20:34 Құдайтану баяны |
БІР ҚҰДАЙ Ежелгі қаһармандардың бірі – Аюб. Оны Бабылда азапталушы, төзімділік үлгісі деп құрметтейді. Қуғындалғаннан кейін иеговистердің біреуі осы астарлы әңгімені пайдаланып, Құдайдың болмысы мен Оның адамзат азаптарына жауаптылығы туралы салмақты сұрақтар қояды. Көне Аюбтың сенімін сынаған. Әулиенің төзгісіз азаптарды сарқылмас кішіпейілдікпен қабыладғаны үшін Құдай Аюбке сый-сыяпат көрсетеді және оған бұрынғы күш-қуатын қайтарады. Аңыздың жаңартылған нұсқасында Аюб Құдайдың әрекеттеріне ашуланады. Үш жанашыр жолдасымен әңгімесінде құдайлық ерікке күмән келтіреді де, қызу пікірталасқа еніп кетеді. Яһудилердің дін тарихында тұңғыш рет сенім жолындағылардың діни қиялы мейлінше абстрактілі пайымдарды керек етті. Пайғамбарлар «Құдай израилдықтарды жасаған күнәлары үшін бақытсыздыққа душар етті» деген түсінікте болды, бірақ, «Аюб Кітабында» айтылғандай, еврейлердің біразын бұл қарапайым пайымдама қанағаттандырмады. Аюб ескі көзқарастарды жоққа шығарды және олардың логикалық кереғарлығын әшкереледі. Алайда оның ашулы сөзіне Құдайдың Өзі араласады. Ол Аюбке көрініп, Өзі жаратқан әлемге қатысты көптеген кереметін байқатады. Аюб сынды, түкке тұрмайтын, жаратылыстың әлемді жаратқан Ұлылықпен дауласуға қалайша дәті барсын? Аюб бойсұнады, бірақ кітапта қасірет мәселелерінің бір-бірімен сабақтастырыла және философиялық түрде шешілуін талап еткен қазіргі оқырманды мұндай жауап қанағаттандырмайды. «Аюб Кітабының» авторы сұрақ қоюға құқымыз барын жоққа шығармайды. Ол тек бұл жайттың танылмайтын құдіретке қатысты екенін, бәріне бір ақылдың жеткіліксіз болатынын ишаралап ұғындырады. Ой машығы, пайғамбарлар тамашалаған көрініске, Құдайдан келген хабарларға ығысып, орын бергені абзал. Философияға бейімділік таныта қоймаған тұста, б.д.д. IV ғасырда еврейлер көне грек рационализмінің ықпалында қалып қояды. 332 жылы Александр Македонский парсы патшасы ІІІ Дарийді жеңеді де, гректер Азия мен Африканы жаулауға кіріседі. Олардың қала-мемлекеттері: Тир, Сидон, Газа, Филадельфия (Амман), Триполи тіпті Сихемде пайда болды. Палестина мен басқа да жерлерде еврейлер эллиндік мәдениет шеңберімен тұйықталады. Кейбіреулер бұған қынжылса, енді біреулер шетелдік театр, спорт, поэзия мен философияны қуана қабылдады. Олар грек тілін үйренді, балаларына грек есімдерін қойып, грек әскерінде жалдамалы жауынгер болып, соғысқа қатысты. Израилдықтар тіпті өздерінің киелі мәтіндерін көне грек тіліне аударды, нәтижесінде белгілі «Септуагинта» дүниеге келді. Осының арқасында кейбір эллиндер Израил Құдайымен танысады және Яхвені (олар Иао деп атаған) Зевс және Диониспен қатар құрметтейді. Гректер бұрынғы ғибадатханалардың орнына, қашқын еврейлер тұрғызған синагогалар мен мәжіліс үйлеріне де барған. Ол жерде киелі мәтіндер оқылған, ғибадат жасалған және уағыздар тыңдалған. Көне діни әлемде синагоганың бірегей орны болды. Ғұрыптар жасалмағандықтан, құрбандықтар шалынбағандықтан, еврей ғибадатханалары философиялық мектептерге ұқсады. Қалаға қандай да бір танымал уағызшы келетін болса, гректердің біразы өз ойшылдарын тыңдауға асыққанындай, синагогаға жеткенше, тағат таппайтын. Кейбіреулері тіптен Тәураттың жеке қағидаларын ұстанып, еврейлердің синкретикалық секталарына қосылып кететін. Б.д.д. IV ғасырда еврейлер мен гректердің Яхвені антикалық құдайлармен тең көрген жағдайлары да байқалды. Еврейлердің көпшілігі оқшау тіршілік кешті. Таяу Шығыстың эллиндік қалаларында гректермен қақтығысы жиіледі. Ежелгі дүниеде дін жеке бастың шаруасы болмаған еді. Құдайлар қала өмірі үшін зор мәнге ие. Егер халық құдайлардың культіне бойсұнбаса, олар өз кезегінде қорғаныш, қамқор болудан бас тартады деп есептелді. Құдайларды жоқ деп айтқан еврейлер «құдайсыздар» қатарына жатқызылып, қоғамның жауы ретінде саналды. Б.д.д ІІ ғасырда алауыздық күшейді. Селевк әулетінің патшасы Антиох Епифан Иерусалимді гректендіруге, ғибадатханада Зевс культін орнатуға әрекет жасалған кезде Палестинада бірден көтеріліс бұрқ етті. Еврейлер жаңа мәтіндер құрастыра бастады. Оларда «Даналық» ұғымы ерекше мазмұнда түсіндірілмеді. Бұл сөздің астарында, ең алдымен, Құдай алдындағы қорқыныш тұрды. Даналық туралы мәтіндер Таяу Шығыста әдебиеттің дәстүрлі жанрына айналды. Оларда адам болмысының мәні философиялық пайымдар арқылы ашылған жоқ, мейлінше дұрыс өмір салты баяндалды. Ондай мәтіндер өте прагматикалық сипатта болды. «Тәмсілдер» (б.д.д. ІІІ ғю) авторы одан әрі тереңдеп, «Даналық – Құдайдың әлемді жаратқан кездегі басты мақсаты, яғни алғашқы туындысы» деген болжамын айтты. 4-тарауда айтылатындай, ерте дәуір христиандары бұл идеяға айрықша мән берді. «Тәмсілдерде» Даналық кейіптендіріліп, дербес тұлға ретінде суреттелді: «Құдайым мені Өз жолының бастамасы етті, Өзінің жаратқандарынан бұрын, о бастан, Ғасырдан бұрын бақытқа бөленгенмін, о бастан, жердегі тіршіліктен бұрын... Сол кезде мен Оның жанында суретші (әйел) болдым, әр күннің қуанышы болдым, үнемі Оның жүзінің алдында шаттыққа кенелдім. Оның жер бетіндегі әлемінде шаттыққа кенеліп, қуанышымды адамзат баласымен бөлістім. (жалғасы бар) әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |