі бойынша, бақ не адамға, не малға қонады деген түсінік қалыптасқан. Соған сай, бақ сойылған малда болған жағдайда, кесілген құлақты алғашқы өз адамы ауыз тиген өз үйінде қалсын деген ізгі тілекке байланысты екен. Осы айтылғандарға байланысты: Қазақ салтында қазан төңірегінің бәсіресі – жақ, сирақ, өкпе, кеңірдек, ішек-қарын төрге сүйрелмейді. Бас ұстаған адамнан көзсіз басты қыдыртуды атам қазақ қос көрмейді дегенді ескерткіміз келеді.

Бабалар бастың миын жеуден де саясат шығарған. Бастың миынан отырғандар жеткенінше дәм татуға тиіс. Мидың өзін немесе басқа бас еттерімен, құйқасымен араластырып, мипалау етіп те ұсынады. Ондағы мақсат, ой – ми ортақ, оның ойы, ісі ортақ, ми қауымға қызмет істеуге тиіс деген тұжырым.

Ендігі айтарымыз: бауыздалмаған малдың арам болып саналатындығы. Ғылымның дәлелдеуі бойынша, малдың қаны ауру таратуға бірден-бір себепші. Содан да мал сойғанда Аллаға сыйынып, тиісті аятты айтып, адалдап, адал ас болуын тілеген. Қазіргі аңшылардың ішінде «оқ тиген, қан шыққан» деп есептейтіндер бар. Ол дұрыс емес. атып алынған аң да бауыздалуы керек. Бос дарақылыққа жол беру дұрыс болмайтыны әркімнің де есінде болу керек.

Сонан кейінгі ескерер бір жай: сойылған малдың ішек-қарыны, бауыры мен бүйрегі адам организміне қажетті дәрумендерге бай екендігін көпшілігіміз біле бермейміз. Ішек-қарынның аршуын қиынсынып, обал-сауапқа қарамастан қоқысқа ақтара салатындар да кездеседі. Ол мүлдем күнә іс, өте дұрыс емес. жуып-шайып, тұздап, бабына келтіріп, іске асырып, ас ретінде пайдалануға талпыну керек.

Халқымызда «Аш болсаң да асықтың етін асама, тоқ болсаң да тобықтың етін тастама» дейді. «Біреу қолымен ұстап қойған» деп, көп «білгіштер» етті лақтырып тастап жатады. Бұл обал-сауап дегендердің не екенін білмейтін, білуге де талпынбайтын немкеттілік, асқа деген селқостық, орны толмайтын нағыз ысырапшылдық.

Обал-сауаптан хабары бар адам, сүйекті етімен тастауға жол бермеген. Рәсуа ету күнә! Аталарымыз асықты жілікті мүжіп бола салысымен, асығын алып етінен тазартып, баласы бар үйге арнап, беріп отыруды әдетке айналдырған. Немесе бала күтіп жүрген келіншекті әдейі шақырып алып: «Лайым, ұлды бол! Осы асық сол ұлды күтіп жатсын. Сақтап қой!» - деп ырымдаған. Сондай-ақ үлкендер жас жігіттерге қолдарындағы сүйекті ұсына отырып: «Келіншегің сұлу болсын десең, сүйекті тазалап, жалтырата мүжі», - деп ұстатқан.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының Абай атындағы №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 120 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: