10:38
Рухани-танымдық сүрлеулер

ТАБИҒАТ ТАҢҒАЖАЙЫПТАРЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ҰЛТТЫҚ ҰҒЫМДАР

Ел ішіндегі есепшілер күн есептеудің, оның райын болжаудың дәстүрлі амал-тәсілдерін жақсы меңгерген. Олар жаз есебін күн мен түн теңелген жаңа тоғыс жаңа күн – 22 наурыздан бастайды. Төрт түлік малдың бұл түнгі мінез-құлқы жіті болады. Сондықтан да, қысқаша бір қайталап қойсақ артық болмас:

Егер ол түні түйе ернін жиі жыбырлатып, ал жылқы оқыранып жұтынар болса, көктем ерте шығады.

Егер ол түні қой қорасына еркін, алшаңдай басып кірсе, көктем ерте келеді.

Қыс есебі күн мен түн теңелген екінші тоғыс – мизам туғаннан бастап жүргізіледі:

Сол күні түйе бір жағына ықтап, жайсыз жатып, мазасыз сезініп шықса, қыс қатал боларын білдіреді. Ал басын құбылаға беріп, төрт аяғы төрт жаққа керіліп ұйықтаса, ол жылы қыс жайлы болады.

Халық ұғымындағы табиғатта болатын ерекшеліктер мен олардың атауларына назар аударайықшы:

Жыл басы – Жаңа күнгі таңның атуы мен күннің батуын назарға ала отырып, жылдың қалай боларына назар аударып отырған. Мысалы, сол күнгі таң жанған оттай қызарып, күн алаулап шыққан болса, ол жылы өрттің көп болып, өлім-жітімге жол берілетіндігін болжаған;

Таң сары қызыл болып атып, шақырайып шыққан күннің ыстығы бірден бетке ұрып тұрса – ол жылда құрғақшылықты күткен. Сондай-ақ, таулы жерлерде тасқынның жиі орын алатынын, шалғынды далада өрттің жиілеу ықтималдығы артатынын тұспалдаған;

Таң суәлесін шаша рауандап атып, күн шапағы мамыражай жайлылық көрсете шығар болса, ол жылдан молшылық күткен;

Бұл күні жылтылдап көз шағылыстырар ұлпа қар жауған болса, оны – тез еритін «Наурыздың ақша қары», «нұр болып жауды» деп, жылдың өте жақсы болып өтеріне балаған.

Ұлыс күнінде қар жауған жағдайда, көктемнің шығу мерзімін қар бетіне құмалақ шашу арқылы болжаған. Егер құмалақ қар бетінде домалап жүрсе, көктем 40 күнге кеш келіп, құмалақ қарға батып кетсе, көктем ерте келерін тұспалдаған.

Сол күнгі Шолпан жұлдызының тууына қарап, Шолпан жарқырап көрінсе, шөп пен егін бітік шығып, ал шұнтиып туса, көк те мардымсыз, құрғақшылық жыл болар деп долбар жасаған. Мұндай жыл, әрбір сегіз жылда қайталанып отырар деп күткен.

Бұрынғы кездерде халықтың тіршілігі көбінесе ауа райына байланысты болған. Олар жан-жануарлардың мінез-құлқын бақылаумен қатар, шөптің шығысын бақылаған. Мысалы, көктемде көртышқан інін өзен жағасына тым жақын қазса, ол жылдан жаңбырдың аз жауарын күткен. Ал көртышқан шығарған топырақты ін ернеуіне тым жақын үйсе, алда қыс қатты, ал қашықтау үйсе, жылы болады деп болжаған.

Көктемде қазтаңдай көп шықса, егін, шөп мол болады деп ұққан.

Қалайда да жыл басы жақсы басталған болса, онда аяғына дейін жақсы боларына сенімді болған.

Есепшілер көктемде болған құбылыс күзде, жаздағы болған құбылыс қысқа сәйкес келіп күнбе-күн қайталанып отырарын білген.

Көшпенділердің байырғы астрономиялық түсінігі бойынша, бір жыл алты ай жаз, алты ай қыс болып, екіге бөлінген. Үркер төмен түсіп, Таразы туғанға дейінгі, яғни 21 наурыздан 21 қыркүйекке дейінгі аралықты жаз айларына, ал Сүмбіле туып, Үркер көкке көтерілген, яғни 21 қыркүйектен 21 наурызға дейінгі аралықты қыс айларына жатқызған.

 
 
 

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

Просмотров: 280 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: