21:39
Құдайтану баяны

БІР ҚҰДАЙ

Филон өлген жылы Александрияда еврейлер ереуілі басталды, барлық жерде еврейлер тарапынан көтеріліс шығу қаупі үдеді. Б.д.д. І ғасырда Африканың солтүстігі мен Таяу Шығысты Рим империясы жаулайды. Римдіктерді де эллиндік мәдениет еліктірді. Олардың байырғы құдайларына грек пантеонынан орын табылды, ал өздері эллиндік философияны таңғала қабылдады. Гректерден қабылдамаған бір себебі – еврейлерді жек көрушілік. Жалпы айтқанда, римдіктер еврейлерге зор құрмет көрсетті, себебі Римді жау көрген грек полистерінде еврейлерді өздеріне сенімді одақтас санады. Еврейлердің дініне де толық еркіндік берілді: израилдықтардың дінінің көнелігі баршаға мәлім еді, осының өзі-ақ құрметке лайық көрінді. Еврейлер мен римдіктер арасындағы қарым-қатынас өзгенің билігін жақтырмайтын Палестинада да жаман болмады. Б.д. І ғасырында иудаизмнің Рим империясындағы жағдайы біршама тұрақтанды: еврейлер оның тұрғындарының оннан бір бөлігін құрады. Филон өмір сүрген Александрияда еврейлер үлесі бүкіл тұрғындардың қырық пайызынан кем емес еді. Рим әлемі ол дәуірде жаңа діни ұйғарымдар іздестірді. Бір Құдайға табынушылық идеяларына қатысты көп хабар келіп жатты, ал жергілікті құдайлар бірте-бірте күллі ғаламды қамтыған біртұтас құдіреттің бөлшектеріне айналып бара жатты. Римдіктерді әсіресе иудаизмнің биік адамгершілік қағидалары қызықтырды. Белгілі себептермен сүндеттелуді және Тәураттың барлық заңдарына бағынуды қаламағандардың біраз бөлігі көп ретте синагогалардың құрметті мүшелеріне айналды. Мұндай сенім жолындағыларды – «құдайдан қорқушылар» деп атады. Ондайлардың саны арта берді, тіпті Флавий императорларының бірі (кейін Константиннің христиандықты қабылдағанындай) яһуди дінін қабылдаған деген жорамал да бар. Дегенмен Палестинада саяси белсенділердің тобы рим билігіне ашық қарсылық көрсетті. Б.д. 66 ж. олар Римге қарсы көтеріліске шығады да, рим әскерлерінің қыспағына төрт жыл бойына шыдап бақты. Билік басқа жерлердегі еврейлер де бас көтереді деп қауіптеніп, ереуілді қатыгездікпен басып тастайды. 70 жылы жаңа император Веспасианның әскері Иерусалимді басып алып, ғибадатхананы жермен-жексен қылады, ал қаланың атын римше «Элия Капитолина» деп өзгертеді. Еврейлер бұрынғыша тағы да қуғын-сүргінге ұшырайды.

Жаңартылған иудаизмнің символына айналған ғибадатханадан айырылу діндарлар үшін үлкен қайғы болды, бірақ диаспоралардағы гректенген қандастарынан қашан да дәстүршілдігімен ерекшеленген палестиналық еврейлер ауыртпалықтарға алдын ала қамданып үлгерген секілді. Қасиетті мекенде бірінен кейін бірі көптеген секта пайда бола бастайды. Олардың әрқайсысы Иерусалимдегі ғибадатханадан бас тартады. Оссиндер (ессеи) мен Құмран сектасының мүшелері ғибадатханада сатқындық пен азғындық жайлап тұр, сондықтан діндарлар Өлі теңіз жағасын жайлаған монахтық рухтағы қауымға ұқсаған кішігірім топтарда өмір сүруге мәжбүр деп есептеді. Секта мүшелері жаңа әрі теңдесі жоқ Рух ғибадатханасын моғуды армандады. Ескі құрбандық шалу ғұрыптарының орнына тазару рәсімдерін енгізді, шоқындыру және бірге дәмдес болу арқылы күнәларынан арылды. Қауым иүшелерінің пайымынша, Құдай тас ғимараттағылармен емес, Өзін жақсы көретіндермен жолдас болса керек.

Палестинадағы еврей халқының арасында фарисейлер алдыңғы шептен көрінді. Олар ессеилердің дүниетанымын өмірден өте алыс деп есептеді. Жаңа өсиетте фарисейлердің «мола табыттары» және даусы зор екіжүзділер деп атаған. Алайда бұл шектен шыққан пікірталас нәтижесі – І ғасырдағы даулардан туындаған еді. Фарисейлер яһудилік діни сенімнің ең сенімді қорғаушылары болды. Олар «бүкіл Израилға дінбасылар елі болу жазылған, Құдай ғибадатханада ғана емес, ең кедей адамның лашығында да болуы керек» деп санады. Олардың көзқарастары бойынша, фарисейлер өздерін ресми рухани каста ретінде танытты. Ерекше тазалық ережелерін ұстанды, ал ғұрыптарды тек үй ішіндегі қасиетті орындарда өткізді. Олар тамақты да рухани тазалықпен ішу керек деп есептеді. Өйткені әрбір еврей үшін дастархан ғибадатханадағы Яхвенің құрбандық шалу оны сияқты болды. Сонымен қатар фарисейлер «Құдайдың бар екенін күнделікті тұрмыстағы ең қарапайым ұсақ-түйектерден сезіну керек» деді. Ендігі жерде еврейлер дінбасылар мен күрделі рәсімдерсіз, яғни дәнекерсіз-ақ Құдайға жақындай алатын болды. Ал күнәларынан жақындарын сүю арқылы махаббат және ізгі істерімен тазара алады. Тәураттың маңызды мицвоты қайырымдылық болды. Сондай-ақ бірнеше еврей жиналып Тәуратты оқыса, Құдай көзге көрінбесе де, олармен бірге болады деп пайымдады. Жаңа ғасыр басында елде өзара бақталас екі мектеп қалыптасты: біріншісі – раввин Ұлы Шаммайдың қатаң ұстанымды ілімі (Бет-шаммай); екіншісі – раввин Ұы Гиллель құрған әйгілі фарисейлер тобының бағыты (Бет-Гиллель(. Көне бір аңызда бір пұтқа табынушы Гиллельге келіп: «егер ұстаз бір аяғымен тұрып, Тәураттың бүкіл мәнін түсіндіріп үлгерсе, иудаизмді қабылдайтынын» айтады. Гиллель оған мынадай жауап береді: «Өзің қаламағанды басқаға да істеме, Тәураттың бар мәні – осы. Енді бар да, оны оқы!». (жалғасы бар)

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 192 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: