10:31 ҰБТ жолында |
МАҚСАТ Орындалу уақыты Әр мақсатқа өзінің уақытын тағайындап, мақсатты сол кезде орындауға тырыс. Мерзімі жоқ мақсат сол бетінше кейінге қала береді. Енді осы жүйені ҰБТ дайындығына енгізейік. Мысалы, Ерасыл ҰБТ-ға дайындықты бастамақшы. Бірінші қадам. Ерасыл өз деңгейін анықтау керек. Ол үшін соңғы жылы шыққан, ішінде өзіне керекті барлық пәні бар нұсқа керек. Оны базарлардан немесе алдыңғы жылғы түлектерден табуға болады. Тіпті таппай жатсаң, тест орталығының сайтына тіркелсең, сол жерде ақылы нұсқалар бар, бағасы да қолжетімді. Нұсқаны алғаннан кейін, тыныш бір жерде тура ҰБТ-да отырғандай сезініп, ешқандай шпаргалканың, есептегіш құралдың көмегінсіз 4 сағаттан асырмай жазып шық, өз-өзіңді алдама, өтірік белгілеуге тырыспа. Деңгейіңді анықта. Төмен болып шықса, қорықпа. Дайындықты енді бастап жатсыңғой, қалыпты жағдай. Мысалы, 140-тан 40 ұпай алдың делік. Арнайы қағазға немесе стикерге жазып, сабақ оқитын жеріңе іліп қой. Екінші қадам. Деңгейіңді анықтағаннан кейін, жеткің келетін мақсатты белгіле. Бұл әр оқушыда таңдаған мамандығына байланысты әртүрлі болады. Мысалы, медицина мамандықтары үшін өте жоғары балл керек, яғни 140 алуға тырысу керек. Ал математика-физика бағытын таңдағандардың мамандықтарында 70-80 алып та грантқа түсуге болады. Үшінші қадам. Енді осы мақсатқа жетуге қажетті материалдар тізімін дайында. Мысалы, тарих пәнінен 6-11 сынып оқулықтарының барлығын оқып алу. Математикалық сауаттылықтан 100 нұсқа жазып, оған керекті материалдарды жинау керек немесе осылардың бәрін өздері беретін курсты таңдап, оған жазылу. Ескеру керек жағдай – өте көп тапсырма қойып алмау керек, тапсырмалар саны мен қиындығы шамаң жететіндей ғана болуы шарт. Төртінші қадам. Қойған мақсатыңа және оқып жатқан сабағыңа мағына бер. Сонда ғана әр оқыған сабағыңды, әр шығарған есебіңді үлкен ықыласпен, ынтамен істейсің! Мағына бермесең, тез жалығып кетесің, шаршау пайда болады, жалқаулық басады. Көбіміз ауылда өстік, ауылда тұратындар біледі, ауылдың жұмысы бітпейді ғой, шіркін. 11-сыныпта оқитындар да сол жұмыстан босаған емес. Көбі егін шаруашылығымен шұғылданатындықтан, күз мезгілі – астықтың пісетін уақыты, нағыз қарбалас осы кезде басталады. Ал 11-сынып оқушыларына ҰБТ-ға дайындалу керек. Кейде егістітен кешкі сағат 9-10-дарда келеді. Жұмыстан шаршайды, бірақ қанша шаршап трса да, кеш болса да, тамағын ішіп, жуынып-шайынып алғаннан кейін, сағат 00:00 болса да, сабақ оқуға отырады. Оларға осыншама күш берген не деп ойлайсыңдар? Ол – олар оқып жатқан сабақтарда бір мағынаның бар болуы. Яғни, ол раманның орындалуы үшін, осы бір бітпейтін, өзіне ұнамайтын жұмыстан құтылу үшін оқиды. Егер ол қиналмаса, дайындалмаса, ҰБТ-дан жоғары балл алып, грантқа түспесе, ауылда қалып, сол бітпейтін тірлікті істейтінін білді. Арманы жай ғана қиялға айналатынын білді. Осы нәрсені ойлаған сайын, бойына еріксіз күш бітіп, сергіп қала беретін. Бесінші қадам. Қойған мақсатына қанша уақытта жететініңді белгілеу. Уақытты белгілеу кезінде, алдымен сенің қазіргі деңгейің мен қойған мақсатыңды қатар қойып көру қажет. Мысалға алғашқы алған балың 40, ал қойған мақсатың 140 болса, онда оған 4 айда жетемін деу – өтірік әңгіме. Қойған мақсатың шындыққа жанасымды болу керек. Сол үшін айына шамамен 10-15 балл қосып отырсаң, өте керемет болады. Кейбір потенциалы өте жоғары оқушылар 30-40 балл қоса алады. Ал сенің қабылдауың баяу болса, 5-10 балл десең де болады. Енді әр айға қалай есептеу керек екенін көрсетейік. Ерасыл 140 алғысы келеді, алғашқы ұпайы 40 болды делік. 140-40=100. Міне, осылай азайтамыз. Енді оны мақсатына жеткісі келетін айға (уақытқа) бөлеміз. Ерасыл 8 айда жеткісі келеді, ол үшін 100/8=12,5. Демек, әр ай сайын 12,5 балл қосып отыру керек. Мынадай кесте құрамыз: бізге нақты сандар керек, сол үшін 12,5=13 деп алайық. Осы арқылы келесі айда жету керек мақсатты белгілейміз: 40+13=53 дегендей. Егер апта сайын тест тапсыра алатын болсаң, қосуың керек болған 13 ұпайды әр аптаға бөлсең де болады. Сол кезде мақсатың одан да нақтылана түседі. Сонда әр апта 4 ұпайдан қосып отыру керек екенсің. Осы қойған мақсатыңды плакатқа жазып, сабақ оқитын орныңа іліп қоясың. Үлгі: «Қазан айына дейін 53 ұпайға жетемін» деп жазып қойсаң, әр көрген сайын, мақсатың еске түсіп, әрекетке көшетін боласың. А-а-а, айтпақшы, осы айтқанымызды сол сәтінде істеп отырсың ғой, иә? Әлде «бұны білемін ғой» деп отырсың ба№ олай болса, осы жерден тоқтат та, кітапты жауып, өз білгеніңді істе! Егер кітапты оқып әрекет жасамасаң, өміріңде қолданбасаң, 1000 кітап оқысаң да, дым пайдасы жоқ. Әйтпесе, кітап көп, бағасы да қатты қымбат емес, соны жұрт оқымай жүр дейсің бе? Оқып жатыр, бірақ өмірде қолданбағаннан кейін, жай ғана ақпарат жинап жүрген диск сияқты. Егер оқып, оқығаның бойынша әрекет етпейтін болсаң, онда талабы бар басқа біреуге бер, сол адам оқып, амал етсін. Өзің әрі қарай жүре бер «мен бәрін білемін» деп. Қатты айтып жіберсек, кешір! Бірақ, шындық – ОСЫ. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |