16:53 Құдайтану баяны |
ТАУХИД: ИСЛАМ ҚҰДАЙЫ 610 ж. шамасында ешқашан Тәуратты оқымаған, бәлкім, Исайя, Иеремия және иезекиил туралы да естіп көрмеген, Хижаздың ғажайып Мекке қаласында тұратын араб саудагері, көне еврей пайғамбарлары басынан өткен жағдайға ұқсас оқиғаны бастан кешірді. Меккедегі құрайыш тайпасынан шыққан Мұхаммед ибн Абдолла жыл сайын, рамазан айында отбасымен бірге қала сыртындағы хира тауындп рухани оңашалануды әдетке айналдырған болатын. бұл түбекті мекендейтін арабтар арасында біршама кең тараған құбылыс еді. Мұхаммед ертелі-кеш арабтардың Ұлы Құдайына ғибадат етіп, осы қасиетті мезгілде өзіне амандаса келген жоқ-жітік адамдарға қайыр-садақа үлестірген. Ол көп уақытын мазасыз ойдың құшағында өткізген болуы да мүмкін. Өмірінің соңғы кезеңдері көрсеткендей, Мұхаммед ілгерідегі дақпырты басылмаған тамаша табыстарына қарамастан, Меккеде жүргенінде көңілін әлдеқандай бір зіл басып, өзін дімкәс халде сезінетін. Небары жарты ғасыр бұрын құрайыштар да, араб шөліндегі басқа да бәдәуи тайпалары секілді, қолайсыз көшпелі өмір салтын ұстанып, әр күнін тіршілік үшін жанталаспен өткізетін. Алайда VI ғасырдың аяғына таман олардың саудада қолы өте берекелі болып, Мекке қаласы Арабияның ең іргелі қонысына айналып шыға келді. Енді құрайыштар қиял жетпес қисапсыз байлыққа кенелді. Бірақ олардың өмір салтындағы күрт өзгерістер тайпаның байырғы құндылықтарының орнын тойымсыз және қайырымсыз дүниеқұмарлық басқанын байқатты. Халық бағытынан жаңылып, адасып қалғандай күй кешті. Мұхаммед құрайыштардың қауіпті жолға түскенін көріп, оларды жаңа жағдайға бейімдеп, жөн сілтеу үшін бір құтқарушы ілімді табу қажет керектігін пайымдады. Ол кезде саяси шешімдер көбінесе діни сипатта болатын. мұхаммед руластарының жаңа діні ақшаға құрылып жатқанын түсінді. Бұған таңғалудың да қажеті жоқ еді, өйткені олар дәл осы байлық көшпелі өмірдің тауқыметінен, үнемі жалғасып жататын аштық пен Араб шөлін мекендеген тайпалардың қатыгездігінен құтқарғанына күмәнданбайтын. Әрбір тайпа күн сайын жойылып кету қаупімен бетпе-бет келетін. Енді қажетті азықтары көп Мекке біртіндеп сауда-саттық пен қаржылық қатынастардың халықаралық орталығына айналды. Тіпті тайпа мүшелерінің кейбіреулері байлық мәңгілік өмір сыйлайтынына сенетіндей көрінетін. Мұхаммед мұндай тоғышарлық (истака) культі тайпаны түбі ыдырататынын білді. Бұрынғы көшпелі тіршілікте бірінші орында қоғамның қамы тұратын, ал жеке мүдделер екінші кезекте еді: барлығы да өз өмірлерінің, тайпаның амандығына байланысты көркейетінін түсінетін. Өзі кіретін этникалық топтағы жоқ-жітік пен кедей-кепшікке көмек қолын созу мүлтіксіз орындалуы тиіс парыз іспетті еді. Ал қазір қауымдық құндылықтар индивидуализммен алмасты, бақталастық дағдылы іске айналды. Адамдар тек қарақан басының қамын ойлап, жоқшылық тауқыметін тартқандарға назар аудармайтын болды. Тайпадағы әрбір ру Мекке байлығынан қомақты үлес алу үшін өзара бәсекеге түскен еді. Бағы тайған кейбір рулар (Мұхаммедтің руы хашимилер секілді) опат болудың алдында тұрғандарын сезетін. Егер барша құрайыштар өз өмірлерінің өзегі ретінде биік мұраттарға ұмтылып, ашкөз менмендіктерін жеңбейтін болса, көп ұзамай моральдық және саяси тұрғыдан әбден әлсіреген тайпа өзара қақтығыстар нәтижесінде жойылып бітетінін Мұхаммед жақсы сезінді. Арабияның басқа аймақтарында да жағдай мәз болмады. Хижаз бен Нәжд мекендерінде бәдәуи тайпалары күнкөріс үшін өзара қатал күрес жүргізетін. Тайпа тіршілігін қамтамасыз етуге тиіс қоғамдық рухты әлсіретіпалмай, қауіпсіз өмірдің кепілдігі үшін, арабтар тіпті діннің орнын да алмастыра алатын мурувва идеологиясын қалыптастырды. Дәл мағынасында бұл дін арабтарға тән емес болатын. оларда пұттар пантеоны мен құлшылық орындары болды, әйтсе де бұл құдайлары мен қасиетті орындарының рухани өмірдегі орнын айқындап беретін, жетілген мифология қалыптастыра алмаған еді. Арабтарда о дүниелік өмір сенімі де жоқ еді, оның орнына «заман» немесе «тағдыр» ретінде аударуға болатын, дәһрдің жоғарғы күшіне сенетін, өлім көрсеткіші өте жоғары саналатын бұл қоғамда мұның маңыздылығы түсінікті жағдай. Батыстық ғалымдар мурувва түсінігін көбінесе «ерлік, жауынгерлік» мағынасында аударып жүр, бірақ оның мазмұны бұдан да ауқымды: бұл ұғым соғыста – жауынгерлік, қайғы-қасіретті – сабырлық пен қайсарлықты және өз тайпасына адалдықты, шын берілгендікті көрсетеді. Мурувваның адамгершілік канондары бойынша, бәдәуи қарақан басының қауіпсіздігін ойламастан, тайпа басшысы сайидқа сөзсіз бағынуы тиіс. Әрбір араб тайпасына қарсы жасалған қиянат өшін алу үшін, осы іске өзін тұтастай арнауы тиіс және тайпаның әлсіздерін панасына алуы керек. Сайид тайпа тіршілігін үйлестіру үшін азық-түлік пен мүліктерді теңдей бөлетін, ал тайпаластарынан біреуі өлтірілсе, «қанға – қан, жанға – жан» ұстанымы жүзеге асатын. Міне, осы жерде қауымдық этика анық көрінетін. Қылмыскердің өзін жазалаудың қажеті жоқ еді, өйткені исламға дейінгі Араб қоғамында тұлғаның артына ізі қалмай жоқ болып кетуі бір сәттік шаруа болатын. кек алу үшін, жау тайпаның кез келген мүшесі жарай беретін. Орталық басқару тетігі қалыптаспаған, әр тайпа өз заңымен өмір сүретін және қазіргідей тәртіп сақшылары жоқ қоғамда қанды кек әлеуметтік низамды реттейтін жалғыз ғана жол болатын. егер тайпа кек қайтара алмаса, басқа тайпалар алдында дереу абыройынан айрылатын, сәйкесінше көршілері оларды қырып-жойса да, жазасыз қалу құқығына ие болатын. осылайша, қанды кек «әділдіктің» тұрпайы түрі болатын, әйтсе де осының арқасында, ешбір тайпа басқаларынан өзін үстем санай алмайтын. Бір жағынан, бұл әдістер кейбір тұста көптеген тайпаны зорлық-зомбылықтың тұйығына қалдыратын: кейде кектің құны – әуелгі қылмысқа сәйкеспесе, тағы да адам өліміне ұласып кете беретін. (жалғасы бар) әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |