12:07 Рухани-танымдық сүрлеулер | |||
АСПАН ӘЛЕМІНДЕ БОЛЫП ТҰРАТЫН ҚҰБЫЛЫСТАРҒА ҚАРАП, АУАДА БОЛАТЫН ӨЗГЕРІСТЕРДІ БОЛЖАЙ АЛАСЫҢ Бұлттарға қарап, күн райын болжаудағы халық тәжірибесіне тоқталсақ: Күн батар кезде бұлттар қызарып көрінсе, ертеңіне аспан ашық, күн жылы боларын болжай бер. Таң ағарып атаркезде бұлттар қызғылт тартса, күн жауын-шашынды болады. Кешке қарай бұлттар сұрланып көрінсе, ертеңіне күн райының бұзылар белгісі. Батыстан шығысқа қарай бұлттар жеделдете жөңкіле көшіп жатса, кешікпестен күшті жел тұруын күте бер. Жазда аспанды қара бұлт торлап алса, кешікпестен өткінші жауын жауып өтеді. Ал қыста аспанда ақ шаңқан бұлттар пайда болса, қар жауарының сыңайы екен де, бұлттар желге қарсы көшсе, жауын жауар белгісі екен. Жазда да, қыста да бұлттар төмендейтін болса, жауын немесе қар жауады. Ал бұлттар аспандап көтерілсе, күн райы жақсы болады да, бұлттар ерсілі-қарсылы көше бастаса, күн райы тұрақсыздыққа түседі. Жалпы бұлттар жолақты болып, созылып жататын болса, жаз жауынды, қыс жылы болады деп күткен. Қыста бұлттардың көлеңкесі анық болатын болса, қыс жайлы боларының белгісі. Бұлт қоюланып, аспанда алай-түлей күйге түсе бастаса, күшті дауыл соғып, өткінші құйма жауын жауады. Біртұтас бұлттардың шеті қарая бастаса, жауын жауады-дағы, біртіндеп ағара бастаса, жауын сейіледі. Таңертеңгі ашық аспанда кенеттен ақ бұлттар пайда болғанмен, келер бір-екі күннің жақсы боларын күтуге болады. Аспанды әртүрлі бұлттар қаптайтын болса, күн суытып, бұзыларының белгісі. Ал қар немесе жауын жауып тұрғанда бұлттар желге қарай көше бастаса, жауу тоқтарын білуге болады. Таңертеңгі тұман көкке көтерілмей, жер бауырлап жатып алған болса, кешікпей күн ашыларын болжай бер. Күн ашылған соң, көкке көтерілген тұман бұлтқа айналып, жерге қайтадан жауын болып жауарын бәріміз де білетін шығармыз. Көктем, жаз, күз айларында түс ауа аспанда селдір бұлттар пайда болып, кешке қарай ыдыраса, келер күндер жауынсыз, ашық тымық болмақ. Қыста бұлттар желге қарсы көшетін болса, қар жауады-дағы, бұлт ортасынан ыдыраса, күн суытарын білдіргені. жиған-терген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| |||
|
Всего комментариев: 0 | |