10:57
ҰБТ жолында

МАМАНДЫҚ ТАҢДАУ

ШЕШІМ

Кез келген проблеманың шешімі бар

Сен жұмысқа өміріңнің көп бөлігін жұмсайсың, жүрегің тыныш болу үшін, жасаған жұмысыңның керемет екеніне сену керек. Ал жұмысты керемет жасаудың жалғыз жолы – сүйікті ісіңмен айналысу. Әлі сүйікті ісіңді таппаған болсаң, іздеуді жалғастыр, тоқтама!

Стив Джобс

Проблеманың шешімін мына аңыз-әңгімемен түсіндіруді жөн көрдім.

Баяғыда бір алып қыран бүркіттің бір жұмыртқасы байқаусызда тауықтың жұмыртқасының арасына келіп түседі. Ақкөңіл тауық оны өзінің жұмыртқаларымен бірге жылытып, балапан шығаруға күн сайын отырады. Бір күні балапандап жұмыртқаны жарып шығады, арасында бүркіттің балапаны да бар еді. Бүркіттің балапаны жарып шыққаннан кейін, алғаш көзін аша сала көргені тауық болғандықтан, мамасын тауық деп ойлап жүреді. Күндер жылжып өтіп жатады, балапандар өсіп, бүркіттің де қанаттары ерекшелене бастайды. Ол аспандағы ұшқан құстарды көреді және бойында бүркіттің қаны болғандықтан ұшқысы келеді. Сөйтіп бір күні тауық анасынан сұрайды: «Мама, осы біз аспанға қалықтап ұшпаймыз ба?» Тауық мамасы оған мейіріммен: «Балам, біз тауықпыз ғой, тауықтар жерде тіршілік етеді, сондықтан ұшпаймыз», - деп жауап береді. Бүркіт түсінгендей болады, арада тағы да жылдар өтеді. Бүркіттің балапаны өсіп, он төрт-он бестегі жас жігіттер сияқты қанаттары ұзарып, тырнақтары ірі болып өсіп шығады. Күнде аспанға қарап ұшқысы келеді, қиялға беріледі, ұшайын десе, қасындағылардың ешқайсысы ұшпайтындықтан, ұшуға жүрексінеді. Сосын тағы да тауық мамасынан сұрайды, мамасының жауабы сол бұрынғыдай болып шығады. Арада тағы да біраз уақыт өтіп, бүркіт 25 жасар жас жігіттей қанаттарын созғанда екі метрге жететін. Тырнақтары бір нәрсе ілсе, сындырып жіберетіндей алып бүркітке айналады. Тағы да, ішінде тулаған энергиясы сыймай, тауық мамасынан: «Мама, біз сонда ешқашан ұшпаймыз ба? Ұшып көрейікші», - деп ашулана сұрайды. Қайта-қайта сұрай берген соң, тауық мамасы да ашуланып: «Иә, біз ешқашан ұшпаймыз, тамағымыз жерде, үйіміз жерде, өмірге осылай тауық болып келдік пе, тура осылай тауық болып өмірден өтеміз! Енді бұл сұрақты қайталап қойма», - деп ұрсып тастайды. Сөйтіп, байғұс бүркіттің балапаны өмірден солай тауық болып өтіп кетіпті.

Бұдан қандай ой түйдің? Әрине, бұл мысалдан көп үлгі алуға болады. Осы мысал арқылы айтқымыз келгені – Құдай бізді өмірге жіберерде, бір бейшара, қолынан түк келмейтін, кедей, бақытсыз болсын демейді. Керісінше, бізді бай, бақытты, ешкімге мұқтаж болмай, абыройлы өмір сүрсін деп жібереді. Сол үшін де бізге бірнеше қабілет, қызығушылықтар берген, біздің міндетіміз – сол ерекшеліктерді тауып, жетілдіру және соған сәйкес, сала мен мамандықты табу. Егер сол қабілеттерімізді таба алсақ, аспанға қалықтап самғай аламыз, егер таба алмасақ, мысалдағы бүркіт сияқты қанша жерден мықты болсақ та, өмірден «тауық» болып өтіп кетеміз. Негізінде, әрбір ата-ананың баланы өмірге әкелгеннен кейінгі негізгі міндеті – баласына бойындағы қабілеттері мен қызығушылықтарын анықтауына және оны жетілдіруіне көмектесу. Бірақ өкінішке орай, көп ата-ана мұны түсіне бермейді, «балам жұрттан қалмаса, киімі бүтін, қарны тоқ болса болды» деп ойлайды. Адамның өмірге келудегі негізгі мақсаты – бақытты болу, ал бақытты болу үшін адам өзін-өзі дұрыс танып, сүйікті ісімен айналысуы керек. Егер адам өзін танымаса, қабілет, қызығушылығына сай сүйікті ісімен айналыспаса, әрқашан бір нәрсе жетпей тұрған сияқты сезімде жүреді. Қабілет пен қызығушылық біз ес білгеннен бастап белгілі болады. Егер ата-ана баласының қызығушылығына мән беріп, оны басып тастамай, жетілуіне көмектесетін болса, бала есейген кезінде, мамандық таңдаудан қиналмайды. Егер сен өзіңнің қабілет, қызығушылығыңды білмесең, сенікін басып тастаған немесе дұрыс бағыт-бағдар бермеген. Ондай жағдайда, сен өз-өзіңді зерттеп, іздеп көру керексің. Оған біраз уақыт кетуі мүмкін. Егер өзің таба алмай жатсаң, арнайы мамандардың көмегіне жүгінген жөн. Ондай мамандарды «профориентолог» деп атайды. Олардың қызметі ақылы және бағалары да әртүрлі. Қазір елімізде профориентологтар көп, бірақ көбісі, өкінішке орай, сенің қабілетіңді анықтап беруге емес, дайын мамандықтар тізімін таныстырғаннан аса алмай отыр.

Профориентологиялық қызмет төмендегідей 3 сатыдан тұрады:

Бірінші. Сабақ, жаттығу, арнайы тесттер арқылы сенің қабілет, қызығушылығыңды анықтайды. Егер сенде ауыр психологиялық жағдай болса, анықтау қиын болады, ол кезде бірінші психологқа көріну керек.

Екінші. Сенің қабілетіңді, қызығушылығыңды анықтағаннан кейін, соған сәйкес мамандықтар топтамасын ұсынады. Сенің қабілетіңізге 30-ға жуық мамандық сәйкес келуі мүмкін. Соның ішінен жойылып бара жатқан мамандықтарды алып тастап, сұранысқа ие деген жаңадан пайда болып жатқан мамандықтарды қосып, саған бірнешеуін ұсынады. Сонымен қатар, ол мамандықтарға бөлінетін грант санын, түсу мүмкіндігін және жобаларды ұсынады.

Үшінші. Таңдаған мамандығыңа сәйкес, жақсы оқытатын жоғарғы оқу орнын ұсынады.

Бірақ, ұмытпауыңыз керек ең маңызды жайт...

ҚЫЗМЕТІН ЖАҚСЫ КӨРЕТІН ҰСТАЗДАР ҒАНА

ОЗАТ ЖӘНЕ ЖЕТІСТІККЕ ҚҰШТАР ШӘКІРТТЕР ТӘРБИЕЛЕЙ АЛАДЫ

ҚЫЗМЕТІН ЖАҚСЫ КӨРЕТІН ДӘРІГЕРЛЕР ҒАНА

НАУҚАСТАРҒА ЕРЕКШЕ КӨҢІЛ БӨЛІП, ОЛАР СЫРТҚАТТАРЫНАН АЙЫҚҚАН КЕЗДЕ, ШЫНАЙЫ ҚУАНАДЫ

ЖҰМЫСЫН ЖАҚСЫ КӨРМЕЙТІН ҚҰРЫЛЫСШЫ

ЗӘУЛІМ ҒИМАРАТТАР ТҰРҒЫЗА АЛМАЙДЫ

Өз ісінің нағыз маманы атану екінің бірінің еншісіне бұйырмаған. Ол үшін ең алдымен мамандығына деген махаббат керек. Мамандыққа деген махаббат пен карьерист болу – екеуі екі бөлек нәрсе. Қысқасы, мамандығың сенің сүйікті ісіңе айналуы қажет. Бұл жағдайда адам жұмысқа ерекше құлшыныспен кірісіп, жұмысынан ләззат алады.

Білім алуға бөлген уақытың мен күш-жігерің және таңдаған мамандығыңның үйлесімін табу – бақытты өмір шыңын бағындырудың бірден-бір жолы болмақ. Сенің мамандығыңды қателеспей таңдауыңа шын жүректен тілестеспіз!

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 10 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: