21:15
Әдет әдептері

ӘДЕТТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУ ҚАДАМДАРЫ

Бауыржан Момышұлына еліктеу

Әскери оқуға түсетін адам «мен Бауыржан Момышұлының шәкіртімін» деп, батырды үлгі тұтса, соның сипаттарын сіңіреді. Соның кітаптарын оқиды, сол кісі туралы жазылған еңбектерді оқиды. Сол сияқты батыр, тез шешім қабылдағыш, зерек, мерген, өлсе де бір ауыз өтірік айтпайтын шыншыл боламын дейді. Кез келген жағдайда Бауыржанның атынан әрекет етеді. Оғаш тірлік жасаса, батырдан ұят болды деп, артынша жуып-шаяды.

Батырдың сабырлығы мен батылдығынан бір мысал келтірейік. 1942 жылы Ұлы Отан соғысы кезінде полкты басқарып тұрғанда бір шайқаста Бауыржанның арқасына оқ тиіп, омыртқасына қадалып қалады. Есінен талып қалған командирді сарбаз оқ пен оттың арасынан арқалап өтіп, далалық ауруханаға әкеледі. Дәрігер қарап госпитальға апармаса болмайды дейді. Осы кезде есі кіріп, соңғы сөзді естіген Бауыржан дәрігерден сұрайды:

- Скальпелің бар ма?

- Жоқ.

- Өткір бәкің ше?

- Жоқ.

- Ұстараң бар ма?

- Бар.

- Ендеше соны спритпен шай да, оқ тұрған жердің етін кес!

- Олай етуге болмайды, жолдас капитан...

- Болады! Бұйырамын! Орындамасаң, атамын! – деп етбеттеп жатқан күйінде оң жақ жамбасындағы кабураның аузын ағыта бастайды. Дәрігерге де жан керек, дереу айтқанын істейді. Арқасын ешқандай жансыздандыратын дәрісіз кескілей бастағанда, батыр пистолеттің сабын сындырардай қысып, тісі шықырлап жатады. Сәлден соң омыртқаға тірелген оқты алып, қолына береді. Жарасын дереу тандырып, қайтадан ұрыс даласына кетеді. Бірнеше күн қатарынан жаумен жағаласып, жан ұшырып жүргенде арқасындағы жараны ұмытып та кетеді.

Осындай адамды үлгі тұтқан үлгі адам қалайша жаман болсын!

Кейде үлгі тұтатын адам таппасаң, онда образ табу керек. Мысалы, педагогикалық мамандық таңдасаң, онда «мен ұлт ұстазымын» деп өзіне образ таңдауыңа болады. Соның сипаттарын бойыңа сіңіре бастайсың. Ұлт ұстазы темекі шекпейді, ішімдік ішпейді, спортпен айналысады, бос уақытын текке құртпайды, оқушыларға сабақ беретін пәнін бүге-шігесіне дейін біледі, тәрбиелеудің әдістерін біледі, бос сөз сөйлемейді, бірнеше тіл біледі.

«Мен әлем жазушысымын» деп образ таңдасаң, онда саған ешкім кітап оқы, күнделік жаз деп айтпайды. Бұларды сен осы образға лайықты болу үшін істейсің.

«Мен физика бойынша Нобель сыйлығының лауреатымын» деген образды таңдасаң, физика әлемі сенің өміріңе айналады. Оның формулаларын, кванттық есептерді түсіну қиын болмайды. Бұл образ сені Нобель сыйлығын жеңген адамдармен сөйлесуге, ірі ғалымдармен жүздесуге, әлемдік конференцияларға қатысуға, бірнеше тіл білуге итермелейді.

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 7 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: