10:16 ҰБТ жолында |
ДҰРЫС ЖОСПАР Жоспары бар ақымақ жоспарсыз данышпанды жеңе алады. Уоррен Баффет Арман – Мақсат – Жоспар... Кез келген мақсат жоспарсыз орындалмайды. Жоспар – мақсаттың орындалу картасы. Мультимиллиардер Уоррен Баффеттің мынадай қанатты сөзі бар: «Жоспары бар ақымақ жоспарсыз данышпанды жеңе алады». Яғни, қанша жерден ақылды болсаң да, жоспарсыз жүрсең, істеген ісіңнен нәтиже шықпайды! Жылға, айға, аптаға мақсат қойдық делік. Енді осы мақсаттарға жету үшін нақты әрекеттерді орындау керек, соны жазайық. Мысалы, Ерасыл мақсат тақырыбында: «8 айда 140 балға жетемін», - деді. Ерасыл енді әр пәнге жоспар құру керек, тарих – 15, оқу сауаттылығы – 20, математикалық сауаттылық – 20, математика – 45, физика – 45 алу үшін қандай материалдарды аяқтау керек? Біз бір пәнге құрып көрсетейік. Физикадан 45/45 алу үшін: Бірінші қадам – мектеп оқулықтарының бәрін оқып шығу керек. «Физика. 7-сыныптан басталады, демек, 11-сыныпқа дейін 4 кітап бар. Әр айда бір оқулықты тәмамдап отыратын болсам, барлығын 4 айда бітіремін, ал 2 айда бір оқулық аяқтайтын болсам, 8 ай кетеді екен» деп ойлап және өзіңнің шамаңа қарай күндік, апталық, айлық нормалар қою керек. Екінші қадам. Есептер шығару. Физикада 36 тақырып болса, әр тақырып бойынша 100 есеп шығару керек десек, жалпы 3600 есеп. Оны 8 айға бөлсек, 400 есеп, оны 4 аптаға бөлсек, 100 есептен. Ал 7 күнге бөлсек, шамамен күніне 15 есеп шығару керек деген сөз. Нақтылық пен жүйелілік болуы шарт. Үшінші қадам. Тест нұсқасын жазу. 100 нұсқа шығарамын деп жоспар құрсаң, тура жоғарыдағыдай есептейтін болсақ, бір аптада шамамен 3 нұсқа, демек, 2 күнде 1 нұсқа шешіп отыру керек болады. Былай қарап тұрсаң, қиын емес. Егер бағытыңыз гуманитарлық болса, онда тіптен оңай. Осылай әр пәнге бөлек-бөлек міндеттер мен жоспар құрып алсаң, жеңіл әрі жүйелі болады, «бүгін не істеймін?» деген проблема болмайды, стресске түспейсің. Әйтпесе, адам «Бір бұйырғаны болады» деп жүре береді, оны өзің де білесің! Жалпы жоспардың құрылымы түсінікті деп ойлаймыз. Сенің әр күнге не істейтініңді белгілеп қойды деген үміттеміз. Енді күндік норманы қалай қалдырмай, уақытылы істеуге болады деген нәрсеге тоқталайық. Көп оқушылардың проблемасы қалауларына ерік беріп, күндік жоспар орындалмай қалып жатады. Мысалы, tik-tok-қа, Instagram-ға «бір рет қана кіремін» дейді де, шыға алмай қалады. «Достарыммен аздап қыдырамын» дейді де, кешке ештеңеге үлгермей қалады немесе кино көріп, Youtube қарап отырып, уақыттың қалай өткенін білмей қалады. Айта берсең, әр оқушының басында күндік жсопарын орындатпайтындай өзіне жетерлік проблемалары бар. Бұл нәрседен қалай құтыламыз кейбір балалар уақытының босқа кеткеніне ашуланып, кейде әлеуметтік желілердегі аккаунттарын өшіріп тастайды, бірақ бір аптадан кейін қайта кіріп отырады. Қайтсін енді, қасындағылардың бәрі соларда отырса, қалай шыдасын? Онсыз өмір сүре алмайтын дәрежеге жеттік қой. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |