12:48 Рухани-танымдық сүрлеулер | |||
ТОҢАЗУДАН БОЛАТЫН АТМОСФЕРА ҚҰБЫЛЫСТАРЫНЫҢ ӨЗГЕРІСТЕРІНЕ ҚАРАЙ КҮН РАЙЫН БОЛЖАУ Тоңазу әсерінен болатын атмосфера құбылыстарына қырау, қылау, шық, шаңыттау және кәдімгі қар жатады. Міне, осы құбылыстарға қарап та күн райын болжайды. Айталық, қылаулай жауған қар ұзаққа созылады. Соған қарап, «қарды қылау өсірер» деген мәтел және «қар белгісі – қылау» деген сөз қалған. Аталарымыз қырау көбейсе, кешікпей қар жауарын білген. Қар жауып өткеннен кейін қырау мен қылау көбейіп, күн шаңыттанса, күн ашық болып жылына бастайды. Түнде ауа дымқыл тартып, шықтатса, ертеңіне күн жылы боларының белгісі. Жерге шық түсті дегенше, кәдімгідей-ақ күн салқын тартып, суытып, күз түскенін біле беруге болады. Шық – ол суық болған көктем мен күздің салқын түндерінде таңертеңгі топырақты дымдап, шөптердің басында мөлдіреп тұратын атмосфералық дымқыл су тамшысы. Түн суық болғанымен шық түспесе, ертеңіне күн райы жақсы болады деп күтілген. Түн қыраулы болса, күндіз жауын жаумайды. Жерге үрпиген қырау түссе, күн жылынарын біл. Шық қалың түскен жылдары, шөп те қалың шығады. Халықтың күн райын болжау салтында, тоңазудан болатын қырау, қылау, шық, шаңыттау сияқты көріністерді жауын-шашын мен қыста жауатын ақ түсті тоңазыған атмосфералық тосапты қардың белгісі деп білген. Қардың жауу түріне сай жеке атаулары бар. Олар: Қылау – сілбілеп, ұшқындап түскен ұлпа қар. Ақша қар – жаңа жауған таза қар. Сонар қар – алғаш жауған қалың қар. Ұлпа қар, күпсек қар – қалың жауған таза қар. Бір жерлерге жауып, басқа жерлерге жаумай ала түскен қарды ала қанат қар деген. Жапалақтаған ірі түйіршікті қар – жапалақ қар. Қырбақ, қырбық қар – ұшқындап жер бетіне жұқалап қана жаңа жауған қар. Жылбысқа қар – ери жауған қар. Қар жерге түскенмен асты еріп, беті көпіршіген жұмсақ қарды көбік қар дейді. Қиыршық қар – жентектелген түйіршік қар. Күртік қар – жел үріп үйілген, бекіп үлгермеген, жаяу жүргенде ойылып кететін, беті қатқан қалың қар. Ұзақ жатқандықтан тапталып қалған қалың күртік қарды омбылы қасат қар дейді. Жаңбыр тамшылары жерге қатты түйіршіктеліп, мұз болып түсіп жатқан болса, ол – мұздақ болады. Ал сол қар үстіне жауған мұздақтың әсерінен мұзды түйіршікті қарға айналса, оны – сырғанақ қар немесе мұздақ қар деген. Ат бауырлайтын, тапталған қалың қар – омбы қар. Сүрі қар – ерте түсіп ерімей, жатып алып, тозаң мен топырақ сіңіп, беті күлгін тартқан, нығызы қалыңдаған қар. Көлік жүрісіне бөгеу болатын, мызғымай ұзақ сіресіп жатқан, аяқ бастырмас, сір қатты қарды сіреу қар дейді. Үйіме қар – қатты жел мен күшті соққан боранның әсерінен сырғи отырып, таутөбе болып үйіоген қар. Үрме қар – жел үрлеп, үйіріп әкеп, сайлау жерлерде жинақталған тығыз қар. Анжыр – қардың еріп кетуінен соң, жер бетінде аралас жатқан қатқан қарлы мұз. Қыстың аты қыс. Қыс жер бетін жауып жатар қарымен көрікті. Қыс болған соң даланың қарлы болып сіресіп жатқаны кімге болса да жақсы көрінері белгілі. Дала қарлы болса, көктемде еріген қардан жерде дым мол болып, жер нәрлі болады. Нәрлі жерге шөп те, егін де жақсы шығатынын біліп жүрейік. жиған-терген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| |||
|
Всего комментариев: 0 | |